Аралдағы өртке кім кінәлі?
Грекияда қазақстандықтардың тарихи мұраға нұқсан келтіргені және жалғыз қарағайлы орманды өртеп кеткені туралы суыт хабар әлемдік ақпарат құралдарында бір күнде – 22 маусымда, бірінен соң бірі жарияланды.
Бірінші оқиға туралы аталған елдің Мәдениет министріне қарасты Помпей археологиялық паркі (Parco Archeologico di Pompei Ministero della Cultura) жария етті. Оған сілтеме жасап, Euronews хабарлауынша, қазақстандық саяхатшы көне шаһардың орны – Помпейдегі археологиялық паркте, «Цейлар үйі» жәдігерінің қабырғасын бүлдіргені үшін тұтқындалды. Ол тарихи экспонаттың қабырғасына ALI деп қырып жазған. Ер адамға енді «Грекия мемлекетіне келтірілген ірі шығынның орнын толтырып, тарихи мұраны қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеуге тура келеді».
Ақпарат алғаш археологиялық бақтың ресми сайтында пайда болды. Онда келтірілгендей, 1913–1914 жылдары археологтер аршып алған «Цейлар үйі» – біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдың, кейінгі самнит дәуірінің мирасы. Тиісінше, бұл нысан бүкіл дүниежүзі бойынша сол ежелгі замандағы байырғы баспананың сирек, бірегей үлгісі саналады.
Тарихи деректерге сәйкес, бұл баспананың қожайыны магистрат Луций Цей Секунд болған. Мұны сол заманда үйдің қасбетіне сәулетшілер арнайы қашап түсірген тарихи жазба куәландырады. Енді қазақстандық еркек соның қасына өз атын қашап қалдырмақ болғаны үшін ұсталды.
«Қазақстаннан келген туристі қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері өткен сенбі күні, таңертең ұстап алды. Ол Помпейдің археологиялық паркіндегі Цейлар үйінің ақ штукатуркасына ALI деген сөзді қашап жазып жатқан кезде тоқтатылды», – деп мәлімдеді музейдің пиар-офисінің өкілі Euronews-ке берген сұхбатында.
Ақпарат құралдарының жазуынша, қылмыстық оқиға туралы музей қызметкерлері дереу парктің жанында орналасқан карабинерлердің стационарлық бекетіне хабарлаған. Жедел жеткен жергілікті полиция заң бұзушының қолына кісен салды. Би-Би-Си хабарлауынша, қазақстандыққа архитектуралық, тарихи ескерткішке келтірген шығынын өтеуге тура келеді. Шығынның нақты сомасы техникалық сараптама өткізіліп, қорытындысы шыққан соң белгілі болмақ.
«Атың шықпаса, жер өрте» деген қарғысқа бергісіз ауыр сөзді ата-баба ұрпағын қитұрқы қарекеттерден сақтандыру үшін айтып қалдырған. Бірақ мұны тікелей түсінгендер табылғандай. Шетелдік ақпарат құралдары бастапқыда жазғандай, Қазақстаннан барған туристер тобы Грекияда кемеден отшашу атып, аралды өртеп жібере жаздаған-мыс. Бұл оқиға грек қоғамының қабырғасына батты. Өйткені кейінгі жылдары климаттық дағдарыс аясында ауа шектен тыс қызып, Грекияда алапат орман өрті болып, ондаған мың гектар аумақты тілсіз жау жалмады.
Оқиға 21 маусымның кешінде Агиос-Николаос жағажайының ауданында болды. Грекиялық Tovima басылымы жазғандай, оның жағалаулық су айдынында ауқатты қазақстандық саяхатшылар жалға алған VIP-кеме келіп тоқтап, зәкір салған. Жатжұрттық туристер қызды-қыздымен кемеден құрлыққа бағыттап, отшашу ұйымдастыра бастайды. Қазір бүкіл Грекияда, соның ішінде аталған ауданда да 40 градустан асатын аптап ыстық үстемдік етіп тұр. Құрғақ шөпке ұшқын тиіп, өрт қаулап қоя берген-мыс.
«Шетелдік туристер не істеп қойғандарын түсінгенде, жағаға жетіп, өртті өз бетінше сөндіруге тырысқан. Бірақ бұл қолдарынан келмеген соң кешігіп өрт күзетіне қоңырау шалған және оқиға орнынан тайып тұрған», – деп жазады ProNews арал билігінің ресми ақпаратына сілтеме жасап.
«Тілсіз жаумен» күреске өрт сөндірушілермен қатар жергілікті волонтерлер, куәгерлер де жұмылды. Сондай-ақ жергілікті билік биіктен су шашуға тікұшақ ұшыруға мәжбүр болған. Осының өзі өрттің ауқымынан хабар береді.
«Кейбір адамның сонша жауапсыздығын паш ететіні, қарағайлы орман жаққа қарай фейерверк атқаны біздің ашуымызды туғызды», – деді Гидра (Идра) мэрі Гиоргос Кукудакис. Ол өз әкімшілігінің өрт туғызған қазақстандықтардың үстінен дереу сотқа шағым түсіретінін қосты.
Былтыр Грекия қасақана және абайсызда өрт тудыру үшін жазаны күрт қатайтты. Айыппұлдар көлемі 200 мың еуроға дейін ұлғайды. Ең жоғарғы жаза 20 жыл бас бостандығынан айыруға дейін жеткізілді.
Ақпарат құралдары сол күндері Грекия биылғы бірінші «жылу соққысын» бастан өткергеніне назар аудартты. Салдарынан бірқатар өңірде ауа температурасы 44 градустан көп қызып кеткен. Мұндай жағдайда тұрғындар да, туристер де өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауы тиіс. Отшашуларға қатаң тыйым салынған.
Олигарх айыпты жоққа шығарды
Бұл оқиға жаһанға жария болысымен Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Грекияның ресми органдарына сілтеме жасап, сол өртке айыпталып, ұсталғандар арасында қазақстандықтардың жоқ екенін және Қазақстан азаматтарына ешқандай шағым қойылып отырмағанын мәлімдеді.
Алайда артынша қазақстандық БАҚ OCCRP тәуелсіз журналистік ұйымның зерттеуіне сілтеме жасап, Грекияда өртелген арал жанында аялдаған яхтада қазақстандық олигархтар болғанын жарыса жазды.
«Аралдағы өрт үшін ұсталған адамдар арасында Қазақстан азаматтарының жоқтығы белгілі болды. Анықталғанындай, кемеде болған отандық олигархтар дереу елден кетіп үлгерген. OCCRP әшкерелегендей, «Персефони I» яхтасында 7 қазақ болған. Олардың бірі – олигарх Данияр Абылғазин. Қонақтар арасында KMG International NV ұлттық мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері мен оның қызы да болған. Грекиялық аралды «тілсіз жау» жалмап жатқанда бизнесмен Абылғазиннің жеке ұшағы жедел түрде Афиныдан Алматыға ұшып шықты. Сот құжаттары куәландырғандай, оның бортында олигархтың әйелі Айдан Сүлейменова мен ұлы, басқа да биік лауазымды тұлғалар болды», – деп жазды ақпарат көздері.
Гидра аралындағы орман өрті 300 мың шаршы метрді жайпады. Шығын одан да көп болуы мүмкін еді, бірақ көтерілген жел өртті орманнан аулаққа бұрып әкетіпті. 22 маусым күні Грекияның ұлттық өрт қызметі оқиғаға қатысы бар 13 гректің ұсталғаны туралы мәлімдеді. Олар кеменің қызметкерлері болғанға ұқсайды. Әйткенмен, құны 250 мың еуро тұратын қымбат кемені жалға алған қазақстандықтардың ешқайсысының қолына кісен салынбаған.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, олигарх Данияр Абылғазин «Қазақстанның ең бай 75 тұлғасының» бірі (рейтингте 21-орында тұр). Оның ауқаты 380 миллион доллардан асады деп бағаланады. Ол SinoOil, Gas Energy, Qazaq Oil жанар-жағармай құю стансалары желілерінде, PTC Operator, Petroleum, «РТИ-АНПЗ», SilkwayTransit және басқа компанияларда үлеске ие.
Артынша ақпарат құралдары Пирей қаласының прокуратурасы сегіз қазақстандыққа қатысты «өртке арандатты» деп қылмыстық айып таққанын хабарлады. Грекиялық Рrotothema басылымының жазуынша, зерттеу көрсеткендей, бір топ қазақстандық аралда да отшашу ұйымдастыруы мүмкін. Бұл қазақстандықтар өрт басталған кезде кеменің ішінде емес, тікелей Агиос-Николаос жағажайында болған. Өйткені 26 маусымда тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде жағажайда петардалардың қалдықтары мен фрагменттері табылды.
Осы деректерден кейін кеше бизнесмен Данияр Абылғазин Гидра аралындағы өртті тергеуге қатысты мәлімдеме жасады. Тергеуді Грекия билігі жүргізіп жатыр. Кәсіпкер БАҚ-та дұрыс емес және жаңылыстыратын ақпарат таралып жатқанын жеткізді. Мысалы, ол өрт бола сала қашып кетпегенін білдірді: ұшу әу бастан сол күнге жоспарланыпты. «Куәлік етпей кетті» дегенді де мойындамады.
«Мен грекиялық Гидра аралында болған өртке байланысты үлкен өкініш білдіремін. Мен «Персефони I» яхтасын 2024 жылғы 15 маусым күні түскі 12:00-ден 22 маусым күнгі 12:00-ге дейін арендаға алдым. Ондағы мақсат – өзім және қонақтарым үшін Грекия аралдары бойынша круиз ұйымдастыру болатын. 22 маусымға жоспарланған Грекиядан ұшып кетудің алдында бізбен Грекияның билік органдарының өкілдері сөйлесті. Бірақ олар маған немесе менің қонақтарыма оқиғаға байланысты ешқандай талап қойған жоқ. Сондықтан біз ертеректе белгіленген саяхат жоспарын ұстануды жалғастырдық. Бірқатар қонағымыз 21 маусымның таңында-ақ кетіп қалғанын атап өткенім жөн», – деді Д.Абылғазин.
Ол елге оралған соң масс-медиада жариялана бастаған айыптар туралы есту – өздері үшін еш күтпеген жайт болғанын нықтады.
«Мен қандай да бір құқықбұзушылықты үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Мен де, менің қонақтарым да өртке соқтыруы мүмкін ешқандай іс-әрекет жасаған жоқ. Біз яхтада бекітілген өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтадық. Мен де, менің қонақтарым да яхта экипажынан немесе өзге үшінші тұлғалардан өртке соқтыруы мүмкін қандай да бір іс-қимыл жасауды сұраған емеспіз. Біз әрдайым барлық қажетті қауіпсіздік шарасын ұстанамыз және сондай оқиғаларды болдырмау үшін заң мен нормаларды қатаң сақтаймыз», – деген Данияр Абылғазин жүргізіліп жатқан тергеу аясында Грекия билігімен ынтымақтасатындарын жеткізді (өз атынан ғана емес, көпше түрде «біз ынтымақтасамыз» деді).
Грекия оқиғасының сабағы қандай?
Қалай болғанда, әлемдегі вандализм оқиғаларының қазақстандықтармен байланыстырылуы елге сын, мемлекет беделіне дақ. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Қазақстанның өзінде вандализм кең таралғанын, қазақстандықтар өзге елге барғанда жаман әдетін тек қайталайтынын қынжыла жеткізді.
«Қазақстанның елді мекендеріндегі бейбастақ істер әлдебір соғысты елестетеді. Жас адамдар жүздеген орындықты сындырады, қоқыс жәшіктерін өртеп кетеді. Ғимараттардың қабырғасына ғана емес, тіпті ескерткіштерге де бейәдеп сөздер жазып тастауға бейім тұрады. Құптаған қарқ-қарқ күлкі аясында тұтас тобыр болып әлдебір нысанды қиратып жатады. Бұл жігіттер үшін қасиетті ештеңе қалмағаны ма? Вандализм қоғамдық құндылықтарды күйретеді», – деді мәжілісмен Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат вандализмге тосқауыл қою шараларын күшейтуді, көшелерде, тарихи, мәдени және табиғи мұра объектілерінде жалпы саны 28 мың бейнебақылау камерасын орнатуды ұсынды.
«Мен депутаттық сауал жасап жатқанымда Жетісу аумағында жарылыс болды. Талдықорған жанында құрылысқа қажетті қиыршықтасты өндіру үшін байырғы петроглифтер түсірілген тарихи қорғандарымыздың қалған жұрнағын мақсатты түрде жойып, жарып жатыр. «Энергострой» компаниясы петроглифтер тауында таулы жыныстарды жұмсарту үшін жарылыс жұмыстарын жүргізетіні туралы халықты жария құлағдар етіпті. «Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтарынан жарылысты естігенде дүрлікпеуге және түсіністікпен қарауға шақырамыз!» делінген хабарландыруда. Біз депутаттық сауалымызға сырғытпа жауап қана алдық», – дейді Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев.
«Қазақстанда «Тасбақа-Черепаха» аталған таудағы петроглифтерге және оның жанындағы 33 сақ қорғанына жойылу қаупі төнді» деп Би-Би-Сиге дейін дабыл қағып келеді. Шенеуніктер былқ етер емес.
Депутат металіздегіш жабдықтарын көтерген «қара қазушылар» қорғандарды опыра қазып, тарихи мұраларды жаппай қиратып жатқанын айтады. Оған да тоқтау жоқ. Тарихи орындардағы қазба жұмыстарын лицензиялауды тәртіпке келтіруді, сондай-ақ тарихи ескерткіштер орнында құрылыс жүргізуге рұқсат ететін ғалымсымақтардың жалған қорытындыларына тосқауыл қоюды Президент талап етті.
Қазақстанда былтыр заңнама күшейтіліп, вандализм үшін жаза қатайтылды. Алайда С.Пономаревтің айтуынша, нәтиже шамалы: халық айыппұл салынатынын не білмейді немесе айыппұл ешкімді үркітпейді.
«Вандализмге жай, қатардағы әкімшілік және қылмыстық іс деп қарамауымыз керек. Бұл – Ұлы даланың өткеніне, ата-баба мирасына жасалған жойқын соққы! Салдарынан көшпенділер өркениетінен хабар беретін тарихи жәдігерлер қалмай барады. Бірегей артефактілерді жою ұлттың бірегейлігін, ұлттық кодын жоғалтуға соқтырады. Бұл проблеманы шұғыл және іс жүзінде шешу керек. Үкімет тарихи-мәдени объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған заңнама талаптарының орындалуын ерекше бақылауға алуы тиіс», – деді С.Пономарев.
Мұның сыртында мәдени мұра нысандарын қорғау, күзету, зерттеу, вандалдар бұзып, бүлдіргенін реставрациялау жұмысын жандандыру, осыған жауапты орталықтар инспекторларының өкілеттігін кеңейту қажет. Вандализммен күрес шараларын өрістету, ел арасында түсіндіру жұмыстарын кеңейту маңызды.
Әуесқой археологтарға металіздегіш қолдануға тыйым салу, бұл қызметті лицензиялау ұсынылды.
Депутаттарға жауабында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіріп, бұзғаны үшін жаза ары қарай күшейтілетінін хабарлады. Осы мақсатта тиісті түзету Парламентте қаралып жатқан «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жобасында қарастырылмақ.
–Вандализмнің алдын алу үшін биылғы 2024 жылы елде шамамен 43 мың бейнебақылау камерасын және 350 аппараттық-бағдарламалық кешенді орнату жоспарланып отыр. Бұл бюджеттен жалпы сомасы 42,4 миллиард теңгені қажет етеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бейнебақылау камераларының көмегімен шамамен 1,5 мың қылмыстық және 95 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, – деді вице-премьер Р.Скляр.
Ең бастысы, петроглифтер мен қорғандарды қиратушы әрекеттерге тоқтау салу керек. Грекиялықтар әлем назарын аудартып, әрбір тарихи қабырғасын, әрбір аралын алақанға салып аялап жатқанда Қазақстанда тұтас петроглифті тау мен сақ қорғандарының аяусыз қиратылып жатқаны өкінішті-ақ.
P.S. Айтқандай, өткен аптаның соңында кейбір қазақстандықтардың АҚШ-та да абыройсыздыққа қалғаны мәлім болды. Әлеуметтік желіні пайдаланушы Шәкәрім Абдоллаев жариялаған Америкадағы қазақстандықтардың вандализмі туралы видеоролик қоғамдық резонанс туғызды. Әлдекімдер америкалық Чикагоның қақ ортасында, ескерткіштің тұғырына «Атырау Қазақстан», «Шымкент» деп туған қалаларының аттарын кириллицамен қашап жазып кетіпті. «Қазақстандықтар барған жерін бүлдіреді» деген жақсы атақ болмаса керек. Шетелге шығатын турист жеке тұлға ғана емес, белгілі дәрежеде өз елінің, төл болмысы мен мәдениетінің елшісі екенін де естен шығармағаны абзал.
Елдос Сенбай