Мәжілісте палата вице-спикері Альберт Раудың төрағалығымен мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттауды дамыту мәселелері туралы Үкімет сағаты өтті. Тақырып жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады.
Өнім арттыру жолы – озық технология
428
оқылды

Жиынды ашқан Альберт Рау Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі нақты өсімге қол жеткізу міндетін қойғанын атап өтті.

– Агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға арттыра отырып, бастапқы өндірістен жоғары өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Бұл жерде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту – басым бағыттардың бірі. Ол тұрақты түрде көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға қарамастан, әлі де төмен деңгейде қалып отыр, – деді вице-спикер.

Оның айтуынша, бүгінде өндірілген өнімнің 80 пайызға жуығы шикізат күйінде сатылуда. Дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігі төмен. Мұны ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мен алға жылжыту жүйесінің дамымай отырғанынан, өңдеуші кәсіп­орындардың технологиялық артта қалуынан байқауға болады. 

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2023 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,1 трлн теңгеге өсіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқанын айтты. Экспорт көлемі 2022 жылғы деңгейде сақталып, 5,4 млрд долларды құрады.

– Былтырғы қолайсыз климат жағдайларына қарамастан, сала өндіріс көлемінің артуы есебінен құлдыраудың алдын алды. Қайта өңделген өнімдердің экспорттағы үлесі 42,6 пайызға жетіп, 2,3 млрд долларды құрады. Экспортқа шығарылған өңделген мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 187 млн АҚШ доллары болды. Бұл – барлық өңделген өнім экспортының 8,2 пайызы. Дегенмен бұл үлесті арттырудың әлеуеті зор, – деді министр.

Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев қосымша баяндамасында өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі жалпы көлемнің небәрі 6 пайызын құрайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, 2023 жылы сүт өңдеу үлесі – 33%, ет өңдеу – 41%, жүн өңдеу – 19%, ірі қара мал терісін өңдеу – 6% құрады. Сонымен қатар дайын өнім импорты өсіп келеді: тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуі салдарынан біз жыл сайын 800 млн АҚШ долларын жоғалтып, олар шетелдік фермерлерді қаржы­ландыруға кетіп жатыр.

Комитет төрағасы бұл мәселелерді шешу жол-дарын ұсынды. Оның айтуынша, ет өнеркәсібінде терең өңдеуді дамыту экспортқа бағытталуы керек.

– Экспортқа бағдарланған технологиялық дамыған ет комбинаттарының құрылысын бастау, ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттауға қолданыстағы квоталарды қайта қарау ұсынылады. Ішкі нарықтағы өнімдердің қолжетімділігі мен сапа­сын арттыру үшін өнімді делдалсыз өткізу үшін фер­мерлерді кооперативтерге біріктіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді С.Егізбаев.

Отырыс барысында депутаттар өзге де мәселе­лерге назар аударды. Айдарбек Қожаназаров ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өткізу мен экспорттауды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілмейтініне тоқталды. Ол үлгі ретінде көршілес Ресейді мысалға келтірді. Онда олар көлік шығындарын 50 пайызға дейін өтейді және қосымша құн салығын қайтару мерзімін 180 күннен 90 күнге дейін қысқартады. Сондай-ақ азық-түлік өнімдерін мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңартып, отандық тауарларды халыққа әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасына енгізуде. Ал Қазақстанда жергілікті қамту үлесі 53 пайыздан аспайды.

Анас Баққожаев «мал сою алаңдары» санатын алып тастап, әр ауылда заманауи мал сою пункттерін салуды ұсынды. Тәжірибе көрсеткендей, ауыл шаруашылығы жануарларының 95 пайызы ветери­нариялық заң талаптарына сай келмейтін үй жағ­дайында сойылады.

 «Евразиан Милк» ЖШС бас директоры Андрей Гриценко, «Айдабыл ет комбинаты» ЖШС директоры Азамат Шалмағамбетов, «Қайып ата» ЖШС бас директоры Сырым Ертаев, «Қазфелтек» ЖШС директоры Ерлан Жаңабергенов те өз ұсыныстарын білдірді.

Сөз соңында Альберт Рау апта соңына дейін түскен ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жібе­рілетінін айтты. Бұл ретте Серік Егізбаев түйткілді мә­селелерді шешу тек Ауыл шаруашылығы министр­лігіне ғана емес, басқа да мемлекеттік органдарға байланысты екенін атап өтті. Сондықтан депутаттар барлық салалық министрлікті айтылған ұсыныстарды ескере отырып, іс-шаралар жоспарын біріктіруге шақырды.

– Мемлекет басшысының жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру міндеті агроөнеркәсіп кешеніне тікелей қатысты. Егіс алқабын ұлғайта алмайтынымыз анық, тек озық технологиялар арқылы өнімді ғана арттыра аламыз. Бірақ біз өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу тереңдігін ұлғайтуымыз керек, – деп түйіндеді Мәжілістің вице-спикері.

Н.ҚОСАЙ