Шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасының ең жас мүшесі Ерлік Сертай құрлық додасының қола жүлдегері атанды. Бұл – отандық семсерлесу спортындағы тарихи көрсеткіштердің бірі. Себебі бұған дейін қазақ балалары мұндай биікке шықпаған.
Ерлік Сертай – Париж Олимпиадасына жолдама алған төрт шпагашының бірі. Ол командаластары Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов және Вадим Шарлаимовпен бірге төртжылдық додасына лицензия жеңіп алды. Аталған төрттік әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша жазғы ойындарға қатысу мүмкіндігін иеленді.
Бүгінге дейін Ерліктің жүлделері команданың ортақ жеңісімен есептелетін. Ал Кувейтте өтіп жатқан Азия чемпионатында ол алғаш рет ересектер арасындағы ірі жеңісіне қол жеткізді. Алматылық спортшы құрлық біріншілігінде үздік үштікке енген.
«Бұған дейін ірі жарыстарда жекелей сында жүлде алып көргем жоқ. Сондықтан бұл медальдың құны алтынмен пара-пар. Анығын айтар болсам, алған медалімнен гөрі осы біріншілікте қалай өнер көрсеткенім өзіме ұнады. Сенімділік пайда болды. Семсерлесуде жарыстар бір күн бойы өтеді. Сондықтан бар күшіңді сарп етпей, үнемдеп жұмсау да аса маңызды. Жарыс өте жоғары деңгейде өткендіктен, психологиялық және эмоционалдық жағынан да оңай болмады», – дейді спортшы.
Жүлдеге барар жолда Сертай іріктеу кезеңіндегі бес кездесуде жеңіске жетіп, турнир кестесінде бесінші орыннан көрінді. 32 үздік спортшының қатарына ену үшін ол ирандық Бейк Бехнамды 15:8 есебімен жеңді. 1/16 финалда Ирак өкілі Аббас Мошинді 15:11, 1/8 финалда қытайлық Ванг Цидзені 15:12 есебімен жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда Сертай өзінің командаласы, тәжірибелі Эльмир Алимжановпен кездескен болатын. Ішкі бәсекелестіктің жоғарылығына қарамастан, Ерлік өзінің ең үздік нәтижесін көрсетіп, жартылай финалға өтті. Финал жолдамасына таласта біздің спортшымыз Гонконг өкілі Хо Вай Хангтен 13:15 есебімен жеңіліп, жекелей сында қола медаль иеленді.
Семсерлесуден Қазақстан командасының өкілі, мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасовтың айтуынша, бұл чемпионатта ешкім де Ерліктен «ерлік» күтпеген.
«Жас спортшы болғандықтан, біз Ерлік Сертайдан емес, басқа да тәжірибелі спортшыларымыздан медаль күттік. Бірақ Ерліктен күткен емеспіз. Өйткені ол – командадағы жас спортшылардың бірі. Оның қола медалі біз үшін қуанышты жайт.
Турнир барысында ол командаласы Эльмир Алимжановты жеңді. Екеуі үнемі жарысқа бірге қатысады, ел чемпионаттарында, жаттығу жиындарында кездеседі. Сондықтан бірін-бірі жақсы біледі. Ерліктің де деңгейі жоғары екенін ұмытпау керек.
Ал Азия чемпионаты спортшылардың рейтингі үшін өте маңызды. Олимпиада жеребесі рейтингке байланысты тартылады. Сондықтан рейтингте жоғары ұпай жинап, мейлінше жоғары орналасу әрбір спортшы үшін маңызды. Медальдан әлі үміттіміз. Рапира мен саблядан сынға түсетін қыз-жігіттеріміз бар», – деді Т.Байтасов.
Қазір шпагашылар командалық жарыста сынға түсуге дайындалуда. Командалық сында Ерлік Сертай бастаған төрттік Азия ойындарының финалына дейін жетіп, күміс медальды ел қоржынына салған болатын.
АЗИЯ БІРІНШІЛІГІНДЕ ҚАЗАҚСТАН НАМЫСЫН ТӨМЕНДЕГІ СПОРТШЫЛАР ҚОРҒАУДА:
Шпага, әйелдер:
Софья Николайчук, Виктория Қайдарова, Владислава Андреева, Наталья Зинякова;
Шпага, ерлер:
Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай;
Сабля, әйелдер:
Айгерім Сарыбай, Карина Доспай, Анастасия Гулик, Жасмин Капыджы;
Сабля, ерлер:
Артем Саркасян, Саттархан Назарбай, Жанат Нәбиев, Бақдәулет Құралбекұлы;
Рапира, әйелдер:
София Ақтаева, Құлжан Түсіпбекова, Алена Гноева, Алина Ескендірова;
Рапира, ерлер:
Ғалым Нұрымов, Темірлан Қалиев, Тимофей Семенов, Никита Пономарев.
Арда КЕМЕЛ