Айзат Қадыралиева, театр сыншысы: Өнер үшін дейтіні – тек жалаң ұран

Театрды «тірі өнер» деп бағалайтынымыз рас. Кейде осы тірі өнердің өнімі – спек­такльді саралап, талдап, оған қатысты түрлі пайымдар айтып талқыға салмайтынымыз да бар. Театр сыншысы – сахна өнерінің жанашыры.

Осы маманның театр әлеміндегі толы құпияларды қабылдауда көрермен көзін ашып, оған өзінше бір көзқарас қалыптастырудағы рөлі зор. Кез келген театр ұжымы көрерменге ұсынылатын қойылымдарды сыншы елегінен өткізіп барып қойса, мәреге жеткені. Көрермен түсіне бермейтін театрдағы кей маңызды мәселелер тақырыбында Айзат Қадыралиевамен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында театр сыншысы қазіргі қазақ театрларының ішіндегі алаңдарлық мәселе жайында сөз қозғап, сыни пікірін білдірді. 

Әдебиет бөлімін кездейсоқ адамдар басқарады

– Айзат, бүгінгі театр өнерінің проб­лемалары туралы сөз қозғайықшы. Қазір драматургтердің пьесаларын әр театр өздері қабылдап алып жатыр. Сахнаға шыққан сол спектакльдердің арасында жақсыдан гөрі шикісі де, шала піскені де көп. Қойылымды қабылдар алдында сыншыларды шақыра ма?

– Қойылымды қабылдар алдында сын­шыларды шақырған болса, сіз ай­тып отырған шала дүниелер азаяр еді. Оның үстіне, «сдачаны» премьераға бір күн қалғанда ғана қояды. Ертеңінде премьерасы болатын қойылымға не айтасыз, айтқан күнде де бір түннің ішінде не істей қойсын? Қойылымның сапасына алаңдайтын есті адам афи­шасын жасауға, жариялауға асықпайды. Ең алдымен, бейтарап сыншылардың сараптауына түсіріп, талқылаудан өт­кізіп, кемшін тұстары жөнделіп, содан кейін барып ол жарап жатса жарнама­лайды. Кейбірі, тіпті «сдачасын» жаса­май, премьераларын беріп жат­қанын да ес­тіп, біліп жатырмыз. Сосын біз де көр­кемдігі төмен сол спектакльдер «сах­­на­ға қалай шығып кеткен?» деп дел-сал күй кешіп жүреміз. 

– Бұл ретте театрлардың ішіндегі Көр­кемдік кеңес қайда қарап отыр?

– Көркемдік кеңес бар деген жай сылтау ма деп ойлаймын. Кеңес театр директорының бұйрығымен бекітіледі. Егер оның мүшелерінің не өзі, не сөзі ұнамаса директор ол Кеңесті таратып, жаңадан басқа құрам құра салады, ол сөз болып па? Сондықтан құқығы еш­қандай қорғалмаған, барлық жағынан директорға бағынышты Көркемдік кеңестің мүшелері жаңа қойылымның кемшілігін көрсетіп, өз басшыларына, әріптестеріне қарсы шығып, шынайы пікір айтады дегенге сену қиын. Айтса да тыңдамайды. 

– Қойылым сапасына әдебиет бөлімін басқаратын қызметкердің қатысы бар емес пе?

– Әрине, қатысы болуы керек. Әде­биет бөлімінің меңгерушісі – көркемдік жетекшіден кейінгі үлкен тұлға. Ол – барлығының, әсіресе режиссердің оң қолы. Үстел басындағы талқылауда не­­гізгі рөл атқаруға тиіс. Өкінішке қа­рай, әдебиет бөлімін кездейсоқ адамдар басқарады. Кейбір театрда дұрыстап сөйлем құра алмайтын адамдардың әдебиет бөлімін басқарып отырғанына ашуың келеді. Олар сол орынға өздері сұранып келді дейсіз бе, біреулер қойды ғой. Меніңше, дирек­торлар сауатты адамнан гөрі, қолбаласы болып алдын­да құлдыраңдап жүгіріп жүргендерін қалайды. Қолбалалықтан аса алмаған әдебиет бөлімінің меңгеру­шісі келген пьесалардың барлығын оқи ма, қай жанр болмасын соның тех­ника­сын түсіндіріп бере ме, драматургтің құқын қорғай ала ма, сөзі өте ме? Әй, қайдам! Жалпы, бұл жауапты орынға бірнеше сынақтан сүрінбей өткен адам­ды ғана отырғызу керек деп ойлаймын. Тағы да айтамын, репертуар қалыптас­тыруда, драматургтермен байланысты орнық­тыру­да әдебиет бөлімінің рөлі зор. Бір уақытта М.Әуезовтің, Ә.Әбішевтің, С.Жүнісовтің, А.Сүлейменовтің, И.Ораз­баевтың театрда әдебиет бөлімін басқар­ғанын ұмытпайық. Ал дос, жолдас, туыс­қан, жерлестік өнерге жүрмейді.

– Қазір орта, жас драматургтердің шы­ғармалары қойылып жатыр. Олар өздерінің драмасының сапасына мән бере ме?

– Мен білетін қазіргі авторлардың еш­теңемен ісі жоқ секілді. Бар арманы – режиссердің көңілін тауып, өз дү­ние­сін сахнаға шығару. Одан қалса, көзге сәл түссе болды, «бір романды аяқтадым, екі әңгіме жаздым, үш пьесам сахнаға шық­ты» деп айғайлап айтып жатады. Ал оның ол пьесасы сахнаға қалай шығады, қандай деңгейде болады, онымен шаруа­сы жоқ. Мысалы, кешегі М.Әуезов, Ғ.Мү­сі­репов, Т.Ахтанов, О.Бөкейлер өзі­нің драмаларын сахнаға қойғанда театрға барып, репе­тицияға қатысып, бағыт-бағдар беріп отыр­ған екен. Шығармасы сахнаға шық­қанша тап сол театрдың ресми қызметкері құсап актерлердің ара­сында жүретіндерін талай естідік. Әлі күн­ге дейін Дулат (Иса­беков) ағамыз орын­ды-орынсыз қысқар­туларға, өз жан­дарынан сөз қосатындарға айтып-айтып тастайды. Ал қазіргі драма­тургтер жазған пьесасын сахнадан бір-ақ көреді. Қайсы­біреулері өз шығармаларын танымай да қалып жатқан шығар, кім білсін?! Бірақ үндемейді. Ең бастысы, сахнаға шықса, афишада аты-жөні тұрса болды. Соған мәз. Бұл нені білдіреді? Режиссер мен драматург арасындағы бай­ланыстың жоқтығын, бірлікте емес екенін білдіреді. 

Жан қиналмаған жерде тәуір рөл шықпайды

– Театрдың негізі драма десек те, бүкіл ауыр жүгін көтеретін актерлер тобы бар. Олардың беталысы қандай?

– Облыстық театрлардың хал-жайы бөлек әңгіме. Өйткені олардың жалпы ахуалы мәз емес, актерлік ойнау мәне­рінің кәсібилік деңгейі төмен екенін ашып айту керек. Жалпы, Алматы, Ас­та­на, қай театрды алсақ та, өнер жүгін өрге сүйреген С.Майқанова, Ш.Айманов, Х.Бө­кеева, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, Ф.Шәріповалардан мұралыққа қалған актерлік дәстүрді абыроймен дамытып жүр деп айта алмай­мын. Талантын ұштай алмай сахнада сүрініп-қабынып жүргендері жетерлік. Жер бауырлап жатқан бейне көп. Ак­терлік жетістіктерінің тапшы болу себеп­терінің бірі – оқымайды, оқығысы кел­мейді. Өзі ойнап жүрген рөлінің әңгімесін оқымау, тек режиссердің жазып-сызып берген сахналық нұсқасымен қалу деген не деген сұмдық. Тұтас әңгімені, повесті, пьесаны оқымаған актерлерден қандай шоқтығы биік, бедерлі бейнені күтесіз, айтыңызшы? Ізденгілері де, жанын қинағылары да келмейді. Жан қиналмаған жерде тәуір рөлдің шықпайтыны анық. Тағы бір себебі, кеше ғана келген жас сахнагерлерді біртіндеп кірістірудің орнына аяқ астынан қолақпандай рөлмен жарылқай салушылық көбейіп барады. Ал қиналыссыз, еңбексіз тез жеткен рөл­дің қадірі болмайды. Сол көркем бей­нелерді бір кездері Қалибек, Қапан, Шолпан, Фаридалар сомдады ғой деген ой үш ұйықтаса түстеріне кіріп шықпай­ды. Әшірбек Сығайша айтар болсақ, аяқтарымен таптап-таптап, былғап-был­ғап тастап жатыр.

– Актерлерде сөздің мағынасын түсініп, астарына үңілу жағы да кемшін соғып жататын сияқты.

– Сахна өнерінің ең басты құралы – «сөз» екенін жиі естен шығарады. Қазіргі актерлердің ойынына қарным ашатыны, жаттап алған сөзді сылдыратып айтып қана шығады. Сөз керек болса, пьесаны өзім оқып аламын. Маған керегі – сөз бен әрекеттің табысқаны. Тыныс белгілердің, екпіннің, кідірістердің орнымен пайда­лан­ғаны. Көбісі сөзді тек сырттай әше­кейлеп, кейіпкерлерінің жанын тайыз­датып жүр. Дауыс байлығы аз. Ашық үн жоқ. Тілі таза емес, Сөздері түсініксіз. Кейіп­кердің тілдік мінездемесімен дұрыс беру былай тұрсын, дауысты, дауыссыз дыбыстардың қалай айтылатынын біле бермейді. Олардың сахнада қалай болса солай сөйлеп жүргендеріне қарап, оқып жүргенде сахна тілі сабағы, тіл дамыту жұ­мыс­тары мүлдем жүргізілмеген бе де­ген еріксіз ойда қаласың.

– Дарынсыз актерлерді театр неге ұс­тап отыр? Қанша жерден жақсы шығар­ма, керемет шешім табылса да, ойын нашар болса, бәрі жоққа шықпай ма?

– Дұрыс айтасыз. Не десек те, санда бар, сапада жоғы жақсылықтың нышаны емес. Актерлерді азайту тиімсіз болса да, театр труппасын санына қарап емес, сапасына қарай жасақтау бүгінгі күннің талабына айналу керек. Мен сізге айта­йын, сапаның төмендігі ол санадағы саяз­дық­тың салдары, рухани мешеуліктің бір көрінісі деп ащы да болса шындықты айтқан жөн болар.

Көркемдік жетекшінің жауапкершілігі басым

– Бұрын «қалғыма, қазақ театры» дейтін едік. Қазір ондай емес секілді. Пре­мьералар жиі болып жатыр. Десек те, бірі көңілден шықса, бірі сын көтермей жатады. Қаржысы бар, қаламақысы жеткілікті кезеңде дұрыс қойылым қоя алмаудың кемшілігі неде? Бұған кім жауапты?

– Әрине, қойылымның көркемдік деңгейіне жауапты – режиссер. Бірақ бар кінәні солардың мойнына іліп қойға­нымыз жөн бе? Сол режиссерлерді ар­найы шақыртып, қойылым қойдыртып отырған театр басшысы, әсіресе көркем­дік жетекшісі неге жауапты болмау керек. «Егер бір ерсіліктер, орасан қателіктер кетіп қалса, оған кім жауап береді?» деген сұрақтың туатыны заңды ғой. Осы тұста айта кететін бір жайт бар: әр театрдың көркемдік жетекшісі актер­лерінің таным қабілетінің қан­дай деңгейде екенін жақсы білуге және соған қарай әрекет етуге тиіс. Егер талан­ты мұзжарғыш әрі еңбекқор актерлері болса, әрине келген режиссер, маған десе, бес күнде қойсын да кете берсін. Бі­рақ барлық актерлерді шетінен ізде­німпаз деп айта алмайсың ғой. Мысалы, қолға алған шығармасын режиссер сызып-түртіп тап-тұйнақтай дайындалып келсе мейлі дейсің, ал кейбіреулері келгеннен кейін барып қай жанрда қоятынын ойлана бастайды. Ол музыка таңдап, шешім іздеп жүргенінде, жиырма күннің он күні өтіп кетеді. Қалған он күнде олардың ой-өрісін өсіріп, рухани ірі тұлғаға айналдырып үлгере ме? Сон­дықтан қазақ режис­сер­леріне актерлердің шығарма­шылық мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істеуге едәуір уақыт беру керек деп ойлаймын. Кісі зердесінде сіңіп қалған кейіпкерлерді шығаруға, шығарманың ой-мазмұнын ашуға уақыт бөлмей, қашанғы көруші зерікпесін деп қызылды-жасыл нәрселер­мен алдарқата бермек. Сахна иелерінің ішкі-сыртқы мүмкіндігі түгел ашылмаған жерде, спектакльдің көр­кемдік жағынан байи түседі дегенге өз басым сенбеймін. Сол себепті гоно­­рарына бірнеше миллион береді екенсің, енді сол спектакльдің сәтті шығуына да атсалыс дегім келеді. «Жоқ, маған бәрібір. Ары кетсе екі-үш рет ойнатып түсіріп тастаймын, ең бастысы жылдық жос­парым орындалса, болды» десе, тағы да өздері білер. Онсыз да солай болып жатыр ғой. Көп қойы­лымдар­дың ғұмыры қысқа. Осы біркүндік спектакльдерге қарап іштің ашитыны, мемлекеттің ақшасы босқа кетсе, ди­ректор оған да ешқандай жауап бермейді. «Бұл қалай болды, былтыр қойылған спек­такль биыл неге жоқ?» деп одан еш­кім ештеңе сұрамайды. Мұның өнерге қаншалықты зиянды екенін ешкім түсініп жүрген жоқ. 

– Атүсті жасалған жұмыстың жемісі де нәрсіз келері түсінікті ғой.

– Әрине, асығыс-үсігіс қойылған спектакльдің жүйесі жалған-жасанды­лыққа, актерлік ойындардың сенімсіз, сөлсіз шығуына әкеліп соғып жатыр. Әсіресе, ол фестивальдерде ап-анық көрі­ніп тұрады. Шындықты айтсаң, ренжиді. Өздерінен сұрасаң, асығыс қойылды дейді. Ал асықпай қоюына, салмақты образдардың шығуына кім кедергі болды? Түсінбейсің, бәрі бір-бірінен көреді. Әйтеуір, кейіпкерлердің сөзін жөнді білместен, жарытып репе­тиция жасамас­тан не жақсы, не жаман деуге келмейтін спектакльдер көрер­меннің алдына шы­ғып жатыр. 

– Қазіргі жас режиссерлер бір театрдан бір театрға барып спектакль қойып жатады, ол бірсарындылыққа ұрындырмай ма?

– Жанды жеріме тидіңіз. Иә, қазіргі режиссерлер премьерасы ойналған күннің ертесінде жолға шығып, басқа шығармаға кірісіп жатады. Адам деген терін сүртіп, ентігін басып, келесі дүниеге асықпай-аптықпай кірісу үшін араға үзіліс керек шығар деп ойлаймын. Құдай-ау, қанша жерден мықты болса да, күш азаймай ма, ой сарқылмай ма, ешкім робот емес қой. Әл-қуаты қалыпқа ке­луіне, ой жинақтауына, жаңа идеялардың тууына әрі-беріден соң келесі алатын шығарманы қайта ой елегінен өткізуге уақыт керек емес пе? Үзіліс деген сол. Анда-мұнда жүгірістің кесірінен бір-біріне ұқсайтын қойылымдар қаптап кетті. Түптің түбінде бұл жан қинамай ақша табудың арзан жолына апарып ұрын­дыра ма деп қорқамын. Заман тала­бы осы деп ақылды ақшаның алдында тізе бүктірдік.

Сын қабылдау мәдениетіміз әлі де кенже

– Әңгімеңді тыңдап отырсақ, жаңа қойылымдарды қабылдаудың талабын барынша күшейтпейінше бәрі бекер дегің келетін секілді.

– Дерттің ең үлкені де осында жатыр. Театр басшыларына – театр репертуарына жаңа спектакльді қабылдау үшін қатаң талап, ашық бәсекелестік жолымен жүзе­ге асырылуы қажет деп айтқым келеді. «Драматургияға, спектакльге қойылатын талаптарға жауап бере ме?» деген мәселе­лер төңірегінде бейтарап мамандар тарапынан сараптау жүргізіп, жетістігі аталып, кемшілігі сыналып, талданып, талқыланып отыру керек. Ашық пікір алысудан, ой қосудан қорқатын басшы­лар­дың, сын естуден қашатын режиссер, актерлердің ұлт руханиятына алаңдайды дегенге күмәнім бар. Өнер үшін дейтіні – тек жалаң ұран.

– Бүгінгі театрда еркіндік бар ма? Жал­пы, театрдағы еркіндік туралы ұғымды қалай қабылдайсың?

– Еркіндік деген осы шығар. Әрбір театрдың көркемдік кеңесі өздері таңдап, өздері шақырып, өздері қабылдап жатыр. Олар шығармашылық еркіндік дегенді өзім білемін, білгенді істеймін деп тү­сінетін секілді. Бұның театр өнерінің гүлденуіне кедергісі тиіп-ақ жатыр.

– Мұның барлығы сынды қабылдай алмай жатқандығының кесірі емес пе?

– Мүмкін. Сын қабылдау мәде­ние­тіміз әлі де кенже. Мақтаса екен деп тұ­рады. Бәрі жақсы, бәрі бес деп кеткеннен өнер өспейді ғой. Талқылау болмаған жерде даму да жоқ. Сосын сынаған сайын «сын жоқ» деп жүрген­дер де көп. Әйтпесе, сын қалай жоқ. Ал­дымыздағы аға-апай­ларымыз қан­шама кітап шығарып, қан­шама мақала жазып жүр. Барлығымыздың айтып жүр­геніміз – театрдың қамы. Бір қызы­ғы, бар­лығы «сын керек» дейді де, бірақ сыншы­лар айтқан пікірлермен жұмыс істей бермейді. Жалпы, театр сыны туралы түсініктерінің өзі қарын ашты­рады. «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деген осы шығар. Сөз бен істің формализмі мен көзбояушылық­тарына қарап, біз осы «жауапкершілік» деген сөзді жете түсіне бермейтін сияқ­тымыз. Әрқайсысы бір-бір жауапты орынға оты­рып алғандар, соған лайықты іс тын­дырып жатқан­дары шамалы. Ал жауап­кершілік ұғымының астарында болашақ алдында арыңмен де, барың­мен де жауап беру­шілік деген ой жатыр. Бұл ұғым белгілі бір уақытқа қарақан бастың қамы үшін уақытша қалт-құлт етіп қызмет ету емес, кері­сінше қай уақытта да және қандай қиын жағдайда да ақиқаттың жолын қорғау мен қол­дау­дан таймау – азаматтықтан тайынбау деген сөз. «Болашақ тезінен құтылу ешкімнің де маңдайына жазылмаған» деп бекер айтпаған. «Бармақ басты, көз қысты­лардың» сазайын уақыт өзі-ақ тартыра­ды. Қысқасы, жауапкершілік жүгін адал арқалау дегеніміздің өзі айналып келгенде абыройыңды сақтай­тын ауыр жүк – шындықтың жүгін бар адамшы­лық болмысыңмен көтерісу, әдебиет, театр, кино өнерінің мұрат­тарын жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білу, талап-міндеттеріне сай әрекет ету, ешкімге кесіріңді тигізбеу керек­тігін ескеру керек. Яғни, шындықтың жең­бей қоймайтынын естен шығар­ма­са екен деген тілек бар.

– Жекелеген тұлғалар туралы пьеса жазылып, театр сахнасында қойылып жатыр. Белгілі тұлғалар туралы спек­такльдерді жиі тамашалайсың ба?

– Әрине. Барлық жанрдағы пре­мьераларды көріп қалуға тырысасың ғой. Кеңес заманында жазықсыз «ха­лық жауы» атанған тұлғаларымызды сахнаға, экранға шығарып жатқан­дарына қуанасың. Бірақ батыр баба­ларымыздың, тарихи тұлғаларымыздың бейнесін кемелдендіру тіпті қиын ғой. Сондықтан болар, олардың түсінігі, мінезі, көзқарасы, қимыл-қозғалысы, бітім-болмысы өз деңгейінде көрініс таппай жатқандығы. Бұл сайып кел­генде тағы да режиссердің дүние­таны­мы­на, актердің зерттеп-зерде­леуіне бай­ланысты.

– Жалпы, эксперименттерге қалай қарайсың? Біз (қазақ көрермені) оны қабылдай аламыз ба? 

– Жалпы, эксперименттерге көз­қарасым жаман емес. Жаңашылдықты жақсы көремін. Тек «эксперимент – осы» деп ұлттық дүниелерге де тұра шауып, ту-талақайын шығарып жат­қандары қатты алаңдатады. Көрген сайын жанымыз ашып отырады. Өз ұлтының тілін, салтын, ғұрпын танып, әдебиетін, философиясын, эмоциясын, әуенін жетік білмесе, ол шығармаларға жоламағаны абзал.

– Әңгімеңе рақмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ