Мәжіліс депутаты: «Ауыл аманаты» жобасы халықтың табысын арттыруда

Бүгін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, кәсібін бастаған бірқатар азаматпен кездесіп, өндіріс орындарын аралады.

«Ауыл аманаты» – ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бірегей жоба. Жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта өткен жылы республикалық бюджеттен өңірге 3 млрд теңге бөлініп, 406 жоба несиелендірілген. 

Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Алма Ысмайлова осы жоба аясында несие алып, қазір жылыжай шаруашылығын дамытуда. 

– Ата-бабамыз егіншілікпен айналысқан. Сол ұмыт болып қалған дәстүрді осы «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, жүзеге асырып отырмыз. Жоба кәсіп ашамын деген адамға үлкен көмек.  Қазір жылыжай кәсібінің қыр-сырын толық игеріп алдық. Алдағы уақытта қияр өнімін тек өсіріп қана қоймай, оны әрі қарай терең өңдеу, консервілеу, маринадтау жұмыстарын да қолға алсақ, – дейді Алма Ысмайлова.

Алма Ысмайлова жоба аясында 7 млн теңге қаржы алған. Бұл қаржыға жылыжай құралдарын сатып алып, қияр өсірумен айналысуда. Жылына 3 тонна қияр өндіріп отырған шаруашылық иесі алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтуды жоспарлауда. 

Сонан соң Мұрат Әбенов кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаеваның шұлық цехында болды. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 5 млн теңге несие алып, шұлық өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар сатып  алған. Қазір үйінің алдынан шағын цех ашып алды.

 

– Жобаның мүмкіндігі жоғары. 2,5 пайызбен аласың әрі төлем каникулы да қарастырылған. Бүгінгі күні 1 азаматты жұмыспен қамтып отырмын. Күніне 200, 300, кейде 400 данадай шұлық шығарамыз. Алайда өнімді сату мәселесі де бағдарламада қарастырылса дейміз. Яғни, әлеуметтік дүкендерде сатуға рұқсат берілсе, – дейді кәсіпкерлер.   

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кәсіпкердің өтініші бойынша бұл мәселе алдағы уақытта  ескерілетінін атап өтті.

 – Жалпы, елді аралап жүргенде «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылар өте көп. Бұл халықты еңбек етуге, табыс табуға үйретіп отыр. Сондықтан жобаны насихаттауды күшейту керек. Осындай жобалар туралы кең ақпарат алу үшін арнайы  платформа әзірлеу қажет. Екіншіден, кәсіпкерлер жобада өндірген өнімді сату мәселесі қарастырылса, әлеуметтік дүкендерде сатуға рұқсат берілсе дейді. Расымен,  әлеуметтік дүкендерде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген деген сөре неге болмасқа. Алдағы уақытта осы мәселелер бойынша жауапты органдармен жұмыс істейтін боламын, – деді Мәжіліс депутаты. 

 

Халық қалаулысы сондай-ақ жоба аясында іске қосылған көрпе тігу цехының жұмысымен де танысты.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы бөлінген 3 млрд теңгеге  Сыр өңірінде 1 томат пастасы цехы, 34 жылыжай ашылып, 671 асылтұқымды төрт түлік алынған. Сонымен бірге 21 сүт және ет өнімдері өндірісі ашылып, 66 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінген. Оған қоса, 14 балық, 18 құс шаруашылығы іске қосылды. Жоба қатысушыларының арасынан 38 адам кондитер және нан өнімдерін пісірумен айналысып, 3 гидропоника, 7 жиhаз, 34 пластикалық өнім  мен кұрылыс материалы өндірісі, 98 қызмет көрсету орны ашылды. Биыл жоба аясында 4,6 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл жолы да негізгі басымдық өңірдің ерекшелігіне қарай өндірістік жобаларға берілмек.