Таяуда осы бір ауру түрінен Қарағанды облысында бір адам көз жұмды. Байқағанымыздай, бүгінде көкжөтелдің ел аумағы бойынша, соның ішінде Алматы қаласындағы таралу қарқыны жылдам. Мәселен, қаламызда 2024 жылдың алғашқы бес айында 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 62 расталған жағдайы тіркелген. Соның ішінде ауырған балалардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 90,3 пайызы ұйымдастырылмаған болса, ал ұйымдастырылған балалардың үлесі 9,7 пайызды құрайды.
Көкжөтелді балалар көп жұқтырады
Көкжөтел – Bordetella pertussis таяқшасынан туындаған, көбіне ауыз қуысында, көмей мен мұрында өмір сүретін жедел респираторлық бактериялық жұқпа. Бұл ауру түрі катаральды белгілермен бірге жүретін спазмодикалық жөтел ұстамалары түрінде көрінеді. Көкжөтелдің қоздырғышы негізінен науқас жөтелгенде, түшкіргенде, онымен қоса ауа тамшылары арқылы таралады. Мамандардың сөзінше, көкжөтелді ересектерден гөрі балалар көп жұқтырады. Жоғарыда балаларға қатысты атап көрсетілген статистика – соның бір дәлелі. Ересектер көкжөтелдің жеңіл түрімен ауырғандықтан, олар негізінен инфекцияның ошағы әрі аурудың тасымалдаушысы болып келеді. Дәрігерлер көкжөтелдің зардабы қауіпті асқынуларға алып келетінін айтады. Ауру катаральды, спазмодикалық жөтел және резолюция кезеңдері арқылы өтеді. Инкубациялық кезеңі 14 күнді құрайтын ауру түрінің катаральды кезеңі жедел фарингит белгілеріне ұқсас. Спазмолитикалық жөтел кезеңі үш аптадан бір айға дейін созылуы мүмкін. Кейіннен бұл қайта қалпына келтіру фазасына өтеді. Мұнда науқас жөтелген кезде шырышты қақырық бөлініп, жөтелу азаяды.
334 адам зертханалық тексеруден өтті
Алматы қаласының Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова ауру ошақтарымен байланыста болған 334 адам зертханалық тексеруден өткенін, олардың нәтижесі теріс шыққанын атап өтті. Қазіргі уақытта науқастармен байланыста болған азаматтарға емхана қызметкерлерінің медициналық бақылауы орнатылды.
– Көкжөтел – ұстаманың соңында «реприздермен» және құсумен, қою тұтқыр қақырықты бөлумен, сондай-ақ жөтелдің ерекше шабуылдарымен сипатталатын тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы саналады. Көкжөтелден қорғаудың жалғыз тиімді әдісі – вакцинация. Ұлттық күнтізбеге сәйкес, көкжөтелге қарсы егу 2, 3, 4 және 18 айлық балаларға (көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, «В» гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы бір мезгілде) біріктірілген вакцинамен жүргізіледі. Бұдан әрі 6 жастағы балалар АбКДС күшейткіш дозасымен егіледі, – дейді Әсел Тоқанқызы.
Ата-аналардың көбі екпеден бас тартады
Көкжөтелді жұқтырған адамда ең біріншіден қарапайым суық тиюдің белгілері пайда болады. Науқастың мұрны ағып, дене қызуы көтеріледі, кейіннен жөтел басталады. Қалыпты жөтел күн өткен сайын күшейіп, нәтижесінде ұстамалы жөтелге айналады. Адам бойын әлсірететін жөтел ұстамалары кезінде мидың қан айналымы бұзылады. Ары қарай мұның соңы психиканың бұзылуы мен түрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігінің пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін. Әсіресе, көкжөтел – мектеп жасына дейінгі балалар үшін аса қауіпті. Ауруды алғашқы белгілері пайда болған кезеңнен бастап көкжөтел жұқпалы дерт болып саналады. Дәл осы уақытта бала бойында интоксикация белгілері байқалады. Мамандар 2 жасқа дейінгі балаларда көкжөтел ауыр өтуі мүмкін екенін айтады. Әсел Тоқанқызы аталған ауру өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сынды асқынуларымен қауіпті екенін жеткізді. Қазірдің өзінде аурудың ең көп кездесетін асқынуы да пневмония екені анықталып отыр. Одан өзге науқаста плеврит, бронхит ауруы күшейеді. СЭБ департаменті басшысы орынбасарының сөзінше, екпе алмау себебі көбіне 60 пайызға жуық жағдайда ата-аналардың екпеден бас тартуынан болса, 23,7 пайызы медициналық қарсы көрсетілімге, 16 пайыздан астамы екпе жасына жетпеген адамдар арасында және 4,8 пайызы көкжөтелге қарсы толық вакцина алмауымен байланысты.
– Аурудың белгілері пайда болған уақытта оқырмандарға уақытылы медициналық көмекке жүгіну, өзін-өзі емдемей, тек дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау, бөлмені жиі желдетіп, дымқыл тазалық жұмысын жүргізу, қолды жиі жуу, жөтелген кезде ауызды майлық қолданып жабу, сондай-ақ ата-аналарға науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға және т.б. көпшілік жиналатын орындарға жібермеуді ұсынамыз, – деп сөзін түйіндеді Әсел Қалықова.
Денсаулық сақтау саласындағы мамандар қазіргі уақытта көкжөтелді емдеудің арнайы препараты жоқ екенін айтып отыр. Дегенмен вакцина қоры үшін мемлекеттен қосымша қаражат қарастырылған. Осы ретте шаһардың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бала денсаулығы үшін ата-ана тарапынан ортақ жауапкершілік болуға тиіс екенін негізге алды. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын іздейік, құрметті оқырман!
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы