Соңғы жылдары саяси мәселелер бойынша жиі пікірталасқа түсіп жүрген миллиардердің Трампты қолдауға айына 45 миллион доллар беретінін businessinsider.com жазды. Мұндай шешімнің себебін Aikyn.kz осы материалға сүйеніп түсіндіреді.
Илон Маск сенбі күнгі (13 шілде) қастандықтан кейін Дональд Трампты қолдайтынын businessinsider.com сайты The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап жариялады. Миллиардер Трампты қолдайтын саяси әрекет комитетіне айына 45 миллион доллар беруді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Соңғы жылдары миллиардер саясатқа көбірек көңіл бөлуде. Біз оның кейбір саяси мәселелер бойынша ұстанымдары мен іс-әрекеттері Дональд Трамптың АҚШ президенттігіне сайланбай тұрғанға (2016 жылға дейінгі) дейінгі мінез-құлқына ұқсайтынын байқаймыз. Бұдан келіп болашақта Маск АҚШ президенттігіне өзінің кандидатурасын ұсыну ықтималдығын да жоққа шығаруға болмайды. Бұл жерде жалғыз кедергі бар.
АҚШ Конституциясының 2-бабына сәйкес, Құрама Штаттардың президенті болу үшін үміткер осы елде тууы міндетті. Ал 2002 жылы АҚШ азаматтығын алған Илон Маск 1971 жылы Оңтүстік Африка Республикасында Преторияда туған. Сондықтан АҚШ Конституциясын өзгертпесе, Масктің АҚШ президенті болуға бірде-бір мүмкіндігі жоқ. Неге? АҚШ Конституциясын өзгерту үшін Конгрестің (парламент) 2/3 бөлігі немесе штаттар санының 2/3 бөлігінің талап етуімен құрылатын арнайы Конституциялық конвенттің мақұлдауы қажет. Конституцияға түзету осы мақұлданған шешімдерді штаттар санының 3/4 бөлігінің заң шығарушы органы немесе штаттар санының 3/4 бөлігінде құрылған конвент ратификациялауы міндетті.
The Wall Street Journal жаңа ақпаратына сәйкес, сенбі күнгі (13 шілде) қастандық әрекетінен кейін Дональд Трампты алғашқылардың бірі болып ашық қолдаған Илон Маск өз сөздерін нақты әрекетпен дәлелдеді. Маск сайлау науқаны кезінде Трампты қолдайтын саяси әрекет комитеті America PAC-ке ай сайын 45 миллион доллар беруді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Комитетті қолдаушылар арасында Palantir Technologies негізін қалаушы Джо Лонсдейл, Alliance Resource Partners көмір компаниясының бас директоры Джо Крафт және кәсіпкер Уинклвосс егіздері бар.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі де Tesla бас директорының PAC-ке қайырымдылық жасағанын хабарлаған еді, бірақ онда сомасы көрсетілмеген болатын. Президент Джо Байден бұл ақпарат алғаш жариялаған кезде Маскты сынап, қайырымдылықты «тәкаппарлық, кісілік» деп атаған.
Байден науқанының өкілі Джеймс Сингер Bloomberg агенттігіне берген мәлімдемесінде: «Өзін ғана ойлайтын тәкаппар миллиардерлер Американың қалайтын адамдары емес, Америкаға қажет емес. Илон (Маск) Трамптың салықты қысқарту арқылы Американы сататын аңқау екенін біледі, ал орта таптың салықтарын 2 500 долларға көтереді», – деген.
Масктың өкілдері журналистердің қосымша түсініктеме беру сауалдарына жауап бермеген.
Маск бұрынғы президент Трампқа қолдау көрсету немесе қайырымдылық жасау жоспары жоқ екенін бірнеше рет айтқаннан кейін енді оны ашық түрде қолдауға көшкен. Бұған күшті түрткі болған Трампқа жасалған қастандық болуы әбден мүмкін. Бірақ жабық есік жағдайында Маск пен оның технологиялық саладағы миллиардер достары биылғы сайлауда демократтарды жеңу стратегиясын жоспарлап жатқаны туралы хабарлар бірнеше ай бойы таралуда.
Соңғы жылдары Маск өзінің саяси белсенділігін арттырды. Трамп әкімшілігінің басымдықтары салық жеңілдіктері мен бизнесті реттеу болғанымен, Трамп екінші рет президент болып сайланса, Илон Масктың бизнесінде ұтқанынан гөрі жоғалтуы көп болатынын сарапшылар да жиі айтуда.
Оның бір ғана көрінісі – Трамптың электрлі көліктерге деген негативті көзқарасы. Ол арзан бензинмен жүретін, арзан көліктерді қымбат электрлі көліктерге ауыстыруды ұнатпайтын адамдар қатарында екенін Aikyn.kz бұрынғы материалдарында жазған:
«Президент Байден қытайлық Rolls-Royce-тен қорқады»
«Үкімет электромобиль өнеркәсібін дамытуға 230 миллиард доллар жұмсады»
Қосымша ақпарат
АҚШ Конституциясының 2-бабы:
«Туылғанынан Америка Құрама Штаттарының азаматы немесе осы Конституция қабылданған кезде Америка Құрама Штаттарының азаматы болып табылмайтын бірде-бір адам Президент қызметін атқара алмайды. Сондай-ақ 35 жасқа толмаған және Америка Құрама Штаттарында 14 жылдан аз уақыт тұрған адам лауазымды (президент) атқара алмайды».
Конституцияға соңғы өзгеріс 1992 жылы 7 мамырда енгізілді. Бұл 200 жылдық тарихы бар негізгі заңға енгізілген 27-ші өзгеріс болатын. Бір қызығы, АҚШ Конституциясына енгізілген өзгертулер, түзетулер (constitutional amendment, орысша поправки) деп аталады. Яғни, 1787 жылы 17 қыркүйекте қабылданған Конституция өзгермейді, оған түзетулер мен нақтылаулар ғана енгізіледі. Олардың ойынша, негізгі заң мызғымас, тұрақты болуы керек. Бұл да біздерге үлгі, сабақ боларлық қағида. Ал АҚШ Конституциясына енгізілген 27-ші түзету не туралы болды?
27-ші түзету (өзгеріс) сенаторлар мен Конгресс өкілдерінің өтемақысын өзгертетін ешбір заң Өкілдер палатасының келесі сайлауына дейін күшіне енбейтінін көрсетеді. Оның қабылдануының өте қызықты тарихы бар. Бұл түзетуді 1789 жылы Америка Құрама Штаттарының негізін қалаушылардың бірі болған президент Джеймс Мэдисон енгізген. Ұсынылған түзету Конгрестің екі палатасының үштен екісінің дауысымен мақұлданғанымен, оны бастапқыда тек алты штат ратификациялады. Талап бойынша қажетті штаттар саны 3/4 асқанда ғана түзету заң күшіне енеді. Түзетуді 200 жылдан астам уақыт өткен соң – 1992 жылы 7 мамырда соңғы штаттың заң шығарушы органы ратификациялап, ол заң күшіне енді. Қазіргі уақытта бұл түзету АҚШ Конституциясына енгізілген соңғы 27-ші түзету болып саналады.
Ал Илон Маск президент болып сайлануға мүмкіндік беретін түзету де осылай ұзақ уақыт алса, онда миллиардердің бұл ғасырда АҚШ президенті болып сайлану ықтималдығы нөлге жақын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.