Бүгінде елімізде ұлттық музыкалық аспабымызды дәріптеп, оны жастардың бойына сіңіру мақсатында арнайы мерекелік күн белгіленген. Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, жаһанға танытуда аталған күннің маңызы орасан зор. Біз мереке қарсаңында кәсіби домбырашы, дирижер, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаевпен сұхбат құрған едік.
Арман Жүдебаев: Домбыра насихаты – тарих пен салт-дәстүр насихаты
5,347
оқылды

Домбыра – ұлттық болмысымыздың символы. Қос ішекті аспаптың қоңыр үні тамыры тереңде жатқан тарихымыздан сыр шертеді. Қазақтың жаны мен рухына айналған қара домбыра – сан ғасырдан бері бүгінге дейін жеткен мәдени мұраларымыздың бірі. Тарих қойнауына үңілсек, кезінде ата-бабамыз қуынышы мен қайғысын домбыраның үнімен жеткізе білген. Ұлттық аспаптың мұндай әсерлі күшінен оның коммуникация қызметін атқарғанын да аңғару қиын емес. Қазақ пен домбыра – қашанда бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Домбыраның күмбірлеген үні қазақтың тұла бойын шымырлатып, рухын көкке көтереді.

– Арман Әділханұлы, 2018 жылдан бері елімізде Ұлттық домбыра күні той­ланып келеді. Бұл уақытқа дейін қазақтың төл аспабы республикада ауқымды дең­гейде атап өтілген жоқ. Осы ретте ұлт­тық құндылықтарды дәріптеуде домбыраның маңызы қандай? Аталған мереке дом­­бырамыздың кеңінен насихатталуына, жастардың қызығушылығының артуына ықпал ете алды ма?

– Ұлттық домбыра күні – жалғыз аспапты ғана емес, халқымыздың музыка өнерін, тұтас дәуірлерді, тарихымызды, дәстүр-ғұрпымызды насихаттау тұр­ғысында аса маңызды бастама. 

Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнерді қолдау мен дәріптеудің, креативті ин­дустрияның күшеюінің маңызы ту­ралы айтты. Міне, Ұлттық домбыра күні осын­дай маңызды бастамалардың ая­сындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет бас­шысы ұлттық болмысымызды ай­қын­дайтын құндылықтарымызды халық­аралық деңгейде насихаттау қажеттілігін айтып келеді. Осы бағыттағы жұмыс­тарымызды әлі де күшейтуіміз керек. Кейінгі жылдары Ұлттық домбыра күнінің аясы кеңейіп келеді. Атаулы датада өткізілетін іс-шараларға жұрт­шылық тарапынан қызығушылық артқанын байқап отырмыз.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар та­рапынан Ұлттық домбыра күніне баса назар аударылады. Оны ел астанасы мен барлық өңірде жыл сайын өтетін іс-шаралардың ауқымынан байқау қиын емес. 

Төл өнерге деген қызығушылық қарқынды түрде артып келеді. Әсіресе, жастарымыздың құлшынысы, ұмтылысы көз қуантады. Қоғамдық түсінік те бұл арада үлкен рөл атқарады. Қазір ата-аналардың көбі балаларын жастайынан домбыра үйірмелеріне бергенді құп көреді. Әрине, мемлекет тарапынан да бұл сұранысты қанағаттандыруға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Еліміздің барлық өңірінде шығармашылық, оның ішінде домбыра үйірмелеріне қаржылық қолдау жасалғанын білесіздер. Бұл бастама­лардың нәтижесі қазірдің өзінде бай­қалып отыр. 

Ұлттың деңгейдегі жәдігеріміз – дом­быраның маңызы әрқашан жоғары. Ал оны насихаттау, заман талабына сай түрлендіру және зерделеу – бүгінгі күннің мәселесі. Бәсекеге қабілетті жас буынның домбыраға деген бүгінгі көз­қарасы мен ынтасы – ұлттық ас­паптың қасиеті ешқашан төмен­демейтінінің айқын көрінісі. 

– Қазір талай өнерпазды түлеткен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын басқарып отыр­сыз. Академияда дәл осы ұлттық аспап түрін меңгеруге арналған кафедра бар ма? Студенттердің арасында қызығушылық танытушылар көп пе? 

– Әрине, шығармашылық білім беру ісіндегі басты бағыттың бірі – дәстүрлі өнер. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы кәсіби дәстүрлі өнерпаздарды даярлау ісін дамыту жолында ауқымды жұмыс атқарып отыр. 

Академияда 2008 жылы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы ашылды. 2008 жылы кафедраның бірінші мең­герушісі қызметін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Қос­бармақов атқарған еді. Одан кейін де кафедраны тәжірибелі мамандар, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиев, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жан­пейісовтер басқарды.

Қазір «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында домбыра аспабы бойынша ел көлемінде танылған, биік бағасын алған шеберлер дәріс береді. Олардың арасында Рамазан Стамғазиев ағамыз, Айгүл Қосанова, Мұрат Әбуғазы секілді мамандарымыз бар. Жоғарыда аты аталған өнер майталмандары киелі сах­­нада өнер көрсетіп қана қоймай, бойын­дағы білімі мен тәжірибесін бөлісетін, дәстүрлі өнерпаздардың жаңа буынын тәрбиелеп шығаруда аянбай қызмет ететін оқытушылар деп айта аламын. 

Кәсіби дайындықтың, білікті оқы­тушының жұмысы әрдайым нәтиже береді. Академия дәстүрлі өнер бағы­тында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Қазірдің өзінде дәстүрлі өнер бойынша біздің студенттеріміз 40-тан астам халықаралық және респуб­ликалық байқаудың лауреаты атанған. Бұл – ұстаздарымыздың еңбегі және акаде­миядағы жоғары бәсекенің көрсеткіші. 

– «Дәстүрлі музыкалық өнер» ка­федрасының бар екенін атап өттіңіз. Ка­федрада білім алатын шәкірттеріңізді халықаралық масштабтағы байқауларға жиі шығарып тұрасыздар ма? 

– Академия дәстүрлі өнер бойынша халықаралық және республикалық бай­қауларға студенттерді белсенді түрде жібереді. Мұндай байқаулар – нағыз тәжірибе алаңы, бәсекеге қабілеттілікті шыңдайтын таптырмас мүмкіндіктер. Көрсеткіштеріміз де жаман емес, ал­дыңғы сұрағыңызда да атап өттім, біздің дәл осы бағытта 40-тан астам лауреа­­­тымыз бар. Бұл – кафедра ашылған уақыттан бергі кезең үшін қанағат­танарлық көрсеткіш. 

Сонымен қатар қазір академия ғылыми бағыттағы конкурстарға да баса назар аударады. Дәстүрлі өнер, орын­даушылық өнер бағытындағы ғылыми байқауларда да топ жарған сту­денттеріміз аз емес. 

Халықаралық «Академиялық ұт­қырлық» бағдарламасы аясында кафедра студенті Серікбай Пе­ризат Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік өнер инсти­тутында (ред. Ресей Феде­ра­циясы) бір семестр көлемінде білім алып келді. 

Академияның дәстүрлі өнер бағыты бойынша түлектері республикалық, өңірлік кон­церттік ұйымдар мен театрларда абыройлы өнер көрсетіп жүр. Біздің түлектерімізге жұмыс бе­рушілер тарапынан сұраныс өте үлкен. Нарықтық өлшемдер бі­рінші кезеңге шыққан уақытта сұраныс көлемі әрдайым сапа көр­сеткіші бола алады деп ойлаймын. 

– Домбыра әлемде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына енген. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз. Шынында, біз ұлттық кодымыз саналатын домбыраның құнына жете алдық па? 

– Домбыра насихаты – ұлттық өнер мен танымның, тарих пен салт-дәстүрдің насихаты. Ұлт мәдениетінің биіктігін айшықтап, тереңдігін танытатын ас­паптың маңызы халқымыз үшін әрдайым биік тұрады. 

Ұлттық құндылық санатына домбыра әлдеқашан енген, қазір мемлекет тара­пынан да, жұртшылық тарапынан да осы құндылықты айшықтау және насихаттау аса жоғары қарқынмен жүруде. Тіпті, мұны қандай да бір идеологиялық құрал­дардың көмегімен жасалған науқан деп емес, әлеуметтік табиғи құбылыс деп қарастыруға болатындай. 

Біз домбыраны, күй өнерін, жыраулық өнерді, айтыс өнерін насихаттау мен зерттеу арқылы тұтас ұлт тарихына те­рең­дейміз, болмысымызды одан да терең түсінеміз. Міне, домбыраның, Ұлттық дом­быра күнінің маңызы осында. Бар­шаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Домбы­раның қоңыр үні бейбіт аспанымызда қалықтай берсін! Еліміз аман, іргеміз тыныш болсын!

– Әңгімеңізге рақмет! Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

 

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ