Бірнеше аптадан бері Арал өңірінде жасанды жаңбыр жауғызу жобасы қолға алынды. Қуаңшылықтан көз ашпай, экологиялық ахуалды бастан кешіп отырған теңізді өлкенің тұрғындары үшін бұл тосын жаңалық болды. Ертеңгі күнге деген үміті оянды.
«Жасанды жаңбыр»: аралдықтардың үміті ақтала ма?
5,215
оқылды

Ел арасында «Жаңбыр адам» ата­нып кеткен Алтай Айнабектің бұл жо­­ба­сы көптен бері халықтың талқы­сын­­да жүр. Жаңбыр жауғызу арқылы құр­­­­ға­­ған теңіз ұлтанын тіршілік нәріне толтыру бастамасына күмәнмен қара­ғандар да аз емес. Ал келесі біреу­лер жо­ба­ға сәттілік тілеп, тілеулестігін біл­діруде. 

Жоба авторының айтуынша, нақты уақытта бастама сәтті жүзеге асырылып жатыр. Осы кезеңде жергілікті климат үйретілу процесін бастан өткеріп жатыр екен. Көз қуантарлық нәтиже де бар. 

«Негізінен, Арал теңізінің аква­ториясына 5 мемлекет кіреді. Бүгінде жобамыз сәтті жүзеге асып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Нақты уақытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ша­мамен атмосферадан 50 млрд текше метр бу түріндегі су кірді. Оның бірша­ма бөлігі акваторияға түсті. Бұл деге­німіз – бұрынғы тарихи Арал теңізінің жиырмадан бір бөлігін құрайды деген сөз. Осы арқылы біз осындай мөл­шерде бу түріндегі суды тартуға бола­ты­нын дәлелдеп отырмыз. Қазір ат­мо­сферадан кірген осы су мөлшерін ло­­ка­­лизациялық сығып алу мәселе­сімен айналысып жатырмыз. Алайда бұл жұмыстарды өз деңгейінде жүргі­зуге әзірге қажетті құрал-жабдық­тары­мыз болмай тұр. Алдағы уақытта технология 100 шақты дронмен толық­тырылатын болады. Бұл дрондар келген бұлтты жан-жаққа жібермей, локализациялық сығып алу процесімен айналысады. Сонымен қатар жасанды жаңбыр жауғызатын негізгі жабдық­тарымызды көбейткіміз келеді. Соған Үкіметтен көмек сұрап отырмыз. Жал­пы, климатты енді үйретіп жатыр­­­мыз. Нәтижесінде, қазір Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы түсті. Бұл жерде алға қойған мақсатты жұмы­­­­сымыз асау атты жүгендегендей көп ең­бек­­ті қажет етеді», – дейді жоба авторы, Біріккен Араб Әмірлігі Абу-Даби қаласындағы халықаралық кли­мат өзгерту технологиялары мекеме­сінің сарапшысы Ал­тай Айнабек. 

Халықаралық са­рапшының ай­туын­ша, көршілес Өз­бек­стан мемлекетінің Нү­кіс қа­ласындағы Арал теңізінің оңтүстік бөлігіне 56 мил­лиметр жа­уын жауғаны мәлім болып отыр. Бұл тұрғыда Өзбекстанның су шаруашы­лығы министрлігі мен УзГид­ромет мекемесі жоғары белсен­ділік танытып отырғанын алға тартады. Со­ны­мен қатар еліміздің батыс ай­мағында да жауын-шашын жағдайы тіркелген. Бұл судың жеткілікті дең­гейде келіп жат­­қанын аңғарта­тынын айтады. Соның негізінде Аралды қал­пына келтіруге толық мүмкіндік бар екеніне сенім білдіріп отыр. 

Негізінен, атмосферада судың бу түріндегі мөлшері 10 триллион тон­надай мөлшерде болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оның 80 пайызы су церкуляциясы бойынша мұхитқа түседі екен. Ал қалған бөлігі қүрлыққа түседі. 

Қазір Арал теңізінің тағдыры әлем­дік үлкен мәселеге айналып отыр. Мә­­ліметке сәйкес, 2022 жылға дейін Қы­зылорда облысы бойынша 5 жасқа де­­йінгі 60-80 сәбидің шетінеу фактісі тіркелген. Ал соңғы 2023 жылы 228 сә­би шетінеген. Мұны эколо­гиялық ахуал­­­­дың асқынып тұрғанымен байла­ныстыратынын алға тартты сарапшы. Неміс ғалымдары да осындай тұжы­­рымға келіп отырғанын жеткізді. Со­ған орай, осы мәселені шешуге күш са­лып жатқанын мәлімдеді. Бірақ Үкі­мет пен бизнес өкілдерінен көмек күтетінін жеткізді. 

«Осы орайда Қазақстан тарапы­нан, оның ішінде Қызылорда облысы әкім­дігінен әзірге ешқандай көмек болмай отыр. Бұған дейін Қызылорда облысы әкімдігіне көмек сұрап бар­­дық. Бірақ елдің келешегіне алаң­­даушылық біл­дірген жан қара көр­сетпеді. Бірақ Өз­бек­стан тарапынан белсенділік бай­қалады. Қазір Өзбек­станнан ме­тео­­­­­­құ­­­рылғыларды онлайн бақылап отыруға ықпал жасауын сұрап отыр­мыз. Соны­мен қатар Ресей менші­­гіндегі Бай­­қоңыр қаласындағы құ­рылғылар ар­қы­­­лы да бақылау жүргізуге өтініш білдіріп отырмыз. Әлі нақты шешім алған жоқпыз. Бір сөзбен айт­қанда, өз елімізден, жергілікті әкімдіктен мар­дымды көмек болар емес. Дей тұр­ғанмен, жүргізіліп жатқан жұмыс­тың нәтижесін алдағы уақыт еншісінде кө­ретін боламыз. Ең бастысы, халық­тың сенімі мен шетелдіктердің қол­дауы көп», – деп ойымен бөлісті сарапшы. 

Соңғы кездері әрбір мемлекетті сумен қамтамасыз етудің әдісі атмо­сфералық су ресурстарымен қамта­­ма­сыз етудің инновациялық әдіс­те­рімен алмастырыла бастады. Жо­­­­­­­ға­рыда айтып өткеніміздей, жер ғалам­шары­ның атмосферасында  10 триллион тоннаға жуық бу түріндегі су мөлшері болатыны нақтыланған. Бұл – жер бетінің әр гектарына 200 тоннадай судан келеді деген сөз.  Алайда атмо­сферадағы су мөлшерінің көп бөлігі жауын-шашын күйінде мұхитқа құйы­лады екен. Құрлыққа тиесілі мөлшері тек 20 тоннаға тең. Егер де осы су мөл­шерін ұтымды пайдаланса, ғаламды жайлаған жылыну процесін тежеп қана қоймай, шөлейттену мен эколо­гиялық ахуалды еңсеруге де мүмкіндік мол екенін алға тартып отыр мамандар. 

«Бұған дейін еліміздегі Су ресурс­тары және ирригация министрлігімен де жолықтым. Министрлік тарапынан арнайы жұмыс тобын құру мәселесін қарайтынын мәлімдеген болатын. Жуырда жұмыс тобы құрылғаны жа­йында ақжолтай хабар алдық. Оның ішінде жұмыс тобы үш министрліктен, атап айтқанда, Ғылым және жоғары білім, Экология және табиғи ресурстар мен Су ресурстары және ирригация министрліктерінен, сондай-ақ екі институт өкілдерінен құрылған. Қазір әрбір жүргізілген жұмыс бақылауға алынған. Соның нәтижесінде бола­шақта бұл жұмыс су қауіпсіздігін қам­тамасыз ететін жобалардың қатарына кіргізіледі деген үмітіміз бар», – деп ойын түйіндеді халықаралық сарапшы.

Жалпы, халықаралық сарапшы Аралды құтқару және шөлейттенудің алдын алу бағытында қолға алынған жоспарлы жұмыстар оң нәтижесін көрсететініне сенім білдіреді. Ең бас­тысы, мемлекет тарапынан жет­кілікті деңгейде қолдау көрсетілуі тиіс деп есептейді. Сонда ғана жа­һандық жы­лынуға қарсы күрес шараларын кү­шейтіп, халықтың әл-ауқатын арт­тырып, адамдардың денсаулығын ны­ғайтуға жол ашады деп санайды.

 

Қызылорда облысы

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ