Қазіргі мәлімет бойынша, Париж Олимпиадасына 12 қазақстандық маман төрелік етеді.
Париж Олимпиадасында қызмет ететін қазақстандық төрешілер белгілі болды
Фото: ҰОК
1,059
оқылды

Он күннен соң Париждегі жазғы Олимпиада ойындары басталады. Төртжылдықтың басты додасына спортшылар қызу дайындық үстінде. Ал жер жүзілік жарыста атлеттерден бөлек біз назар аударатын тағы бір мәртебелі мамандар бар. Олар – төрешілер. Париж Олимпиадасында төрелік ететін қазылар арасында қазақстандық шеберлер де жоқ емес. Olympic.kz жазғы ойындарға аттанатын қазақстандық әділқазылармен таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазіргі мәлімет бойынша, Париж Олимпиадасына 12 қазақстандық маман төрелік етеді.

Олар: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Каримова (әртістік жүзу), Юлия Игнатченко, Меруерт Қаукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Евгений Дьякокин (семсерлесу, сабля), Евгений Михеев (баскетбол), Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).

Олимпиада ойындарында төрелік ету үлкен білікті талап етеді. Одан бөлек, халықаралық федерациялар жазғы ойындарға баратын әділқазыларды қатал іріктеуден өткізеді. Әлемдік ұйымның сынағынан сүрінбей өтіп, сайдың тасындай іріктелген мамандар ғана ең мәртебелі жарыс – Олимпиада ойындарында қызмет етеді. 

Қазақстандық төреші Тимур Әмірбеков осымен өзінің төртінші Олимпиадасына аттанады. Спорттық гимнастиканың хас шебері бұған дейін 3 Олимпиада ойындары мен 18  әлем чемпионатында төрелік еткен. Ал Әмірбеков қазылық жасаған Азия чемпионаттары мен әлем кубогінің санында есеп жоқ. 

«Бұл – менің төртінші Олимпиадам. Ең алғаш рет 2004 жылғы Афина Олимпиадасында қызмет еттім. 2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы ойындарға төрелік етпедім, себебі, бұл кезде ұлттық құраманың бас бапкері едім. 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадаларында төрешілер қатарында болдым. Ал пандемия кезінде өткен Токио ойындарынан сырт қалдым. Оның да өзіндік себептері бар. Өз мансабымда жалпы есебі 18 әлем чемпионатына төреші ретінде қатысыппын. Ең соңғы рет 2022 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында қазылық жасадым. Сол чемпионат қорытындысы бойынша мен ең үздік бес төрешінің қатарына ендім. Бұл автоматты түрде Париж Олимпиадасында төрелік етуіме себеп болды. Жазғы Олимпиадада 55-56 төреші жұмыс істейді. Оларды іріктеудің өзіндік ережелері бар. Қалған қазылар сол чемпионаттан кейінгі жарыстар арқылы таңдалды», – дейді Тимур Шертайұлы. 

Әлемдік деңгейдегі төрешінің айтуынша, спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы өкілдерінің медаль алатын мүмкіндігі зор. 

«Біздің екі гимнастымыз да әлем мықтыларының қатарында. Екеуінің де тәжірибесі мол. Екеуінің де шеберлігі артып келеді. Сондықтан, біздің командада бәрі жақсы болады деген сенімдемін. Алға, Қазақстан», – деп аяқтады сөзін Әмірбеков. 

Күрес түрлерінен олимпиадалық деңгейдегі екі төрешіміз жазғы ойындарда  жұмыс істейді. Олар – Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай.  Ерік Жұмабеков төрт  әлем чемпионатында төрелік еткен. Тәжірибелі маман Олимпиадада алғаш рет қазылық жасайды. 

«Мен халықаралық дәрежедегі төреші атағын 2009 жылы алдым. Содан соң, үшінші, екінші және бірінші дәрежелі төреші атану үшін түрлі емтихан тапсырып, бүгінгі жетістікке жеткен жайым бар. 2018 жылы Таиландта олимпиадалық төреші атағын сәтті қорғадым. UWW күрестен Парижде қазылық ететін мамандарды түрлі жарыстарда сынап көрді. Алдымен Олимпиада қарсаңындағы Азия чемпионатында бақылады. Кейін Сербиядағы лицензиялық әлем чемпионатында әлеуетімізді байқады. Сол әлем біріншілігінен соң төрешілерді сары, қызыл және жасыл топқа бөлді. Ең үздіктер жиналған жасыл топқа Игорь Лигай екеуіміз бірден өттік. Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінен соң жақсы қызмет еткен 70 төрешіні Стамбулдағы (Түркия) әлемдік іріктеу турниріне қатыстырды. Міне, қорытынды шешім сол жарыстан соң қабылданып, елу маман Олимпиадаға қазылық етуге таңдап алынды. Солардың қатарында біз де бармыз», – дейді Жұмабеков. 

Ерік Жұмабеков 2019 жылы Астанада, 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022-2023 жылдары Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионаттарында және 15-ке жуық Азия біріншілігінде төрешілік міндетті абыроймен атқарған. 

«Олимпиадаға қатысатын балуандар сынды, біз де үнемі бабымызда жүреміз. Дайындаламыз, білгенімізді ой елегінен тағы өткіземіз. Үнемі бабыңда болмасаң, кілемдегі жағдайға ілесе алмай қаласың. Олимпиада қарсаңында тағы бір жарыста төрелік етсем деген ойым орындалмады. Енді жаттығу кезінде балуандарды күрестіріп, соларға төрелік ету арқылы бәрін қаперде ұстап жүрміз. Айтпақшы, өткен айда Грекияның Афина қаласында UWW ұйымдастыруымен төрешілер семинары өтті. Сол жерде Парижде жұмыс істейтін елу төреші түгел бас қосты. Бұл семинардың да бізге бергені мол болды. Бүгінге дейін талай әлемдік күрес жұлдыздарының белдесулерін төрелік еттім. Олардың ішінде Джордан Барроуз, Заурбек Сидаков, Кайл Снайдер, Баджранг, Хасан Яздани, Хамид Сурияндар бар», – дейді төреші. 

Қазақстандық төреші Алуа Бектұрова Париж Олимпиадасында көркем гимнастика шеберлеріне баға береді. Бектұрова көркем гимнастикадан Халықаралық санаттағы төреші. Ол жекелей және топтық жаттығудағы спортшылардың өнеріне төрелік етпек.

Алуа бұған дейін Буэнос-Айрестегі (2018) жасөспірімдер Олимпиадасында қазылық жасап, Токио Олимпиадасына резервтегі төреші ретінде шақыртылған. Ол бүгінге дейін әлем чемпионаттары мен әлем кубогі кезеңдерінде жұмыс істеп келді. Ал Олимпиада ойындарында алғаш рет қазылық жасамақшы. 

«Мен Париж Олимпиадасына көркем гимнастикадан төреші ретінде шақырту алдым. Олимпиаданың басқа жарыстардан басты айырмашылығы – мұнда әлемнің әр түкпіріндегі қазылар арасынан іріктейді. Сондай-ақ, іріктеу талаптары өте қатал. Біріншіден, төрешінің тәжірибесі есепке алынады. Соңғы екі жылда әлем чемпионаты, әлем кубогі сынды көптеген ірі жарыста қазылық етуің керек. Екіншіден, судьяның санаты үлкен роль ойнайды. Көркем гимнастикада төрешілердің 4 санаты бар. Олимпиада ойындарында тек қана бірінші және екінші санатты қазылар жұмыс істейді. Үшіншіден, төрешінің олимпиадалық маусымдағы қызметінде мін болмауы керек. Қандай да бір қате жіберіп, ереже бұзатын болсаң, Олимпиадаға шақырмайды», – дейді Алуа. 

Қазақстандық маман соңғы олимпиадалық циклде, яғни, 2020-2024 жылдар аралығында екі әлем чемпионаты мен әлем кубогінің барлық кезеңінде төрелік еткен. Оның ішінде, Испанияның Валенсия қаласында өткен лицензиялық әлем біріншілігі де бар. Бүгінде Алуа Бектұрова Париж ойындарына тоқтаусыз дайындалып жатыр. 

«Күніне 2-3 сағатымды дайындыққа арнаймын. Олимпиадаға қатысатын гимнастардың өнерін үйде видео арқылы қарап, бағалаймын. Төрешілікке қатысты қосымша материалдарды да қалт жібермеймін. Халықаралық гимнастика федерациясы төрешілерге гимнастардың жарыс кезіндегі видеоларын жіберді. Біз соларға сырттай төрелік етіп, өз бағамызды қоямыз», – дейді Алуа. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.