Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, биылғы жылдың 7 шілдесі күні сағат 17.20 шамасында қатты жауын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, 200-ден астам үйдің ауласын су басты. Сондай-ақ 21 үйдің ішін су алды. Осы күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оның орынбасары Қанатбек Мәдібек, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов және Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов шұғыл түрде Сарысу ауданына жетті. Бұл кезде аулаларды су шаюдан бөлек, бірнеше елді мекенде жарық та сөніп қалады. Міне, осындай қиын жағдайда ағын суды ауыздықтау үшін 50-ден астам маман, 17 бірлік техника, 11 мотопомпа жұмылдырылып, дрон әуеге ұшырылады. «Жаңатас – Саудакент» тасжолы су басу қаупіне байланысты жабылады. Саудакент елді мекенінде арнайы техникалардың көмегімен бұрылыстағы суды тоқтату әрі бағытын бұру жұмыстары қолға алынады.
8 шілде күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі су алған аймаққа аттанып, ахуалды көзбен көрді. Бұл күні су алған аулалардың саны 400-ге жетіп, 47 үйдің ішін су шайып кеткен болатын. Жедел штаб отырысын өткізген өңір басшысы жауаптыларға мұндай жағдай қайталанбауы қажет екенін жүктеді.
– Арнайы комиссия құрылып тұрғындарға, зардап шеккен нысандарға заң талаптарына сәйкес барлық қажетті көмек, қолдаулар көрсетіледі. Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз. Ең бастысы, мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық алдын алу шарасын жасауымыз қажет, – деген Ербол Шырақпайұлы аталған жағдай жеке бақылауында болатынын баса айтты.
Бүгінде зардап шеккен тұрғын үшін қабылдау пункттері жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ халықты тасымалдауға арнайы көліктер қарастырылған.
Әрине, апаттың салдарымен жұмыла күрескен жөн. Алайда халықты қазір келтірілген шығынның қалай өтелетіні алаңдатуда. Осыған орай бүгінде материалдық шығынды зерделеу бойынша жұмысшы топ құрылып, есеп жүргізуде. Ал Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері күн-түн демей су сору жұмыстарын қолға алған. Бүгінге дейін 18 600 м3 су сорылса, жалпы 128 аула мен 47 үйдің іші судан тазартылған.
Жаңатас қаласындағы «Малоэтажка» және «Дегерес» шағынаудандары жарыққа қосылып отыр. Ал Д.Қонаев орта мектебінде судан тазарту жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жарық әлі берілмеген. Аталған мектепті су алғанын мамандар кейіннен анықтаған.
Қазір ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен су деңгейінің едәуір төмендегені белгілі болып отыр. Мамандар адам мен мал шығыны жоқ екенін айтады. Зардап шеккен тұрғындар үшін 105 орындық екі қабылдау пункті дайындыққа келтірілсе, оған 12 адам орналыстырылған. Тұрғындардың дені өз еркімен үйлеріне оралуда. «Жаңатас – Саудакент» тасжолы да жолаушыларға ашылды.
Десе де, төтенше жағдайды жоюға азаматтық қорғау қызметтерінен 282 адам, 64 техника, 35 мотопомпа және 1 ұшқызсыз ұшу аппараты әлі оқиға орнында. Олардың мақсаты – төтенше жағдайдың қайталануын болдырмау.
Кеше облыс әкімі Сарысу ауданында тағы іссапармен болды. Аулаларды аралап көріп, бұқарамен тілдесті. Ал 150 ерікті жас «Таза Қазақстан» акциясы аясында су алған аймақтарды күл-қоқыстан тазартуға қол ұшын берді. Бұл – бас бармақпен бағалайтын бастама.
Негізі, «Арал теңізінің деңгейін көтеру үшін ғалымдар жасанды жаңбыр жаудырып жатыр» деген әңгіме айтыла бастағаннан бері ағын су тағы қос бүйірден қыса бастағандай. Олай дейтініміз – атмосфераның қолдан өзгертілуі барлық өңірдің климатына әсер етіп жатқанына халық бек сенімді. Күні кеше Шу ауданында шаруаның 400 бас малын ағызып әкеткен селдің де туындауын көпшілік осы жасанды жаңбырмен байланыстыруда. Сарысу ауданындағы аулаларды су шайғанда да бұқара осы жағдайды еске алды. Әрине, бұл тұста біз Аралдағы жағдаймен, Жамбылдағы ағын судың байланысы бар ма, жоқ па, оны нақты айта алмаймыз. Әйтеуір, «ел үшін жасалып жатыр» деген шараның сол елдің өзіне зияны тимесе болғаны.
Жамбыл облысы
Саятхан Сатылған