Еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр.
«Таза бейсенбі»: “AMANAT” партиясының мүшелері су айдынын қоқыстан тазартты
1,030
оқылды

Ол жаңа экологиялық сана қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Акция Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өтуде,- деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Биылғы 6 маусымнан бастап партиялықтар жол бойындағы учаскелер, өнеркәсіптік аймақтар, тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар сияқты түрлі аумақтарды қоқыстан тазартуда. Өткен аптадан бастап белсенділер жағалау аймақтарын, жайылмалар мен өзен арналарын, көлдер мен су айдындарының айналасын тазартуға күш салуда.

Мәселен, елордада партия мүшелері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері Қарасу өзенінің айналасындағы аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

«2 сағатқа жетер-жетпес уақытта 4 қап қоқыс жинадым. Қоршаған ортаның жай-күйіне немқұрайлы қарайтын демалушылар пластикалық бөтелкелерді, қаптамаларды, алюминий банкаларды, тіпті батареяларды да қалдырып кетеді. Ал бұл қоқыс жүздеген жыл бойы топырақты улап, суды ластайды. Курстастарымызбен бірге әр апта сайын акцияға қатысуға тырысамыз. Себебі бұл – менің туған қалам. Оның таза болғанын қалаймын», – деді волонтер Рамазан Еркінбек.

Алматыда партиялықтар Казачка өзенінің жағалауын тазалады. Белсенділер шамамен 1 тонна қоқыс жинады. Акцияға мегаполис тұрғындары да белсенді түрде атсалысып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Ал Жетісу облысында «AMANAT» партиясының мүшелері Ақсу ауданына барып, Балқаш көліне құятын Ақсу өзенінің бойын қоқыстан тазартты. Барлық шыны, қағаз, пластик және металл қалдықтары қайта өңдеуге жіберіледі.

«Өкінішке қарай, кей азаматтар жауапкершілікті сезінбей, өздерінен кейін қоқыс қалдырып кетеді. Осы себептен бұл жерлер қоқыс төгетін орындарға айналды. Біз тек оны жинап қана қоймай, осы акция арқылы аудан тұрғындарын тазалық мәдениетін сақтауға шақырамыз. Қоршаған ортаны қорғау – тек бірге шеше алатын мәселе», – деді Жетісу облысының мәслихат депутаты Данияр Ахмолдаев.

Түркістан облысындағы партия мүшелері де игі істен шет қалмады. Бүгін «Денсаулық» бастапқы партия ұйымының мүшелері Бәйдібек ауданындағы Шаян өзенінің жағасын тазалауды ұйымдастырды. Оларға қоршаған ортаға бейжай қарамайтын жастар мен жақын маңдағы ауыл тұрғындары да қосылды.

«Каратау тауларының етегінен бастау алатын Шаян өзені – жартылай шөлейт аудандағы жалғыз бұлақ көзі. Өзен мен оның жағасының қоқыспен ластануы үлкен экологиялық апатқа әкеліп, барлық тіршілік иелеріне орны толмас зиян келтіреді», – деді ақсақал Қанат Қайыркен.

Ұқсас іс-шаралар елдің басқа өңірлерінде де өтті. Бұл тек қоқыс жинау ғана емес, әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер мен бастапқы партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар сол учаскелерде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфрақұрылымды жақсарту мен дамыту мәселелерін шешеді.