Турнир алдында Бельгия мен Украина осындай күй кешеді десе сенбейтін едіңіз, білем. Әр топта ойын өрнегі де, құрама тағдыры да әртүрлі өріліп жатыр. Газеттің өткен санында тосынсыйы көп турнир деп бекер жазбаппыз. Басталмай жатып, түрлі жағдайды бастан кештік.
Айтары көп айналым
Еуро-2024 додасының бірінші айналымын спорт журналистері Шамкен Байырбек және Фархат Қаналымен бірге талқыладық. Турнирден күткеніміз бен нәтижеге талдау жасап, бірінші айналымды қорытындыладық. Қос сарапшы да аурасы бөлек чемпионат екенін алға тартты.
Сонымен, турнирдің беташар ойыны Германия мен Шотландия арасында өтті. Фархат Қаналының айтуынша, Германия өзінің мықты команда екенін тағы бір рет дәлелдеді. Бірінші айналымдағы ең ірі есеп (5:1) аталған ойында тіркелді. Спорт сарапшысы Португалия мен Чехия құрамасы арасындағы ойын да ерекше есте қалғанын атап өтті. Иә, Роналду бастаған жігіттер 1:0 есебімен ұтылып жатып, есепті теңестіріп, ақыр соңында жеңісті жұлып алды. Ал Шамкен Байырбек болса, Испания мен Хорватия кездесуінен ерекше әсер алғанын айтты. Оның айтуынша, жылдамдық жағынан, қауіпті сәттері мен интрига тұрғысынан екі құрамның мүмкіндігі бірдей. Ал нәтижеге келгенде, Испанияның жауапсыз үш гол соғуы – шеберлік.
Қазір кей топта екінші айналым аяқталды. Германия мен Испания ұпайдан шашау шығармай, плейофф кезеңіне өтті. Екеуінде де алты ұпайдан бар. Қатарластары сияқты алты ұпай жинауға Нидерланд, Франция, Румыния, Словакия, Түркия мен Португалияның да мүмкіндігі бар. Қызығы, қажет ұпай үшін Нидерланды мен Франция, Түркия мен Португалия таласады. Қай жеңгені «1/8 қайдасыңға» салып, қалған екі ойында «жеңілдің үстімен» жүреді. Ал Румыния Бельгияның күшін байқап көрсе, Словакия Украинамен кездеседі.
«Меніңше, екінші айналымдағы қызықты топ ретінде Е тобын айтар едім. Румыния, Словакия, Бельгия, Украина командаларының арасында қызу тартыс күтіп тұр. Білесіздер, бірінші ойында Бельгия ұтылып, Словакия жеңіп кетті. Енді өзара сында Бельгия мен Украина ес жимаса, нағыз сенсация болайын деп тұр. Сонымен қатар Англия, Дания, Словения, Сербия топтасқан С тобының аяқалысы қалай болатыны қызық. Әлі қай команданың плейоффқа шығары белгісіз. Үш команда келесі айналымға өтуі мүмкін. Өйткені барлығында ұпай бар. Англияның еншісінде бір жеңіс, бір тең ойын (4 ұпай). Дания мен Словенияда екі ұпайдан бар. Ал Сербия әзірге бір ұпайды қанағат тұтады. Сондықтан бәрі алда», – дейді Фархат Қаналы.
Иә, А, С, Е тобының жайын айттық. В тобында Испания ұпайын түгендеп алса, Хорватияның жағдайы қиын. Төртінші орынмен кестенің соңында тұр. Бірінші айналымда Испаниядан жеңілсе, екінші айналымда Албаниямен тең ойнады. Албания соңғы сәтте есепті теңестіріп кетті. Сондағы Модричтің жүзін көрсеңіз, бәрін түсінесіз. Онсыз да «өлім тобына» түскен Хорватия үшін Албаниямен тең ойнау – биіктен парашютсіз секірумен тең еді. Себебі үшінші турда хорваттарды Италия құрамасы күтіп тұр. Ал Албания испандармен кездеседі. Яғни, мұнда Модричке келесі кезеңде Албанияның сүрініп, Хорватияның қауқар көрсеткені керек.
«Бірінші турдағы Түркия мен Грузия арасындағы матч есте қаларлықтай өтті. Грузия турнирге алғаш рет қатысып тұрғанына қарамастан, Түркияға тегеурінді қарсылық көрсетті. Түркия өзінің алғашқы айналымдағы сәтсіз сериясын аяқтады. Осыған дейін бес рет Еурододаның бірінші ойынында жеңілген еді. Түркияның топтан шығатын мүмкіндігі едәуір жоғары. Плейоффта біраз жерге бара алады. Менің ойымша, сенсация болған матч –Украина мен Румыния арасындағы ойын. Румыния дәл осындай ірі есеппен жеңеді деп кім ойлаған? Украина құрамасы ештеңе істей алған жоқ. Таңғаларлығы, Бельгия дәл осындай құраммен Словакиядан жеңілді. Дегенмен топтан шығуға әлі де мүмкіндік бар», – дейді Шамкен Байырбек.
Айтқандай, сарапшылардың ойы бір жерден шығып тұр. Екеуі де турнир фавориті ретінде Германия құрамасын атап өтті. Естеріңізде болса, болжам жасайтын атақты компаниялар Еуродода фавориті ретінде Англия құрамасын нұсқаған. Алайда Гарет Саутгейт баптайтын командаға көз тиді ме, сөз тиді ме белгісіз, білгенінен жаңылып жүр. Бірінші айналымда Сербияны әупірімдеп жүріп жеңген, екінші айналымда Данияның құрсауында қалды. Дат шабуылшылары кей мүмкіндікті мүлт жібермегенде Англия сан соғып қалар еді. Осылайша, сарапшылар турнир фавориті ретінде Испания мен Германияны меңзейді. Испанияның жас сайыпқырандары өз саптарынан шашау шығармай ойнап жүр. Тіпті, Италиямен өткенде кездесудегі ойын мәнеріне талайлар таңдай қақты. Қапталда ойнап жүрген 18 бен 16 жастағы футболшылар тәжірибелі «ағайларды» қапы қалдырды. Бір сөзбен айтқанда, Италия құрамасы испандардың «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» болды. Ал Франция құрамасындағы Мбаппенің жарақат алғаны белгілі. Оның үстіне, әлем чемпионатының финалистері атағына сай өнер көрсетпей жүргені тағы бар. Осы тұста мамандар Португалия құрамасын фавориттер қатарынан сызбауды ұсынады. Олардың айтуынша, 2016 жылғы Еуропа чемпиондары плейоффқа өткен соң «ашылады».
Расымен, қай команданың қандай тактикамен жүрері 1/8 финал ойындары басталғанда білінеді. Демек, кімнің қандай «қару» қолданары белгісіз. Тіпті, қазір сылбыр ойын көрсетіп жүр дейтін құрама ойда жоқта «оталып» кетуі мүмкін. Бар жұлдыз ойыншыны жинап алған Англия плейоффтан кейін атына мінетін шығар, кім білсін? Әзірге таңдаған құрамаңызға соңына дейін сеніңіз, жанкүйер.
Үлесі басым ойыншы
Осы орайда құрама тағдырына айтарлықтай үлес қосып жүрген бірнеше ойыншыны атап өткім келеді. Соның бірі – Германия қатарындағы Жамал Мусиала мен Флориан Вирц. Спорт журналисі Шамкен Байырбектің айтуынша, Мусиала «Баварияда» бірнеше жылдан бері тұрақты ойнап келе жатқан футболшы. Өз елінде өткен турнирде одан ары ашыла түскендей. Бір сөзбен айтқанда, командадағы ықпалы бар, ойын тағдырын шеше алатынын дәлелдеді. Оған қоса, Вирц те жинақы ойнап, неміс мәшинесінің сыр бермейтінін көрсеткендей әсер қалдырды. Әуелде сарапшылардың Германия шабуылында гәп бар дегеніне қос футболшы ойын өрнегімен жауап берді.
Тағы бір атап өтер ойыншы – қайта түлеген Түркия құрамасының үміті – Арда Гүлер. Оның Грузия қақпасына соққан голы команда тынысын ашып, ес жиюға көмектесті. Осылайша, түріктер үшінші голды оңай соғып, үш ұпайын түгендеді. «Реал Мадрид» сапында ойнайтын Арда түріктер артқан сенімді арқалай алатынын көрсеткендей. Сенімді қимылы, шабуылға араласуы, екпіні мұны айқындап тұр. Одан кейін Түркия құрамасындағы Керем Ақтүрікоғлының да ойыны жинақы. Яғни, Арда мен Керем түрік футболшыларын біраз жерге дейін «сүйреуі» бек мүмкін.
Испания құрамасындағы жастар жайында «жарнаманы» сіз де күтіп отырған боларсыз. Иә, бұл құрамда бір топ жас ойнайды. Жас болғанда қандай, Хорватияға қол бұлғап, Италияға кейін шегінуге «бұйырған» жігіттер. Қайсыбірін айтсаң да «сен тұр, мен атайын» деп тұр. Әсіресе, екі қапталдағы жас шабуылшылар 21 жастағы Нико Уильямс пен Ламин Ямалдың ойынын атап өтуге болады. Еуропа чемпионатындағы Испанияның нәтижесіне көп үлес қосып жатыр. Бірі чемпионат тарихында гол соққан ең жас футболшы қатарына кірді. Екіншісі, атағы жер жаратын құрамаларға адым аштырмай жүр. Ойыны жандана түскен тағы бір ойыншы – Фабиян Руис. Бірінші турда да, екінші кезеңде де тамаша ойнап жүр. Қарқынына қарқын қосқаны көрініп-ақ тұр. Қазір расымен «мен жастарға сенемін» испандардың ұранына айналғандай.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ