V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жүлделердің жалпы сомасы – 253 млн теңге.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қандай жүлде беріледі?
Фото: ortcom_kz
714
оқылды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының серіктестері бөлген қаражат жүлде төлеуге бағытталады. Сонымен қатар олар кәдесый өнімдерін алуға, ғылыми бағдарлама спикерлерінің ақысын төлеуге, шетелден келетін мәдени бағдарламаға қатысушыларға төлем жасауға жұмсалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров айтты. 

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жүлделердің жалпы сомасы – 253 млн теңге. Әр спорт түрі бойынша жүлделер жеке беріледі. Командалық спорт түрлері – бұл, ең алдымен, көкпар және көк-бору. Жеңімпаз командаға 10 млн теңге, екінші орынға 6 млн теңге, қола жүлдегерге 4 млн теңге табысталады. Жеке спорт түрлерінде жеңімпаздар 500 мың теңгеден алады, екінші орын иеленгендер 300 мың теңгеден, қола жүлдегер 200 мың теңгеден алады», – деді спикер. 

Ат спорты түрлерінде жүлделер біршама көп: бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жарыстарында 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн теңгеден беріледі. 

«Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін арнайы әзірленген бірегей медальдар табысталады. Ойындар дизайнерінің авторы – отандық дизайнерлік студия», – деді Н.Нұров.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.