Мүліктің меншік иелері бірлестіктерінің институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні қала аумағында басқару нысанына тіркелгендер саны – 1 856. Яғни, қала бойынша тіркелген басқару нысандарының саны 88 пайызға жетіп отыр. 157-сі мүліктің меншік иелері бірлестіктері болса, 1 699-ы жай серіктестік ретінде құрылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мерлан Керімжанов мәлімдеді.
Брифингте ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті бекіткен жол карталарына сәйкес кондоминиумды басқару жүйесін таңдау жұмыстары жалғасып, кондоминиум нысандарының жер актісін рәсімдеу мақсатында аудан әкімдіктері тарапынан қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тұрғындарының атынан, жалпы жиналыстың хаттама негізінде өтінім берілу жұмыстары жүргізілген.
– Бүгінде «Е-Шаңырақ» республикалық ақпараттық жүйесіне көппәтерлі тұрғын үйлердің техникалық паспорттарын енгізу жұмыстары толығымен аяқталды. Заң талаптарына сәйкес, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшері 27,3 теңге болып бекітілді, – деп атап өтті Мерлан Әбдірахманұлы.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жұмысының бір тармағы – мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімі. Жыл басынан бері басқармаға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталатындығы туралы 384 хабарлама басқарма реестрінде тіркелген. Оның 35-і бюджеттік болса, қалғаны – жеке қаражат есебінен. Нысандарды пайдалануға қабылдау актілерін салыстырып қарау бойынша түскен 345 өтініштің 108-і оң шешімін тауып отыр. Айта кетейік, биыл 56 құрылыс нысандарына қатысты тексеру тағайындау белгіленген. Тексеруде белгілі болған 35 құрылыс нысандарындағы заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
«Қала аумағындағы заңсыз құрылыстарға қатысты 29 құрылыс нысандары бойынша 79 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған 12 млн теңге жобасындағы айыппұлдың бүгінде 11 миллионнан астамы өндірілді. Сонымен қатар құрылыс сапасына қатысты заңбұзушылықтар, үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзу жәйттері де бар», – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Брифингте Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердегі лифтілердің бүгінгі жағдайы туралы да айтылды. Қалада жалпы 794 лифт болса, оның 645-і тұрғын үйлерде орнатылған. Денсаулық сақтау мекемелерінде – 55, Білім беру басқармасына қарасты мектептерде – 37 болса, қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және қонақ үйлерде 57 лифті қойылған.
– «Азаматтық қорғау» заң талаптарын орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан 22 лифтіге комиссиялық сынақтар өткізіліп, 40 лифт тіркеуге қойылды. Бүгінде жүк көтергіш құралдарын тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет реестріне енгізіліп электронды түрде Egov.kz арқылы жүргізілуде, – дейді Мерлан Керімжанов. Сондай-ақ жүк көтергіш құралдарды пайдаланудағы қызмет көрсетуші мекемелермен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, басқарманың тұрақты бақылауында болғандықтан, тұрғындар тарапынан лифтіні пайдалану кезінде лифтіде адам қалу, лифт тоқтап қалу оқиғалары бола қалған жағдайда қызмет көрсетуші мекемелеріне шұғыл әрекет ету бойынша уақытылы тапсырма жолданып отырады.
Басқарманың тағы бір маңызды салаларының бірі – газ техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері және аудан әкімдіктері мен аудандағы төтенше жағдайлар басқармалары, Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы «Еріктілерінің» қатысуымен қала тұрғындарына тұрақты түрде газбен байланысты оқыс-оқиғалардың алдын алу және болдырмау мақсатында газды пайдалануда техникалық қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша үгіт-насихат түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп келеді.
Қала тұрғындары «109» І-көмек ситуациялық орталығына хабарласып, ВДГО мекемелері бойынша мәлімет алуға және олардың жұмыстарына қатысты сыни ескертпелерді қалдыра алады. Сонымен қатар «КазТрансГазАймақ» АҚ-нің ШӨФ-ның фронт офисінде келген тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы әзірленген бейнеролик таратылуда. Газ бақылаушылар арқылы қауіпсіздік туралы жадынамаларды үйме үй тарату жұмыстары жүйеге қойылып, атқарылуда.
Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзу «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 306-бабы 1-бөлігіне сәйкес, 2024 жылы 83 тұлғаға 297 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Брифингте аталған басқарма басшылығына тілшілер тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, тиісті жауап алынды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы