Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жаттқан үйлер
Тұрғындарды толғандырған түйткіл көп
1,319
оқылды

Әлеуметтік нысандар сапалы салынуға тиіс

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қы­рықбаев және Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысы Сауран ауданы Ораңғай елді мекеніне барып, Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысымен танысты. Бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр.

Халық қалаулылары құрылыс-монтаж жұмысы аяқталуға жа­қындаған нысанның қазіргі жай-күйіне, арнайы жабдық­тармен қамтылуына, орталық аумағына барлық инфрақұрылымның тар­тылуына, абаттан­дыру жұмысын жүргізу мәселесіне баса назар аударды.

– Тұрғындар «AMANAT» пар­тия­сының атқарып жатқан жұ­мысын нақты нәтижеге қарап ба­­ғалайды. Сондықтан партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдар­ламасын жүйелі жүзеге асы­­ру өте маңызды. Тұрғындардың сұра­­нысына ие әлеуметтік ны­сан­дар сапалы салынып, уақы­тылы пай­далануға берілуге тиіс. Осы орталықтың құ­рылысы да партия­ның ерекше бақы­­­лауын­да, – деді депутат Темір Қы­­­рықбаев.

Айта кетейік, нысан құры­лысына облыстық және респуб­ликалық бюджеттен 2,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жаңа нысанда бір мезетте 200 па­­­циент­тің ем қабылдауына жағдай жаса­лып, оларды оңалту шараларымен қамту көзделуде. Жоспарға сәй­кес, Түркістан қаласының ірге­сінде салынып жатқан орталық биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі.

– Өздеріңіз білетіндей, өңірде ерекше қажеттілігі бар азамат­тардың қатары қалың. Мен сондай тұрғынның бірімін. Қазір Сауран ауданы Қарашық ауылы Құмтиын елді мекенінде тұрып жатырмын. ІІ-топтағы мүгедекпін. Жылына кемі 2 рет дәрігер қабылдауында болып, оңалту шараларынан өтуге мәжбүрмін. Ондай медициналық мекеме жақын жерде болма­­ған­дықтан, ем қабылдау үшін бірнеше жылдан бері Шым­кент қаласына қатынап жүрмін. Жаңа нысан тезірек іске қосылса деймін. Осы орта­лықтың ашылуын асыға күтіп жүрмін, – деді Жақсыкүл Истам­кулова.

Айта кетейік, депутаттардың өңір­ге сапары әрі қарай жалғасуда. Халық қалаулылары тағы бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесулер өткізеді.

Көкшетаулықтарды мазалаған сауалдар

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшелері Айна Мы­сырәлімова, Юлия Кучинская және Наталья Дементьева Көкшетауда 1 500 оры­ндыққа арналған мектеп құрылысымен танысты.

Сарыарқа шағынауданындағы жаңа мектеп «AMANAT» партиясының сай­­лауалды бағдарла­масын жүзеге асыру ая­сында салынуда. 

«Біздің ауданда көпбалалы отбасылар саны басым, ал 17-ші мектепте оқушылар сыныптарда қысылып отыруға мәжбүр. Менің екі балам бар, бірақ үлкенім бірінші сыныпқа келесі жылы бара­ды. Сон­дықтан біз жаңа мектепті асыға кү­те­міз», – дейді жергілікті тұрғын Самал Сапарбаева.

Айна Мысырәлімова еліміздегі демо­графиялық өсім қарқыны білім беру жүйе­сіне күш салатынын ескеріп, бұл ретте мек­тептердегі орын тапшылығы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. 

«Көкшетау қаласы – Ақмола облысы тұрғын­дарының басты орталығы. Қаланың халық саны миграция есебінен де, туу көрсеткішінің артуынан да өсіп жатқаны қуантады. Биліктің міндеті – қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, бұл әсіресе бала­ларға қатысты. Сондықтан біздің сайлауалды бағ­дарламамыз мектептер мен балабақшалар салу­ды көздейді. Мердігер осы мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беретінін айтты», – деді ол. 

Депутат Юлия Кучинская бүгінде мем­лекет білім беру саласындағы кадр тап­шылығын азайту және жастарды педагог мамандығына тарту бойын­ша қабылдап жатқан шараларға назар аударды. 

«Мемлекет басшысының баста­­ма­сымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Соңғы бірнеше жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Балабақша тәрбиеші­лері­нің жала­қысы 30%-ға артты. Ал бірнеше ай бұрын Пре­зидент депутаттар әзірлеген ғылым және білім мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Басқа мәселе­лермен қатар, заңда белгілі бір дәрежелері мен ғылыми атақ­тары бар педа­гогтерге ай сайынғы үстем­ақы төлеу қа­­растырылған. Бұл – мұға­лімдерді ынта­лан­дыратын шешім­дердің бірі», – деп есептейді ол. 

Былтыр Ақмола облысында «AMANAT» пар­тиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 1 245 орынға арналған 16 бала­бақша, 3 512 орынға есептелген 5 мектеп ашылды. Жалпы алғанда, 2027 жылға дейін өңірде 39 мектеп салу, сондай-ақ 82 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жос­парлануда.

 

Қаражалдықтардың мұң-мұқтажын тыңдады

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партия­сы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Ұлытау облысы Қаражал қаласында жұмыс сапарымен жүр. Мұнда депутат бірқатар әлеу­меттік нысанды аралап, азаматтарды қа­былдады.

Депутат «AMANAT» партия­­сының өңір­лік сайлауалды бағ­дарламасы аясында салынып жат­қан қоғамдық бассейннің құ­рылыс жұмысымен танысты. Мұн­дағы басты мақсат – инфра­құрылым мен тұр­ғындардың өмір сапасын жақсарту. 

– Біздің міндетіміз – тұрғын­дарды бұқаралық спортқа тарту, оған жағдай жасау. Осындай ны­сандар қала тұр­ғын­дарының ден­саулығын жақсартуға, олардың бос уақытын барынша тиімді өткі­зуге, сонымен қатар жас ұр­пақтың са­лауатты өмір салтын ұс­тануына мол мүм­кіндік береді. Бұл бас­сейн қала тұр­­­­­­ғын­да-

рының спортпен шұғыл­дануға, демалуға арналған сүйікті орнына айнала­тынына сенімдімін, – деді депутат.

Құрылыс жұмысын жыл соңы­на дейін аяқтау жоспарлануда. Бассейн жобасы қазірдің өзінде қала тұрғындарының назарын аударып, қолдау табуда.

– Отбасымыз қалада осындай нысанның салынуын көптен бері күтіп жүр. Енді балалар жылдың кез келген мезгілінде суға шомы­лып, жүзумен айналыса алады. Бұл – ең пайдалы спорт түрі, – деді Қаражал қаласының тұрғыны Айгүл Сәулебекова.

Дәл осы күні Аманжол Әлтай азамат­тарды қабылдады. Қара­жалдықтар депу­татқа қалалық инфрақұрылымның жай-күйі, әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақ­­тау және білім беру мәселелері бойынша жүгініп, өздерін толған­дырған сұрақ-сауалдарын жол­дады. 

Бұған қоса, тұрғындар қалалық орта­ны жақсарту мәселесіне қа­тысты өз ұсы­ныс-тілектерін жет­кізді. Депутат әр сұрақ бойынша егжей-тегжейлі түсінік­теме беріп, бірқатар өзекті мәсе­лені өз ба­қы­лауына алды.

Тасқыннан кейінгі қостанай

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» пар­тиясының мүшелері Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Қостанай облысы Жан­гелдин ауданының Көлқамыс ауылы­ның тұрғын­дарымен кездесіп, су тасқыны сал­дарынан баспанасыз қалған азаматтармен және оларға жаңа үйлерді салып жатқан құ­рылысшылармен кездесті.

Табиғи апаттан зардап шек­кен Жан­гелдин ауданының от­басылары жалғыз баспа­на­ла­рынан айырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әрбір мұқ­таж отбасыға мем­лекеттен жаңа баспана беріледі. Атап айт­қанда, Тауыш ауылында – 22, ал Көлқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Баспаналар Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында жа­салған мемо­рандум аясында типтік жобамен салынады. Әрбір үйдің жалпы ауданы 80 шар­шы метр және құны шамамен 30 мил­лион тең­гені құрайды. 

Мен мұндай су тасқынын көрген емеспін. Жергілікті ауыл ақсақалдарының айтуынша, қы­зыл су ауыл төңірегін үнемі ай­на­лып өтетін. Бірақ биыл жағ­дай басқаша болды. Су ауылы­мызды түгелдей басты. Во­лон­терлерге эвакуацияға кө­мек­­­­тес­­кен­дері, азық-түлік әкелген­дері үшін, заттарды орап, ба­лаларға қара­ғандары үшін алғыс айтамын. Қазір бізге уақытша киіз үйлер қойылды, болашаққа сеніммен қарап, жаңа баспананы күте­міз, – деді Колқамыс ауы­лының тұрғыны Темірхан Шой­басов.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясы табиғи апаттың ал­­ғашқы күнінен бастап зардап шеккендерге нақты көмек көр­сету жұмыстарын шұғыл баста­ды. Бұл – гу­манитарлық көмекті жинау, «Жастар Рухы» еріктілерін жұмылдыру, жағалауларды құм салынған қаптармен нығайту, су тасқынына қарсы бөгеттер салу және тағы басқа жұмыстар.

Су тасқыны кезінде біз тұр­ғындармен кездескенде олар­дың көбі жатақханалар мен басқа эвакуациялық пунктерге орна­ластырылған еді. Қазір жағдай жақсарып келеді, зардап шек­кендер өз баспаналарын алуда. Көлқамыста 19 отбасы осы жаз­дың 1 тамызында жаңа үйлеріне қоныстанады. Қо­сымша 10 сот­тық жер де беріледі. Жалпы, Қос­танай облысында су тасқы­нынан зардап шеккендер үшін құрылыс және тұрғын үй сатып алу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталады, – деді Берік Бей­сенғалиев.

Ал депутат Еркін Әбіл егер тұрғындар өтемақы алу немесе жоғалған мүлікті бағалау мәсе­лелерінде қиындықтар туын­даса, «AMANAT» партиясы «Құқық­тық көмек» жо­басы аясында те­гін заңгерлік көмек көрсе­­тетінін айтты.

Бір күн бұрын депутаттар Арқалық қа­ласында су тасқы­нынан зардап шеккен Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудан­дарының тұрғындары үшін салынып жатқан 50 пәтерлі үй­дің құрылыс барысымен та­ныс­ты. Қыркүйек айында үй пайда­лануға беріледі. 50 пәтердің 20-сы Арқалық тұр­ғындарына, 16-сы Амангелді және 14-і Жан­гелдин аудандарының тұрғын­дарына бе­рілмек. Бұдан бөлек, Арқалықта 78 зардап шеккен отбасы үшін дайын пәтерлер сатып алынды.