Жаздың жаймашуақ күндерінде шаһардың шырайын келті­ріп, мегаполис көшелері мен саябақтарына өзінше сән беріп тұратын субұрқақтар іске қосылып, тұрғындарға жайлылық сыйлайды.
Саялы ма, субұрқақтың аясы?
560
оқылды

Ми қайнаған ыстықта қала тұрғындары мен қонақтары субұрқақты саялайтыны белгілі. Субұрқақ қаланың эстетикалық көрінісін жақсартып қана қоймай, климаттың тұрақтылығына әсер етеді. Дегенмен субұрқақтың пайдалы тұстары мол бола тұра, оның зардабына ұшырайтындар да жоқ емес. Дәлірек айтсақ, субұрқақ маңында көрсетілген ескерту тақтайшаларды елемей, өз басын қауіпке тігетіндер жиі ұшырасады. Ережеге бой бермеу мен жеке бастың қауіпсіздігіне жауапсыздықтың салдарынан қас-қағым сәтте өмірімен қош айтысқандар қаншама?! Таяуда Алматы қаласындағы университет маңында жас жігіттің субұрқаққа түсіп, нәтижесінде достарының көз алдында ақтық демі үзілгені көпке мәлім. Осыған ұқсас оқиғалар жаз маусымы басталысымен еліміз бойынша жиі қайталанатын жағдайлардың біріне айналды.

Үш тілде тиісті ескерту жазылады

Бүгінде мегаполисте жалпы саны 150 су­­бұрқақ бар. Оның ішінде 66 субұрқақ коммуналдық, ал 84-і жеке аумақта орналасқан. Мамыр айының алғашқы күнінен бастап іске қосылған субұрқақ­­тарды тұрғындар таңғы 08.00-ден бастап түнгі 23.00-ге дейінгі уақыт аралығында тамашалап, бой сергіте алады. Қазір субұрқақтардың қауіпсіздігіне жауап беретін тиісті мекемелер сәтсіз оқиға­­­лар­дың қайталануына жол бермеу үшін қандай міндеттерді жүзеге асырып отыр? Ма­ман­дар Алматы қаласындағы субұр­қақтардың қауіпсіздігін қаншалықты жиі назарда ұстайды? Біз осы және өзге де сұрақта­ры­мызға жауап алу үшін Алматы қалалық субұрқақтар шаруашылығына сауалы­мызды жолдаған едік. Қалалық субұрқақтар шаруашылығын жүргізу ­бөлімінің бас­шысы Күмісбек Амангелдиевтің айтуын­ша, жыл басынан бері коммуналдық су­бұрқақтарда сәтсіз оқиғалар болған.

– Алматы қаласындағы субұрқақтардың қауіпсіздігі – мамандардың жіті назарында. Күн сайын субұрқақ шаруашылығының бригадирлері, сондай-ақ жоспарлау және жөндеу бөлімі келушілерге электр қауіп­сіздігі және қауіпсіздік техникасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Соны­мен қатар әрбір субұрқақтың жа­нында шомылуға тыйым салынатыны туралы ескерту тақтайшалары орнатылған. «Ал­маты қаласының субұрқақ шаруашы­лығын ұстау және техникалық қызмет көрсету жөніндегі Қағидаларына» сәйкес субұр­қақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақ­сатында адамдар мен жануарлардың шомылуына жол берілмейді. Бұл туралы мемлекеттік тілде, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерінде тиісті ескерту қал­қандары орнатылады, – дейді Күмісбек Түсіпбекұлы. 

Елімізде жұқпалы аурулардың тара­­­­луына тағы бір себеп – суы ауыспайтын субұрқақтар. Осы ретте субұрқақ арқылы көбіне қандай жұқпалы аурулар таралады? Оның шипасы бар ма деген сұрақ туын­дайды. Сауалдарымызға жауап берген Алматы қаласының Санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау департа­­­ментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы биылғы жылы субұрқақта шомылумен байланысты жұқпалы аурулар тіркелмегенін жеткізді. Есесіне 2024 жылдың алғашқы жарты­жылдығында шаһарда жедел ішек инфек­циясына қатысты 132 жағдай тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 68,9 пайызды құрағаны анықталды. ЖІИ жұқтыру факторларының 56 пайызы тамақты дайындау және сақтау техно­ло­гиясын бұза отырып үйде әзірленген тағам­дарды тұтынуға қатысты болса, 23,4 пайы­зы жуылмаған көкөністер мен жемістерді жеу, ал 20,4 пайызы жеке гигиенаны сақ­тамаудың салдарынан туындайды. 

Қалалық Санитариялық-эпидемио­­логиялық бақылау департаменті басшы­сының айтуынша, аурудың берілу жолдары мен себеп-салдарын анықтау бойынша апта сайын мониторинг жүргізіледі. Эпи­демиологиялық маусымда, яғни ма­мырдан қыркүйек айына дейін субұрқақтардың су сапасына зертханалық мониторинг ұйым­дастырылып отырады. Тексеріс нәти­же­леріне сүйенсек, мамыр айынан бері су­бұрқақтардан 125 су сынамасы алынып, олар энтеровирустық инфекциясы бойын­ша зерттелгені белгілі болды. Нәтижелері теріс.

– Субұрқақтағы су адамдардың шомы­луына, жүзуіне арналмаған. Негізінен, олар ауаны ылғалдандыруға және аймаққа эстетикалық көрініс беру үшін орнатылған. Субұрқақтың суы жиі жаңартылмайды, сондай-ақ субұрқақта әртүрлі инфек­ция­ның қоздырғышын тасымалдайтын қаң­ғыбас иттер мен құстар шомылуы мүмкін. Одан өзге атмосфералық жауын-шашын мен шаңның қонуы әсер етеді. Тағы бір ескеретін маңызды жайт, жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байла­нысты судағы микроорганизмдер тез кө­бейеді, – дейді СЭБ департаментінің басшысы.

Паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары

Қасымхан Алпысбайұлы субұрқақта шомылған кезде бактериялық, вирустық және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болып келетінін атап өтті. Оның ішінде, конъюнктивит, гельминттік инва­зия, жіті ішек инфекциясы, энтерови­рустық, ротавирустық инфекциялар, А ви­рустық гепатиті сынды түрлі ауру бар. Департамент басшысы науқастарға емді медициналық ұйымның дәрігерлері та­ғайындайтынын, адамның өз бетімен ем­делуге болмайтынын ескертеді.

– А вирусты гепатитін алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. ВГА-ға қарсы вакцинациялау 2 жастағы балаларға тұрғылықты мекенжайы бойынша меди­ци­налық ұйымда тегін жүргізіледі. Су, тамақ арқылы берілетін ауруларды алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын сақтау қажет. Тұрғындарға тек қана ар­найы келі­сілген орындарда ғана шомы­луға тиіс еке­нін ескертеміз. Адам шо­мылған кезде суды жұтпауға тырысқаны жөн. Сондай-ақ бала­ларды ересектердің қарауынсыз қал­дыр­мауға, тек бөтелкедегі немесе қайна­тылған суды ішуге, белгісіз су көздерінен, әсіресе санитариялық жағ­дайы нашар аймақтарда қайна­тыл­маған суды ішуден аулақ болуға шақы­рамыз, – деп сөзін түйіндеді Алматы қала­сының Сани­­та­риялық-эпиде­мио­логиялық ба­қылау де­парта­ментінің бас­шысы Қ. Ал­пыс­байұлы.

Айына бір рет тазарту жұмыстары жүргізіледі

Жоғарыда аталған жұқпалы ауру түр­­лері кең таралмас үшін субұрқақ суының тазалығын бақылауда ұстау маңызды. «Қа­­ладағы субұрқақтардың суын жиі ауыс­тырып отырасыздар ма?» деген сауа­лы­мызға Қалалық субұрқақтар шаруашы­лығын жүргізу бөлімінің басшысы тө­мендегідей үн қатты:

– Коммуналдық субұрқақтарда бе­кітілген кесте бойынша арнайы тазалау құ­ралдары мен реагенттердің қолданы­луымен айына бір рет тазалау жұмыстары жүргізіледі. Субұрқақ суының ластануына байланысты кейбір субұрқақтарда айына екі-үш рет тазалау жұмыстары ұйымдас­тырылады, – дейді К. Түсіпбекұлы.

Бұл коммуналдық субұрқақтардың ластануын, жұқпалы аурулардың таралуын алдын алуға бағытталған тазалық жұмыс­тарының бір бөлігі ғана. Одан бөлек, жеке аумақта орналасқан 80-нен астам су­бұрқақтың қазіргі ахуалы қалай?..

Алматыдай алып шаһардың субұр­қақтармен көптеп толығуы – қала әсем­дігі мен аптап ыстықта ауаны ылғал­дандыру үшін тиімді екенін жоғарыда атап өттік. Алайда жаздың сәніне ай­налған субұр­қақтарды пайдалануда ата-аналар жеке басының және бала­ларының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса, әрбір азамат жауап­кершілікті сезінсе екен дейміз.

Алматы қаласы

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ