Бұған б.з.д 776 жылы 1-ші Олимпиялық ойындар бағдарламасында жүгіруден жарыс өткендігі дәлел. Олимп құдайларын айтпағанның өзінде қазақ халқының ауыз әдебиетінде де желаяқтар жарысы туралы аңыз, әпсаналар жиі кездеседі. Бұған қарап жүгірудің пайдасын адамзат ерте бастан түйсінген деп болжауға болар. Бүгін де жүгіру – бұқаралық спорт түріне айналған. Тіпті, жыл сайын еліміздің әр өңірінде бірнеше жүгіру марафоны ұйымдастырылып, оған жүгіруді өмірінің бір бөлшегі санаған халық жаппай қатысып жатады. Жуырда осындай жүгіру марафоны елордамыз – Астанада да өтті. «Astana Half Marathon – 2024» деп аталған жартылай жүгіру марафоны бас қаламызға мерекелік көңіл сыйлай білді.
Марафон өтетіні белгілі болған кезде аталған бұқаралық жарысқа қатысуға біз де алдын ала ұсыныс бердік. Бұрын спортты жанымызға серік еткенімізбен, жұмыс барысымен, күнделікті тұрмыс әуресімен қашықтап кеткенімізді байқамай да қалыппыз. Ендеше мына марафон сол олқылықтарды толтырудың орайлы сәті. Себебі қандай да бір шараға дайындық барысы сенің ерік-жігеріңді оятып, қосымша күш сыйлайтыны белгілі. Осылайша, көптен күткен марафон күні – 16 маусым да келіп жетті.
Алабұртқан көңіл күй және мәре сызығы
16 маусым. Таңғы сағат 5.30. Көлікпен марафон өтетін «EXPO–2017» көрмесіне арнап салынған әйгілі «Нұр Әлем» шарының алдындағы алаңға жол тарттық. Қала көшелері марафон үшін арнайы жабылыпты. Таңмен таласа марафонға қарай ағылған халықтың санында есеп жоқ. Бірі – жарысқа қатысу үшін, бірі – жарысқа қатысқалы жатқан жақынына қолдау көрсету үшін келген. Сонымен, межелі жерге жеттік. Жүгірушілерге мерекелік көңіл күй сыйлау үшін концерт қойылып жатыр екен. Сахнадағы жүргізушілер жалынды сөздерімен марафоншыларға жігер беріп жатыр. Әрі қатысушылардың денесін қыздыруы үшін музыка әуенімен спорттық түрлі би әрекеттерін қайталатқызуда. Сахнада қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, марафонның басты серіктесі Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев және University Medical Center медициналық директоры Гүлмира Рапильбекова сөйлеп, бұл шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл мерекелік һәм спорттық шара Астанада осымен үшінші рет өткелі жатыр екен. Жарыстың ұйымдастырушысы 2012 жылдан бастап жыл сайын Орталық Азиядағы ең ірі Almaty Marathon жүгіру іс-шарасын және басқа да бірқатар әуесқой сөрені өткізетін «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры болды. Биыл бұл жарысқа әлемнің 37 елінен 6 мыңнан астам адам қатысып отырса, жарыстың ең жас спортшысы 15 жаста, ал ең ересек қатысушы 76 жаста екен. Алдымен бірінші болып 10 шақырымға жүгірушілер, скандинавиялық жүрістегі мен арбадағы қатысушылар сөреге жақындады. Таңғы сағат 6.35 болса да ауа температурасы 29 градусты көрсетіп тұр. Күн ысып барады. Қобалжу басым. Дайындық барысында сегіз шақырым ғана жүгіргенмін. Бұл жолы 10 шақырымды бағындыруым керек. Сөре сапының басында «элита» деп аталатын топ бар. Олар халықаралық марафондарда топ жарып жүрген кәсіпқой жүгірушілер. Содан соң «А» кластері. Онда еліміздегі марафондардың жеңімпаздары жер тарпып тұр. Одан кейінгі сапқа мен де ілестім. Еріктілер саптарды түгендеп, әрқайсысынан «Сіз 10 шақырымды 1 сағатта бағындыра аласыз ба?» деп сұрап жатыр. 1 сағатта 10 шақырымды бағындыру үшін қарқының кем дегенде 5.30 болуы қажет. Дайындық барысында мен 6.10 қарқынмен жүгірген едім. Не де болса, тәуекел. Дабыл соғылды. Жүгіру басталды. Жүргізушілер жалынды сөздерін аямай-ақ жатыр. Осы марафонға қатысып жатқан Әлібек деген бөлемнің үйретуі бойынша, алғашында баяу қарқында бастадым. Себебі бірден жылдамдықты қоссаң, денең қызбай тұрып тез шаршауың мүмкін. «Сен өзіңді көлікпін деп есепте. Жанар-жағармай багыңда 10 литр бензин бар. Бірақ қашықтығың ұзақ. Алғашында бензинді тез жағып жіберіп, жетер жеріңе бензинің жетпей қалмасын», – деп қатаң тапсырған. Бастапқы шақырымдар жаман емес. Ауызымен құс тістеген желаяқтар қарасын көрсетпей кетті. Бірырғақты қарқынды ұстап алғандар әзірге жорғалатып келеміз. Алғашқы бес шақырым ойдағыдай өтті. Қарқынымнан танбадым. Дегенмен шаршау сезіле бастады. Әлі алда қашықтықтың тең жартысы бар. Күн маңдайымыздан төніп тұр. Жүгіруде тер арқылы ағзаңдағы су мөлшерін азайтып тастайтындықтан, шөл де қыса бастады. Су ішу пункті бес шақырымда бір-ақ берілді. Еріктілер пластик стакандарын жалма-жан ұсынып жатыр. Қолыма екі стаканын алып, бірін сіміріп, бірін салқындап алу үшін үстіме шаштым. Жол бойы еріктілер барабандарын соққылап, түрлі жалынды сөз жазылған плакаттарымен жігер беруде. «Біз сендерге сенеміз», «Бұл сенің қолыңнан келеді», «Кішкене қалды, шыда» деп айқайлап жатыр. Енді намыстың да іске қосылар кезі жетті. «Бәйгедегі аттар бәйгенің жартысын өкпенің күшімен, қалған жартысын жүректің күшімен шауып өтеді» деген сөз есіме оралды. Ұзақ дайындалмағандықтан, өкпе де сыр бере бастады. Ендігі қалған күш жүрекке түсу керек. Жүгірушілер қаланың орталық көшелерімен елорданың жүрегі – Бәйтерек монументін артқа тастап, ботаникалық бақтың жанынан өтіп келеді. Мәре «Нұр Әлем» шарының алаңында. Алдымыздан жақын болып көрінгенімен, жылдамдықты қоссақ та жақындар емес. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей санамызда психологиялық күрес басталып кетті. «Тоқтап, дамылдап алсам ба екен?» деп те ойланасың. Бірақ әрбір уақыт есептеулі. Бірер секунд қарқынымды бәсеңдеттім. Жүректің ырғағы да баяулады. Әйтпесе, жүректің дүрсілінен құлағым тұнып тұр еді. Жүрек ырғағын қалыпқа келтіріп алғасын қайтадан баяғы ырғағыма ауыстым. Жүректі қадағалап отыру – әрбір спортшының міндеті. Себебі жүрек соғысының ырғағы шектен шығып кетпегені ләзім. Әйтпесе, денсаулығыңа зиян тигізіп аласың. Кейбір жүгірушілер жарты жолдан тоқтай бастады. Қасындағы серіктері «Тоқтама, баяу болса да аяңда» дегендей демеулерін білдіріп қояды. Санамызда үлкен күрес жүріп жатыр. Тоқтап, жол жиегіндегі көк шалғынға жантая кеткің келеді. Сосын көз алдыңа мәре сызығын кесіп өткендегі өзіңді елестетесің. Ол ой саған тағы қосымша жігер береді. Алыстан мәре сызығы да көрінді. Бірақ жеткізіп болсашы. Енді тоқтауға жол жоқ. Қарқын қосылды. Жол бойындағы еріктілер «жарайсыңдап» барынша қолдау білдіріп жатыр. Өзімді үлкен жарыстардағы кәнігі спортшыға ұқсатып та кеттім бірер сәт. Өз-өзіңмен арпалысып келе жатып, әлі де жігеріңді құм қылатын ойларға жеңілмегеніңді мақтан да тұтасың. Осы ойлармен әне-міне дегенше мәреге де жақындадық. Ендігі аяңдаудың жөні жоқ. Соңғы күшіңді сарқып барып, мәрені өтуің керек. Мәре басында жарыстың басталған уақытының секундтары сырғып жатыр. Мен мәре сызығын 1 сағат 54 секундта кесіп өттім. Алдымнан еріктілер дереу мойыныма марафон медалін іліп жатыр. Алма, сусындарын беріп бәйек болады. «Жүгіру – кейбіреулер айтқандай, ауыр жұмыс емес, ол орасан зор қуаныш, шексіз рақаттану», – деп айтқан Бенджамин Споктың сөзі есіме түсті. Нағыз ләззатты шақты басымнан өткердім. Қаншама сана сарпылысымен қашықтықтарды бағындырып келгендегі мойныңа ілінген медаль барлығын ұмыттырып жібереді. Мәре сызығын кесіп өткендер жиналып, бір-бірінің жолдағы қиындықтары мен қызықтарын айтып бөлісуде.
Жүгіру – өмір философиясы
2010 жылдың 5 тамызында 700 метр тереңдікте 33 шахтер Чилидегі Сан-Хосе шахтасында қалып қояды. Алғашқы 17 күнді жоғарғы жақпен байланыс болмай қараңғылықта өткізеді, содан соң диаметрі 12 сантиметр саңылау тесіп, сол арқылы су мен тамақ жеткізіліп тұрады. Жер бетіне олар 69 күннен кейін шығады. Мұның несі қызық дерсіз? Асықпаңыз, сол 33 шахтердің ішінде болған Эдисон Пенья жер астында уақытын бос жібермей, жүгірумен айналысады, ол басылып қалмаған бар болғаны бір шақырымдай жерді айналып жүгіре береді. Барлығы оны ақымақ, есі ауысқан деп ойлайды, ешкім оны қолдамайды. 13 қазанда шахтерлер жер бетіне шығады, ал 7 қарашада Эдисон Нью-Йорк марафонына арнайы шақыру алып қатысады да, 5 сағат 40 минут 51 секундта жүгіріп өтеді. Таңғаларлығы, бұған дейін ол ешқашан спортпен айналыспаған және марафондарға қатыспаған екен.
Шығармашылық жолын жүгірумен қатар бастаған жапон жазушысы Харуки Мураками «Жүгіру туралы айтқанда, не туралы айтамын» атты кітап жазып, сонда ол марафонды жүгіріп өтуді роман жазып шығумен салыстырады. Муракамидің жетістікке жету формуласы – тұрақтылық, күн тәртібі және ұстамдылық, яғни артық та, кем де емес, келесі күні жалғастыруға жетерліктей күшің қалатындай жүгіру керек және жұмыс істеу керек. Міне, осы ұстанымды тірек еткен ол шығармашылықта да үлкен жетістіктерге жете білді. Иә, жүгіру – денсаулықтың негізгі кепілі. Күн сайын бір мезгіл жүгіру арқылы сергектік пайда болады. Мамандардың айтуынша, ол адамның иммунитетін көтеріп, жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ қанның жүру көлемі ұлғайып, ас қорыту жұмысы белсенді жүреді. Жүгіру тыныс алу жүйесін де жақсартуға септігін тигізеді, ұйқысыздықтан арылтады, қартаю процесін де тежейді. Әсіресе, таңғы уақыттағы жүгіру адамға жан тыныштығын сыйлайды. Осыншалық пайдасына қарап әлем халқы жыл сайын жаздың алғашқы сәрсенбісінде дүниежүзілік жүгіру күнін атап өтеді. Иә, дені сау ұлт – болашағы бар ұлт. Ендеше саламатты өмір салтын ұстанып жүргенге не жетсін!
Наурызбек САРША