Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған.
Мәжіліс депутаты Шымкенттегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асу барысымен танысты
380
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков Шымкент қаласының Абай ауданындағы Жаңа Тұрлан шағынауданында болды, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Депутат партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 1 200 орындық жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты.

Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Сайлаушылармен кездесуде депутат Данабек Исабеков құрылысты дер кезінде аяқтап, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

– Біз балаларымыздың білім алуы үшін заманауи және қауіпсіз жағдай жасауға ұмтыламыз. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептер соңғы технологиямен жабдықталады. Оның ішінде мобильді трансформациялық үстелдер, заманауи зертханалар және жоғары жылдамдықты интернет бар. Біздің басты міндетіміз – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау, деді Данабек Исабеков.

«Жайлы мектеп» жобасында мектептерді бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке блоктармен, әмбебап акт залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтауды көзделген. Сондай-ақ физика, химия және биология, робототехника кабинеттері мен STEM-зертханалары болады.

Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады.

Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спортзалдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коуоркинг алаңдары болады.

Айта кету керек, өткен жылы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкентте 15 мектеп салынып, 3 мектеп кеңейтілді.