Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова Жамбыл облысының Жаңатас қаласында су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өткен демалыс күндері қалада қатты жауын жауып, су тасқыны 47 үйді, мектепті, 13 көшедегі 400-ден астам үйдің ауласын су басты.
Гүлдара Нұрымова Жаңатас қаласына барып, зардап шеккен тұрғындармен жүздесті. Сондай-ақ ол жергілікті билік органдарының жұмысына ат салысып, қажет ресурстармен қамтамасыз етуге көмектесті.
«Мен бүгін осы тасқын жайлаған қалаға барып, зардап шеккен тұрғындармен кездестім. Баспаналарына бас сұқтым, шылқыған су, жиһаздары жарамсыз. Сағат 15.00-ге таман барғанымда жергілікті атқарушы орган, ТЖД қызметкерлері шұғыл шараларды жасаған екен. Су деңгейін төмендеткен. 20-ға жуық техника мен 11 мотопомпа жұмыс істеп тұрды. 784 орындық Д.Қонаев атындағы орта мектебінің жертөлесіне көп мөлшерде су жайылған. Суды вакуум арқылы сору жұмыстары жүргізілуде», – деді ол.
Депутат Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің үйлесімді жұмысын атап өтті. Дәлірек айтқанда, азаматтық қорғаныс қызметтерінің шамамен 300 қызметкері, 64 техника, 34 мотопомпа және бір дрон жұмылдырылған.
«Кеше мен қала тұрғындарымен сөйлестім. 50 отбасының мүлкіне зиян келгені анықталды. Д.Қонаев атындағы орта мектептің жертөлесі де су астында қалды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, шығынды есептеу үшін комиссия құрылды. Ең бастысы, адам шығыны жоқ», – деді депутат.
Айта кету керек, су ағыны «Жанатас – Саудакент» жолының бір бөлігін шайып кеткен, алайда қазір қозғалыс қалпына келтірілді.