Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Барлықтарыңызға мәлім, биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына баса назар аударып, лудоманияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. Бұл тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиян келтіреді. Осыған байланысты Президент мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстың нәтижесі тиісті заңнамалық қосымшаларды әзірлеу.
Мемлекет басшысы лудоманиямен күресуде тәрбиелік-түсіндіру шараларына баса назар аудару керектігін атап өтті. Сондай-ақ, Президент елдегі лудоманияның дамуын болдырмауға көмектесетін қоғамдық көзқарастарды қалыптастыруда жұртшылықтың, дін қызметкерлері мен БАҚ-тың маңызды рөлін атап өтті.
Лудоманияға тәуелділікпен күресуде ең бастысы – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ халықтың шоғырландырылған, бірізді және жүйелі жұмысы деп айтқан.
Осы ретте, Мемлекет басшысы лудоманияға қарсы жүйелі жұмысты жолға қоюды, кешенді жоспар қабылдап, тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Осылайша, Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, соның ішінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады.
Қол қойылған заңмен не кезделетіні және қандай мәселелер реттелетіні жөнінде қысқаша айтып кетсем:
Заңдар 6 Кодекс пен 15 Заңға, соның ішінде 2023 жылғы 4 қыркүйектегі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында және 2024 жылғы 14-15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының елдегі луоманияға қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталғандарды қоса алғанда, 100-ден астам түзетуді қамтиды.
Айта кету керек, Үкімет заңсыз ойынбизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Ол ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заңның негізгі ережелерімен толық үйлестірілген.
Өзін-өзі шектейтін тұлғаларға арналған заң құмар ойындарға қатысуды өзін-өзі шектеудің ең жоғары мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтады. Заңмен сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салу қосымша анықталады, олардың саны шамамен 3,5 миллион адам. Осылайша, қабылданған шаралар букмекерлік кеңселердің әлеуетті клиенттерінің санын азайтуға бағытталған.
Сонымен бірге, жоғарыда аталған тұлғаларды құмар ойындар мен бәс тігуге тартқаны және жібергені үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі енгізілген.
Сонымен қатар, заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша, жалпы саны 280 мыңға жуық адам болатын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларға қатысты жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады.
Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға арналып ойын мекемелерінде және өздерінің интернет-ресурстарында құмар ойындарға қатысудың және бәс тігудің қауіптілігі мен зияны туралы ескертулерді орналастыруға міндеттеме енгізіліп жатыр.
Заң ойын мекемелерінің, букмекерлік кеңселердің немесе лотереялардың жұмысының типтік ережелерін қабылдауды көздейді. Типтік ережелерде казино мен букмекерлік кеңселер клиенттерінің мүдделерін қорғайтын нормалар көзделетін болады.
Сонымен бірге, заңмен құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де анықталған. Осылайша, медициналық құпияны сақтай отырып, құмар ойындарға тәуелді адамдарға консультативтік бақылау динамикалық тіркеусіз енгізіліп жатыр.
Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Осылайша, бұл норма балаларды энергетикалық сусындардың зиянды әсерінен қорғауға мүмкіндік береді.
Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады.
Букмекерлік кеңсенің немесетотализатордың орналасқан жерінде, спорт құрылыстарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында орналастырылғандарды қоспағанда, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ғимараттарының сыртқы жарнамасына тыйым салынады.
БАҚ-та спорттық тақырыптағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциясы кезіндегі жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселермен тотализаторларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігінің шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ тотализаторлардың, интернет-казинолардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем ұйымдарының олардың пайдасына қаржылық операцияларды жүргізуіне тыйым салу құзыретін белгілейді. Сонымен бірге, енді онлайн-казино ұйымдастырушыларына екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар.
Айта кететін жәйт, заңға сәйкес, электронды лотерея билеттері тек ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильді қосымшасы арқылы сатылады. Осылайша, «Lotomatic» терминалдары мен лото клубтарының қызметіне тыйым салынды.
Мұнымен қоса, лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ұйымдарда, білім беру, денсаулық сақтау, діни ғимараттарымен құрылыстарында, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады.
Нұртөре ЖҮСІП,
Парламент Сенатының депутаты