Жақында еркін күрес шебері Талғат Сырбаз­дың допинг дауына іліккені туралы әңгіме­нің шеті шықты. Спорт бас­ыл­ымдары хабар­ла­­ған ақпарды ресми ор­ган мәлімдемейінше, жылы жауып қойғанбыз. Енді, міне, Қазақ ұлттық допингке қарсы орта­лығы 2024 жылы «құ­рық­қа түскен» спортшы­лар тізімін жариялады. Ол­ардың қатарында ер­­­­­­­­кін күрестен Азия че­м­пионы Талғат Сырбаз да бар.
Белді балуандар беделі неге түсті?
1,094
оқылды

Талғат Сырбаз ұзақ жыл бойы еркін күрестен 70 келі салмақта сынға түсті.  Ол өз мансабындағы ең ірі жетістігі – Азия чемпионы атағына да осы салмақта қол жеткізген болатын. Көп ұзамай атыраулық балуан 74 келіге  ау­ыс­ты, себебі бұрынғы салмағы Олимпиада бағдарламасына енбейтін. Ал үлкен спорттағы ең биік жеңіс Олимпиада жүлде­сі­мен өлшенетіндіктен, әрбір спор­т­шының төртжылдық додасына қатысу амалын жасайтыны анық. 

Сырбаз 74 келіге ауысқаны­мен, бұл салмақтың көшбасшы­сына айналған Нұрғожа Қай­панов­тан өте алмады. Биылғы Қазақстан біріншілігінің финалында әккі қарсыласына тағы да есе жіберді. Осыдан соң сәуір айында Бішкекте (Қырғызстан) өткен Олимпиадаға іріктеу турниріне Қайпанов қатысты да, Талғат Азия  біріншілігінде бақ сынады. Қырғыз кілемінде екі балуанымыз да жүлдеге қол жеткізе алмады. Сырбаз қола медаль үшін ұтылса, Қайпанов лицензиядан құр қалды. 

Күрес түрлерінен Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін ең соңғы лицензиялық жарысқа Талғат Сырбаз баруы керек-тін. Себебі Нұрғожа екі іріктеуде де алысқа шаппады, сондықтан келесі мүмкіндік екінші нөмірлі балуанға берілуі тиіс еді. Бапкерлер Талғатқа мүмкіндік берді де... Бір­ақ жарыстың басталуына аз уақыт қалғанда Сырбаздың белінен жарақат алып, іріктеу тур­ниріне қатыспайтыны  мәлім  бол­ды. Оның орнына тағы да Қай­­пан­ов кетті...

Міне, допинг туралы әңгіме­нің шеті осы кезде шыққан. Бас бапкер Мадияр Құрамысов бұл жағдайдан бейхабар екенін айтты, допингке қарсы агенттік пікір беруге  асыққан жоқ. Тек барлық те­к­серу аяқталған соң ғана Ұлт­тық допингке қарсы орталық Талғат Сырбаздың  тыйым сал­ын­ған «дростанолон»  препаратын қолданғанын мәлімдеді. Бүгінде балуан ресми түрде үш жылға кілемнен шеттетілді. Ол 2027 жылдың 30 сәуіріне дейін үлкен спортқа маңайлай алмады. 

Дростанолон – спортшылар­дың қолдануына тыйым салын­ған қауіпті анаболикалық стер­оид­тардың бірі. Бұл дәрмек бұл­шық етті өсіруге, физикалық күш­ті арттыруға және жалпы ден­саулық жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ медицинада дростанолонды обыр ауруын емдеуге қолданады. Аталған препарат Ұлттық допингке қарсы орталықтың ты-йым салынған дәрі-дәрмектер тізімінде  бұрыннан бар. 

Жақында дәл осы стериодты қолданған америкалық ММА шебері, UFC  жауынгері Уолт Харрис төрт жылға спорттан шеттетілді. Осы орайда Сырбаз неліктен үш жылға ғана жарыстан алшақтайды деген сұрақ ту­ындайды. Бізге сенімді дерек­көз­дің айтуынша, спортшы өз кінәсін толық мойындағанда ғана допинг қолданушылар жаза­сы бір жылға азаяды. Яғни, Тал­ғат өзінің тыйым салынған препарат қолданғанын толық мой­­ын­дап отыр. Одан бөлек, біз­дің дереккөз Талғат Сырбаз­дың екі сынамасы – А және В сы­намасы да оң нәтиже бергенін айтады. Балуан биылғы Қазақ­стан чемпионатынан кейін күдік­ке ілінген. 

Еркін күрестегі ең беделді  сал­мақ саналатын 74 келіде қазақ балуандары Олимпиада жолдамасын алған жоқ. Ең мықты деген спортшымыз Нұрғожа Қай­панов үш мүмкіндіктің үшеу­інде де лицензияға жақындай алмады. Ал Қайпановтан кейін сенім артқан серкеміз Талғат Сырбаз­дың жағдайы – осы. Ол­импиада жолдамасына таласады деген балуанымыз әлемдегі ең қауіпті анаболикалық стероидты қабыл­дап жүр. Ақпарат алу жеңілдеген біздің заманымызда спортшы­ның допинг қабыл­дағаны  расында қынжылтады. Бүгінде ұлт­тық құрама спортшыларына  допингтің зияны жайлы түрлі курс, семинар өткізіліп жатыр.  Команда дәрігерлері де тыйым салынған дәрі-дәрмектер тізімімен ұдайы таныстырып отырады. Бұл жерде басты күдік спортшы мен оның жеке бапкеріне түседі. Себебі олимпиадаға лицензия алуы мүмкін деп үкілеген бал­уанның дәл бұлай шалыс басуын құраманың бас бапкері әсте құп­тамайтыны рас. 

Дростанолонға еліккен тағы бір спортшымыз үш жылға ірі жарыстардан шеттетілді. Ол – дзюдодан Қазақстан командасы­ның мүшесі Айболат Ыстыбай. Айболат 2015 жылы кадеттер арасында әлем чемпионы атан­ған, Азия кубогінің иегері. Дзюдошы былтыр тамыз айында Загребте өткен әлемдік Гран-при турнирінде қола  медаль жеңіп алған болатын. Сол бәсекеден соң әлемдік допингке қарсы ұй­ым мамандары Ыстыбайдың сынамасынан анаболикалық стер­иодты  тапты. Айболат 2026 жылдың 4 қыркүйегіне дейін татамиге шыға алмайды. Бір қызығы, дәл осы препаратпен ұсталған Айболат Ыстыбай да Атырау облысының тумасы. Шамасы, атыраулықтарға анабо­ли­ка­лық стериодтарды жақсы жарнамалаған секілді...

Айтпақшы, жақында кения­лық легионер, 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы Нора Джеруто допинг мәселесінен құтылып кетті. Спорттық арбитражды сот Нораны түгел ақтап алды. 2022 жылы World Athletics қазақстан­дық желаяқтың жеңісіне күмән келтіріп, зерттеу бастаған болатын. Бірақ CAS Джерутоны судан ақ, сүттен таза қылып шығарды. Бұл тұрғыдан біздің спортшының адвокаттары үлкен жұмыс атқар­ғаны анық. Ал адвокаттардың тегін істемейтінін, Нора Джерут­оның федерация президенті Даниал Ахметовке тынбай алғыс айтқанын ескерсек, бұл  мәселе­нің арғы жағында кім тұрғанын да сезу қиын емес. Былтыр үш­інші баласын босанған Нора енді Париж Олимпиадасына қатысуға дайындалып жатыр. 

Есесіне Нораның жерлес құр­бы­сы, сонау Кенияны көк Туға алмастырған Каролина Кипкируи екі жылға спорттан шеттетілді. Ұлттық допингке қарсы орта­лық­тың  мәліметінше, Каролина допинг сынама тапсырудан бас тар­тып, өзінің нақты қай мекенжайда жүргенін айтпаған. Ары таза спортшы допинг сынамасынан қашпайды. Соған қарағанда, Каролина да көп күмән туғыза­ды...

 

Арда КЕМЕЛ