Үкіметтің есебі түзу
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қалаларында сумен жабдықтау қызметтері 98,9% қолжетімді болған екен. Ал ауылдық елді мекендердің тұрғындары 96,6%-ға ауызсумен қамтамасыз етілген. Бұл ретте 9 өңірде қала халқы 100% қамтылған. Олар – батыс-оңтүстік өңірлер мен Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстары. Ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады. Сондықтан да көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінбек.
Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 324 жоба үшін 218 млрд теңге қарастырылған екен. Оның 106 млрд теңгесі қалалардағы, ал 112 млрд теңгесі ауылдардағы жобаларды іске асыруға бөлінбек. Үкіметтің келтіріп отырған мәліметтері осындай. Оған қарасақ, сумен қамтуға 2025 жылдың соңына дейін толық қол жеткізуге болатын сияқты.
Десе де, мұнда проблемалар да жоқ емес. Оны Премьер-Министрдің өзі де мойындап отыр. Мәселен, кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатыр. Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында ауыл ішіндегі желілер тартылған, ал оған су беретін Кенжебай және Рақымжансай кен орындарынан топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында жатыр. Осындай жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты былтыр бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылған. Олжас Бектенов орындалмай қалу қаупі жоғары аймақтарға арнайы тоқталған еді. Олар – Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары. Ал Маңғыстау облысының әкіміне су тұшыту зауыттары мен қондырғыларды салу жобаларын жандандыру тапсырылды.
Озық статистика, тозық инфрақұрылымдар
Үкімет «100%» деп ауызсу туралы ауыз толтыра сөйлегенде, бұған дейінгі жұмыс істеп тұрған, кеңес кезінен келе жатқан инфрақұрылымдарды есепке алып отырғаны екібастан. Бірақ өңірлерде саны бар да сапасы жоқ, тіпті тозығы жеткен инфрақұрылым көп. Оған қоса, «ескі Қазақстан» кезінде жобасына миллиардтап ақша бөлініп, қаржысы қомағайлардың көмекейінде кеткен, бүгінде қаңырап тұрған су сүзу немесе тұшыту стансалары тағы бар. Сондықтан да мұндағы «жүз пайыз» қамтимыз деген сөз, судың өзіне емес, оны жеткізіп беру желілеріне қатысты айтылған болса керек. Ал оның сапасы бөлек әңгіме. Өйткені біріншіден, су құбыры желілерінің жартысы тозған. Айталық, елімізде 98 мың шақырым су құбыры болса, оның оның 43%-ы тозған. Егер олардың нормативті пайдалану уақыты 25 жыл деп алсақ, онда шамамен 42 мың шақырым су құбырына күрделі жөндеу немесе толықтай ауыстыру қажет. Соның ішінде ең үлкен тозу Алматы қаласы (57%), және Алматы (58%), Шығыс Қазақстан (54%), Ақмола (52%), Ұлытау, Абай, Қарағанды (51%) облыстарында байқалып отыр.
2023 жылдан бері тек мемлекеттік органдардың өзіне тұрғындардан су мәселесіне қатысты 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түскен екен. Көпшілігі әбден тозығы жеткен желілердің жиі істен шығатынына шағымданған. Мәселен, Ақмола облысында Нұра топтық су құбырының тозуына байланысты былтыр жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Атырауда сорғы-сүзгі стансасын жаңғырту жобасын әзірлеу ұзақ уақытқа созылды. Ал оның тозуы шамамен 90%-ды құрады. Сондай-ақ былтыр сәуір айында магистралды құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауызсусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семейде су арнасындағы апат 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магистралды құбырдағы апаттан Ақмола облысының 11 елді мекеніне су берілмей қалды. Бұл тек бір айдың ішінде болған жайттар еді.
Мұның сыртында жаңадан салынып жатқанымен, құрылысы тоқырап қалған «сақалды» жобалар тағы бар. Оған мысал: Ұлытау облысындағы Есқұла су құбыры, Қызылорда облысындағы Талап су құбыры, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңі. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр. Ендеше осынау тозығы жеткен инфрақұрылымдардың ондағы судың біріншіден көлеміне, екіншіден сапасына әсер ететіні анық. Өйткені елімізге танымал бір торапта жыртық құбыр арқылы тасымалданған судың 60%-дан астамы ысырап болғаны туралы мәлімет ашық ақпарат кеңістігін кезіп жүр. Ендеше ол судың сұрауы кімнен? Бәрінен бұрын осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламаларға бөлініп, құмға сіңіп кеткен қаржының есебін кім береді?!
Сенің келіп жағаңнан...
Еліміздегі мемлекеттік ауызсу бағдарламаларының тарихы 2000-жылдардан басталады. Сол жылы 30 жылдық жоспар жасалып, 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» бағдарламасы қабылданған болатын. Арасында «Ауыл» бағдарламасы (2003-2005) болып өзгертілген бұл құжат бойынша азды-кем жұмыс істелгенін айта кету керек. Бірақ жүзеге аспағаны көп болды. Сол істелмеген жұмысқа да ақшасы төленген деректер жиі кездесті. Сол жылдары бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 335 миллиард теңге бөлінген. Оның 195 миллиарды алыстағы ауылдарды ауызсумен қамтамасыз етуге, 140 миллиарды қалалық жерлердегі ауызсу мәселесін шешуге арналған. Бірақ 2010 жылы «Ауызсу» бағдарламасы тоқтап қалды. Сөйтіп, бағдарлама түпкілікті мақсатына жеткен жоқ. Республикадағы 7 002 ауылдың 3 849-ы, яғни ауыл халқының 40 пайызы ауызсуға зәру қалпында қала берді. Бағдарламаға бөлінген қаржының «дөкейлердің өңешінен өтіп кетуі» үлкен шуға ұласты.
Оның аяғы 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасына жалғасқан еді. Еліміздегі ең бір шулы бағдарламалардың бірі осы болды. Оны қаржыландыруға 2011-2020 жылдар аралығында даму институттарының, су шаруашылығы ұйымдарының, отандық және шетелдік инвестициялардың және мемлекеттік бюджет есебінен 951 490 300 миллион теңге қаражат жұмсалды. Осы «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға қарай қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған еді. Бірақ бұл жоспар да толық жүзеге асқан жоқ. Мәселен, Жамбыл облыстық прокуратурасы өңірде бағдарламаның негізгі мақсаттарының орындалмауы, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, қомақты қаржыға салынған сумен жабдықтау нысандарының тиісінше жұмыс істемеуі, есептегіш құралдарымен жабдықтау бойынша ешқандай шаралардың атқарылмағанын әшкереледі. Облыстық прокуратураның дерегінше, жергілікті билік 208 елді мекенді ауызсумен жабдықтағанын хабарлағанмен, іс жүзінде 168 елді мекен ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген екен. Ал Алматы облысы бойынша 85 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп, су жүйесін қайта қалыпқа келтіру үшін 14 миллиард 500 миллион теңге бөлінген екен. Бірақ жоспарланған 85 нысанның тек 43-і ғана суға қосылған. Қарағанды облысында «Ауызсу» бағдарламасы аясында 250 жоба қолға алыныпты. Оның 30-ы өз уақытында жүзеге асырылмады. 2002-2010 жылдар аралығында іске қосылмай қалған 15 жоба «Ақ бұлақ» бағдарламасына ауыстырылды. Бірақ жаңа бағдарламаның негізінде сол 15 жобаның тек үшеуі ғана толық аяқталған. Оның өзінде су құбырлары сапасыз тартылып, көп жерде қайта істен шыққан. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы 411 елді мекеннің 109-ында ғана су құбыры орналастырылған. Оралдың Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су тартылып, ауыл тұрғындары бөркін аспанға атып қуанған. Алайда жаз маусымы басталысымен тұрғын үйлерге тартылған су жетпей, халықты қайта әбігерге түсірді. Қазір ауыл тұрғындары суды тасып ішіп жүр. Тізбелей берсе, мұндай мысал өте көп. Оңтүстікте Сарыағаш ауданына су кіргізу үшін жұмсалуы тиіс 10 миллион теңге ысырап болған. Ол олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет қазынасынан тағы да 100 миллион теңге бөлініпті. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан бойынша «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 12,5 миллиард теңгенің жобасы өз уақытында орындалмаған.
Енді бүгінде бұл мемлекеттік бағдарлама өзге де өзі сияқты бейінді құжаттар секілді «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасына біріктіріліп жіберілді. Соның аясында елді мекендерді сумен де, байланыспен де, газбен де және өзге де игіліктермен қамту осы бағдарлама шеңберінде қарастырылып отыр. Бәлкім, солай да дұрыс болар. Өйткені моноқалаларды дамыту бастамасы да осындай түрлі себеппен аяқсыз қалған болатын. Ендеше мәселе бағдарламада емес, оның орындалуында екеніне көз жетті.
Нұрлан ҚОСАЙ