Жамбыл облысы Отар ауылында әскери борышын өтеп жүріп комаға түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылған 19 жастағы Нұржігіт Әбділпат есін жиды. Сарбаздың әкесі Тимур Жаналин Instagram-дағы парақшасында қолдау білдірген азаматтарға алғыс білдіріп, әлі де ұзақ уақытты қамтитын емдеу-сауықтыру шарасы күтіп тұрғанын айтты.
Әлі жеткеннің әлегі
807
оқылды

Бұған дейін сарбаздың анасы ұлына әлімжеттік жасалғанын айтып, әлеуметтік желіге видео жариялаған болатын. Отан алдындағы борышын өтеп, ел тыныштығын қорғап, есейіп келеді деп әскерге жіберген ұлының күйігін тартып, күңіреніп қалған ата-ананың көмек сұрап, зар еңіреген дауысы Президентке дейін жетіп, елді елең еткізген еді. Ал Қорғаныс министрлігінің өкілдері сарбаздың сыр­қаттанғанын, әлімжеттіктің болған-болмағанына байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Дегенмен әскерде жүріп комаға түскен немесе әскерде жүріп өмірімен қоштасқан сарбаздардың алды да, арты да бір Нұржігіт емес. Қазір армияда көз жұмған, есінен танып қалған, қорланған, зорланған сарбаз туралы ақпарат толастамай тұр. 

Әскери прокуратура өкілдері келтірген статистикаға сүйенсек, 2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Атап айтқанда, 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85 және 2023 жылы 11 әскери қызметкер көз жұмған. Негізгі себептер: аурудан қайтыс болғандар – 36%, жол-көлік оқиғалары – 24% және суицид – 20%. Бас әскери прокурордың орынбасары Мақсат Қазиев соңғы төрт жылда әскерде 90-ға жуық жауынгер өзіне-өзі қол жұмсаған және 20 шақты суицид жасамақ болған оқиға тіркелгенін мәлімдеген-ді. Жалпы, статистика бойынша, жыл сайын орта есеппен 22-25 өрімдей жас әскерде жүріп өз-өзіне қол жұмсайды екен. 

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан «Әскери міндеттілік бойынша әскери қызмет: дәрігерлік комиссиялардың қызметі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында «Ауыр дертке шалдыққан азаматтар әскерге алынып жатады» деген мәлімдеме жасады.  Ал Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов былтыр сарбаз суицидінің 90%-ы әскери борышты өтеуге қатысы жоқ деген уәж айтқан. Рас, әзірге Нұржігіт Әбділпаттың оқиғасына қатысты тергеу аяқтала қойған жоқ. Бірақ әскерде әлімжеттіктің бар екені жиі айтылады. Әскерилер жоққа шығарғысы келгенімен, мұндай олқылық бар. Тек мұндай келеңсіздікті қалай төмендетуге болады, мәселе сонда. 

– Қазір армияның ішкі тәртібі туралы, ішкі заңдары, сыртқы заңдары, жарғылары қайта қаралып жатыр. Әскери полиция деген біздің өмірдегі полиция сияқты қызмет емес, олардың функциялары бөлектеу.Олар ең алдымен армиядағы жүріс-тұрыс тәртіп, тәрбие жұмыстарын қадағалайды. Мәселе ушыққан кезде әскери прокурорлар келеді. Оған дейін бүкіл мәселе бөлімнің командирі кім, соның білігі, дүниетанымы, тәжірибесі соған тікелей байланысты.

Армия деген балабақша емес, курорт емес, балалардың лагері емес. Бұл жерге негізінен көбі 18, 19, 20-дағы күші, қаны тасып тұрған өрімдей жастар жиналады, әртүрлі мінездер тоғысады. Олармен жұмыс істеу – ең бірінші кезекте командирлердің басты міндеті. Армия қатарына келгеннен кейін сарбаз тәрбиеге көну керек. Үйдегі қыңыр мінез, қырсық мінез қалу керек. Әскердің бірінші талабы – сол. Оған сарбаздың шыдауы үшін, менің ойымша, тәрбиені мектептен бастауымыз керек. Қоғамдағы армияға деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру керек. Қазір бірнеше заң қабылдап жатырмыз, солардың бірі – Әскери патриоттық тәрбие деген заң жобасы. Құдай қаласа, жылдың аяғына дейін қабылданады, – деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.

Әскердегі суицидті жою мүмкін бе?

Президент жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, адвокат Айман Омарованың айтуынша, қандай министр келсе де әскердегі әлімжеттікті жою қиын, себебі бұл салада бүкіл жүйені бұзып, басқа әскери жүйе құру керек.

– Әскердегі әлімжеттік – сонау совет заманынан келе жатқан жойылуы қиын мәселе. Ондай жағдай мектепте де, колледжде де, университетте де, армияда, басқа салаларда да бар. Әскерде өте қиын. Бірақ айтайын дегенім, ол үшін Р.Жақсылықовты кінәлауға болмайды. Бұл жерде мемлекет жауапты. Нақты айтатын болсақ, Қорғаныс министрлігі жауапты. Ал әскери органның бәрі Қорғаныс министрлігімен байланысты. Бәрі мемлекеттік органдар деп айтсақ болады. Мемлекеттік органдар бір-бірін ешқашан да кінәлі деп жарияламайды. Әскерде заң жоқ, заң жұмыс істемейді деп айтсақ болады. Тек қана оқиға болған кезде ғана істі тіркеп, тергеуді бастайды. Қорғаныс министрлігі әлімжеттікке алдын ала шара қолданбайды, – деді А.Омарова.

Дегенмен құзырлы органдардың ақпаратына сүйенсек, елімізде бірқатар әскери реформалар енгізіліп, әскерге шақырылған азаматтардың саны артып келеді. Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, 2024 жылдың көктемінде әскери қызметтен босауға немесе кейінге қалдыруға негізі жоқ 18-27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылған. Бұл сарбаздардың әскердегі қауіпсіздігін сақтау және әскерге деген ынтасын арттыру үшін бірқатар өзгерістер жасалып жатыр. Мәселен, 2022 жылдан бастап әскери борышын өтеген азаматтарға екі жыл ішінде кез келген ЖОО ақылы бөліміне оқуға түсуге мүмкіндік беріліп келеді. Ал қызметін өтеу барысында ерекше көзге түсіп, жауынгерлік даярлық кезінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген азаматтарға ЖОО тегін грант бөлімінде оқуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар мерзімді әскерге барып келгендердің оқып жатқан университеттерінің әскери кафедрасында еш емтихансыз, тегін оқуға мүмкіндіктері бар. Ал әскери оқу орындарына оқуға түсу, тіпті жеңіл. Мерзімді қызметтен кейін сарбаздар «Ефрейтор» шенін иемденіп шығады.

– Былтырдан бастап армияда бір жыл қызмет еткен немесе контракттан шыққан азаматтарға өзінің таңдауы бойынша 38 университетке тегін түсуге мүмкіндік берілді. Бұл армиядан саналы түрде қашып жүргендер мен армияда қалғысы келетін азаматтардың санын арттырып жатыр. Күні кеше Президент кредиттік ұйымдар туралы заң қабылдады. Армияға барып жатқан азаматтардың қарызын тоқтата тұру туралы, яғни несиелік демалыс деген институт енгізді. Жақында армия қатарындағы және әскерге баруы керек азаматтарда қанша қарызы бар екені туралы ақпаратқа да қол жеткізетін боламыз, – деді А.Сарым.

Бірақ әскер қатарын материалдық қажеттіліктер негізіндегі мақсатпен ұштастыра толықтырудың қаншалықты нәтижелі боларын уақыт көрсете жатар. Қоғам үшін ең өзектісі бұл емес! Әскер қатарына сап-сау аттандырған өрімдей жас баласын қуанышпен құшақ жая қарсы ала алмай, уайым арқалап қалған ата-ананың зары мен азаматтың өмірі өзекті.

«Бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан екі жыл бұрын «Бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл –  мемлекетіміздің мойнына алған міндеті» деп жауынгерлердің өлім-жітіміне жан-жақты тексеру жүргізіліп, шынайы себебін анықтау құзырлы органдардың жауапкершілігінде екенін ескерткен еді. Содан бері әскердегі әлімжеттік пен суицид мәселесінде өзгерген ештеңе жоқ. Бая­ғыша әлі күнге дейін жауынгер өліміне оның өзін кінәлау, сарбаздың өзіне жаба салу секілді сылтаудың «мұртын балта шабар» емес. Қоғамның көбіне налитыны да, баласын әскерге жіберуден қорқатын себебі де осы.

– Сарбаздың өзін кінәлайды немесе тағы сол жерде ата-анасы жоқ бір жауынгерді кінәлап жіберуі мүмкін. Офицерлер қайда қарайды, бұл негізінен офицерлерден басталатын жағдай. Офицерлердің арасында кезінде өздері де әлімжеттік көргендер де бар. Сондықтан мәселені жасыруға тырысады. Жауынгер көкала қойдай таяқ жеп, жасыруға келмейтін жағдай орын алғаннан кейін, адвокаттар жарияға шығарғаннан кейін ғана әрекеттер жасауға тырысады. Әрекет жасағанның өзінде де нақты айтқысы келмейді. Мираш Бекболдың ісінде де қаншама сұрақ бар. Көп адамдарды соттаған жоқ, қылмыстық жауапкершілікке тартатын адамдарды тартқан жоқ деп санаймын. Жамбыл облысында қайтыс болған сарбаз Ұлықбек Бердишевтің ажалының да себебі нақтыланбады, – деді адвокат А.Омарова.

«Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деп, Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, елдің қорғаны, ата-ананың үкілі үміті өрімдей жас сарбазымызды қорғай алмасақ, мемлекеттің қауіпсіздігін қалай қорғамақпыз? Алдымен қазақ әскерін қорғау мәселесі шешімін табуы керек. Ата-ананы алаңдатып, көңілін күпті еткен көп мәселенің статистикасына қарасақ, барлық жағдайда зардап шегетіндер негізінен қазақ балалары. Былтыр Сенат депутаты Геннадий Шиповских сарбаздардың өлімі үшін әскери бөлім басшыларын түрмеге жабуды талап етті. Бірақ ол да мәселенің шешімі бола алмай отыр.

Баласына «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп тәрбие беретін қазақ үшін бала қайғысынан ауыр қайғы жоқ. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ