Биыл 6 маусымнан бастап партия мүшелері түрлі аумақта тазалық жұмысын жүргізіп келеді.
«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясына 35 мыңға жуық адам қатысты
1,081
оқылды

Еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл акция жаңа экологиялық мәдениетті және азаматтардың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Акция Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өтіп жатыр.

Биыл 6 маусымнан бастап партия мүшелері түрлі аумақта тазалық жұмысын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, жол бойындағы аумақтар, өнеркәсіптік аймақтар, тұрғын үй аудандары, әлеуметтік нысандар. Бүгінге дейін партия мүшелері 4,5 мың тоннадан астам қоқыс жинады. Ел бойынша акцияға 35 мыңға жуық адам қатысты. Өткен аптадан бастап белсенділер жағалау аймақтарын, жайылмалар мен өзен арналарын, көлдер мен су айдындарының айналасын тазартуға күш салып жатыр. Қазірдің өзінде 70-тен астам су объектісі тазартылды.

Мысалы, Шымкентте шамамен 400 адам партия бастамасына қосылды. Бүгінгі тазалық жұмысы Абай ауданындағы А2 тасжолының бойында өтті. Шамамен 2 тонна қоқыс жиналып, қалдықтар сұрыптау және қайта өңдеуге жіберілді. Партия мүшелерінен бөлек, игі іске жергілікті тұрғындар, мәдениет қайраткерлері және танымал спортшылар атсалысты. Олардың ішінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков, партияның Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, қалалық мәслихаттағы фракция жетекшісі Қайрат Имашев, ардагерлер, мәслихат депутаттары, «Jasyl el» еңбек жасағы және «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері болды.

Сонымен қатар танымал спортшылар Арман Оспанов, Сұлтан Заурбек, Жазира Жаппарқұл, сондай-ақ кинорежиссер Марат Достаев, «Миллион» әзілкештер командасы және «Жайдарман» клубының мүшелері де жол жиегін қоқыстан  тазалады.

«Партия мүшелері әр апта сайын, бейсенбі күндері, бекітілген аумақтарда тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді. Партияның аймақтық сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға арналған ауқымды міндеттер тұр. Бүгінгі таңда аумақтарды, өзен-көлдердің жағалауларын тазарту, қаланың көшелерін көгалдандыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр», – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Астана қаласының партия мүшелері де игі істен шет қалмады. 100-ден астам белсенді «Астана-Бурабай» трассасының жанындағы аумақты тазалауға шықты. Олар 200-ден астам қап қоқыс жинады.

Айта кеткен жөн, «AMANAT» партиясының астаналық филиалы жанында қаланың экологиялық жағдайын бақылау үшін 5 мобильді топ құрылды. Бұған дейін мобильді топтардың жүргізген мониторингінің нәтижелері бойынша 20 заңсыз қоқыс орны анықталды.

Түркістан облысында «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар рухы» белсенділері Тұрар Рысқұлов ауылының жанындағы Құлан өзенінің бойын тазалады. Жергілікті тұрғын Ақтоты Көшербайқызының айтуынша, бұл көрікті жерге демалушылар жиі келеді, кейбірі қоқыстарын сол күйі қалдырып кетеді.

«Табиғатты қорғау өзіңнен басталуы керек, өйткені тазалық – жинаған жерде емес, қоқыс тастамайтын жерде. Акцияға жастардың белсенді қатысып жатқаны қуантады, олар қоршаған ортаға қамқорлық жасайды», – деді ол.

Шығыс Қазақстан облысында партия мүшелері Күршім және Құйған ауылдарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар Ертіс өзенінің жағалауын, жаңа көпірге апаратын жолды, ауылдардың айналасын тазартты. 13 гектар аумақтан жиналған қоқыстар қайта өңдеуге жіберілді. Үш тонна қоқыс шығарылды.

Осындай іс-шаралар елдің басқа аймақтарында да өтті. Әрбір учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастапқы партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар бекітілген аумақтарда тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді. Сондықтан аталмыш акция тек қоқыс жинау ғана емес, қоқыс жәшігін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты абаттандыру әрі инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелерді шешеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram арнасынан таба аласыз.