Біз қаламыздың заманауи ғылыми инновациялық технологияларды меңгерудегі жетістіктері және цифрлық дамуымен танысу мақсатында «Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы» ММ басшысы Дидар Сүлеймановпен сұхбаттасқан едік.
– Дидар Ұланұлы, еліміздің бас қаласы – Астананы «ақылды қала» ретінде дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жобалар мен бағдарламалар туралы айтып берсеңіз...
– Қазір әлемдегі қалалардың көбі жаңа цифрлы технологияларды енгізуге және ақылды қала (smart city) болуға ұмтылуда. Сол сияқты бүгінде Астанада цифрлы технологиялар бойынша ең үздік әлемдік тәжірибелер жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «ақылды қала» жобасы аясында экономика, басқару, өмір, ұтқырлық, адамдар, қоршаған орта сынды негізгі 6 бағыт көзделген. Бұл жұмыс шетелдік кеңесшілермен бірлесіп атқарылуда.
Smart City – Қазақстан үшін өзекті тренд. Бұл – маңызды міндет, өйткені халық санының өсуімен бірге елдің сандық аудиториясы да артады. Астананы әлемдегі ақылды қалалар қатарында дамыту мақсатында алғаш 2011 жылы елорда әкімдігінің қаулысымен «Астана Innovations» АҚ құрылды. Білікті мамандар мен талдап-зерттеушілердің еңбегінің нәтижесінде 2012 жылы Smart Astana жобасының тұжырымдамасы пайда болды. Астананы Smart City концепциясына көшіру бойынша жұмыс әлемдік тәжірибені пайдаланудың маңыздылығын арттырды.
Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі отырыстың бірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дамудың жаңа үлгісіне көшуге, инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. Президент: «Жалпы, ІТ бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың Digital nomads орталығына айналмақ. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек», – деген болатын.
Әрине, болашақ ақылды қаланы виртуалды мемлекеттік қызметтерсіз елестету мүмкін емес. Астанада көптеген өмірлік маңызы бар мәселені онлайн түрде, кез келген уақытта қалалық онлайн-қызметтер мен сервистерді пайдалана отырып шешуге болады. Атап айтар болсақ, INDIGO – балабақшаға қабылдау қызметі, Sergek – қоғамдық және жол қауіпсіздігінің зияткерлік жүйесі, Damumed – медициналық цифрлы экожүйе, IKomek 109 – бірыңғай байланыс орталығы, QalaQyzmet – қалалық қызмет көрсету орталығы, Smart Astana мобильді қосымшасы, Birge порталы және тағы басқалар.
– Жалпы, «ақылды қалаға» қандай критерийлер тән болу керек? Бүгінде Астана қаласының цифрлы дамуы қандай деңгейде?
– Астана цифрландыру министрлігінің Smart City 2023 рейтингінде көшбасшы орынға ие болып, Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша ең ТОП-21 интеллектуалды қалалардың қатарына енді. Бұл көрсеткіштер оның инновациялық және заманауи қала ретінде беделін растайды.
Елорда әкімдігі өзінің жұмысын қайта қарастырып, қаланың әртүрлі саласындағы 30-дан астам функцияны немесе 100 бизнес-үрдісті автоматтандырды. Еститін Үкіметтің үлгісін қамтамасыз ету үшін бірқатар Smart жоба іске асырылды. Бұл көптеген тапсырманы шешуді айтарлықтай жеңілдетті. Айталық, америкалық 311 қызметіне пара-пар IKomek 109 қызметіне күн сайын 5 мыңнан 29 мыңға дейін өтініш түседі. Жүйе әрбір өтініштің мәртебесін қадағалауға, салалар бойынша сұрыптауға және жою мерзімдерін бақылауға мүмкіндік береді. Негізінен, астаналықтардың күнделікті мәселелерін шешуге қажетті барлық сервис бір Smart Astana қосымшасына енгізілген. Мұнда суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін беруге, техникалық байқау және тұрғын үй кезегін тексеруге, дәріханалардан қажетті дәрі-дәрмектерді табуға болады.
Ал Birge порталындағы 10-нан астам инклюзивті қызметті ерекше балалардың ата-аналары белсенді пайдаланады, оның ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына, оңалту және балаларының әлеуметтік бейімделуіне жолдама алу қолжетімді. Сондай-ақ портал арқылы «Арғымақ» ат-сауықтыру кешенінде иппотерапия арқылы оңалтуға жазылу қызметі де қолжетімді, себебі атқа міну ерекше қажеттіліктері бар балалардың қозғалыс дағдыларын қалпына келтіруге және дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ қалалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай серпіліс жасалды, полицияның жедел басқару орталығына шығарылған 30 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Елорда тұрғындарының үй мәселелерін қашықтан шешуге арналған Управдом, Е-Knot, Аula және Osi.kz жобалары іске қосылды. Олардың көмегімен тұрғындар бір шерту арқылы МИБ тіркей алады және үйден шықпай-ақ үй басқарушысын онлайн түрде таңдай алады.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, былтыр Астанада 11,2 мың жаңа пәтер тапсырылған, сондай-ақ сатып алу-сату мәмілелерінің саны да артуда. Тұрғын үйді сатып алғаннан кейін астаналықтар бірден QalaQyzmet (бұрынғы – IQala) арқылы ТКШ келісімшарттарын жасауына болады. Сонымен қатар қызметті проактивті түрде алуға болады. Ол үшін 1414 нөмірінен келген SMS-ке жауап беріп, дербес деректерді пайдалануға рұқсат беру жеткілікті, кейін QalaQyzmet-тен сауалнаманың сілтемесімен SMS келеді. Нәтижесінде портал автоматты түрде өтінімді қалыптастырып, өңдеуге жібереді.
Қала болашақ жас инноваторлар буынын қалыптастыруға үлкен мән беріп, инновациялық экожүйені белсенді түрде дамытуда. Балаларды технологиялық дамыған әлемге дайындау үшін елордада жыл сайын оқушылар арасында қалалық және республикалық STEM олимпиадалары өткізіледі. Өйткені болашақ мамандарына жаратылыстану ғылымдарының, инженерия, технология және математиканың түрлі саласынан білім қажет. Әкімдік азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған инновациялық идеялар мен жобаларды қолдайды және оларды пилоттық сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
– Қазір елорда халқының өсуі мен урбанизация мәселелерінің үйлесімді шешімін табу үшін атқарылып жатқан жұмыстар қандай?
– Stats.gov.kz деректері бойынша, бүгінде елорда тұрғындарының саны 1,4 миллион адамнан асты. Болжамға сүйенетін болсақ, келесі он жылда бұл көрсеткіш екі есеге жуық өседі. Сондықтан мемлекеттік және мемлекеттік емес барлық салада заманауи даму үрдісін жеделдету, әрбір астаналық тұрғынның өмірін жақсартудың маңызы зор. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 95%-дан астамы электронды түрде қолжетімді, олардың жартысы проактивті түрде ұсынылады.
Қаланы цифрландыру басқармасы Astana Hub халықаралық технопарк және Astana Innovations-пен бірлесіп елордада IT кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін жаңа Astana Smart City Accelerator бағдарламасын іске қосты. Бұл бастама стартаптарға өз дағдыларын арттырып, қаланың өміріне өз шешімдерін енгізуге бірегей мүмкіндік береді. Ең үздік стартаптар өз жобаларын пилоттық сынақтан өткізу үшін Astana Hub-тың Seed Money бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге дейін қаржыландырылады.
Ақылды қала толық қуатта жұмыс істеуі үшін оның тұрғындарының цифрлы сауаттылығының жоғары деңгейде болуы өте маңызды. Күн сайын өмірді ыңғайлы және қызықты ететін көптеген жаңа сервис пайда болуда. Бірақ олардың барлығын халық дұрыс пайдалана алмайды. Мұнда айналаңыздағы барлық нәрсені мұқият зерттеу маңызды – алаяқтық жағдайлары туралы жаңалықтарға назар аудару, күдікті сілтемелерге өтуден және белгісіз хабарлама жіберушілердің хаттарын ашудан аулақ болу, жеке деректерге мұқият қарау, жалған жаңалықтарды анықтауды үйрену және ақпаратты бастапқы дереккөз табылғанша тексеру секілді көптеген мәселе бар. Бұл қарапайым болып көрінетін әрекеттерді білу күнделікті тапсырмаларды шешуге, онлайн сервистер мен жасанды интеллектіні қауіпсіз және тиімді пайдалануға жәрдемдеседі. Осылайша, Астананың ақылды қала ретіндегі табысы технологияларға ғана емес, сонымен қатар оның тұрғындарының қатысуына да байланысты. Қала тұрғындарының цифрлы сауаттылығы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым ақылды инфрақұрылымды тиімді пайдалана алады. Технологиялар мен адамдар бірге қауіпсіз және ыңғайлы қаланы жасайтын болашақ қазірдің өзінде шындыққа айналуда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ