Қазақстандық сұрмергендер алғаш рет әлем кубогында топ жарды. Садақ ату бойынша дүниежүзілік додада Түркияның Анталья қаласында өтіп жатыр.
Садақ атудан тарихи жетістік
595
оқылды

Ұлттық құрама спортшылары блоктық сайыстың аралас жұптық бәсекесінде ең үздік нәтиже тірке­ді. Бұл сында ел намысын Андрей Тютюн мен Адель Жексенбинова қорғаған болатын. Олар әлем чемпионатына келген 24 команданың арасынан суырылып алға шықты. Ақтық сында Ұлыбритания командасымен жолығып, бас жүлдені сарапқа салған. Қазақстандық дуэт 158:155 есебімен жеңіске жетті. Осы­лай алтын Қазақстан, күміс Ұлыбритания, ал қола Италия спорт­шыларына бұйырды. Айта кетейік, Тютюн мен Жексенбинова жұбы бірер күн бұрын ғана Оң­түстік Кореяда өткен Азия кубогы кезеңінде де сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Ол да құрлықтық деңгейдегі алғашқы ірі жеңісіміз саналады.

– Бүгін Антальяда әлемдік ала­манның жеңіс тұғырына көк Туымызды көтердік. Өте қуаныштымын. Бұл осы уақытқа дейін төккен теріміздің жемісі деп есептеймін. Биыл екінші рет айтулы додада жүл­деге ілігіп отырмыз және ары қарай да осы жеңіс жолын жалғас­ты­руға тырысамыз, – деді жарыс жеңімпазы Адель Жексенбинова.