Мопед және самокат: жол үстінде мол апат

Жыл өткен сайын ­елім­із­де те­мір тұлпарлардың саны артпаса кеміген емес. Олардың арасында техниканың қарыштап дамуының нәтижесінде қатарға жаңадан қос­ылған скутер, мопед, электро­самокат сияқты көлік түр­лері тағы бар.

Әрине, қарапайым автомобильден өзге мұндай жеңіл көлік түрлерінің пайда болуы адамдардың өмір салтына өзгеріс енгізіп қана қоймай, күнделікті нәпақасын табуға оң ықпал етері белгілі. Кейінгі уақытта жол бойында автомобильдер мен автобустардың арасынан жүйткіп өтетін мопедшілерді жиі байқаймыз. Әсіресе, екі миллионнан аса тұрғыны бар Алматыдай алып мегаполис көшелері күндіз-түні мопед пен самокат тізгіндеушілерден көз ашпайды. Алайда қалада таңнан кешке дейін зуылдап жүрген көлік жүргізуші­лерінің басым бөлігі азын-аулақ болса да ішіп-жеміне жетерлік тиын-тебенін тауып, күнкөріс қамымен жүрген – тапсырыс жеткізушілер. Дегенмен заң бәріне ортақ. Себебі соңғы кездері шаһарда мопед пен самокат жүргізушілеріне қатысты құқықбұзушылық фактілері мен жол-кө­лік оқиғалары көбейген. Әріге бармай-ақ, осыдан бірер күн бұрын Алматы маңын­дағы Тұздыбастау ауылында болған 21 жас­тағы мопед тізгіндеушінің қайғылы оқиғасы сөзімізге дәлел. Мопедпен жол апатына ұшыраған жас жігіт туралы бейнежазба сол күні-ақ желіде желдей ескен еді. 

Қалалық полиция департаменті берген деректерге сүйенсек, биыл жыл басынан бері мегаполисте самокат пен мопедтердің қатысумен 500-ге жуық жол-көлік оқиға­сы болса,  өкініштісі, апаттың салдарынан 7 адам көз жұмған. Ал өткен демалыс күндері шаһарда 2 мыңға жуық құқықбұзу­шылық фактілері тіркелген. Бұл көрсет­кіш­тің басым бөлігін мопед пен самокат тізгіндеушілері құрайды. Аталған көлік түрлерін пайдалануға қатысты жүр­гізілген жергілікті іс-шара басталған уақыттан бері қалада 5 мыңға жуық мопед тізгіндеушісі пен 5,2 мыңнан астам самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. 

Тұрғындардың зәре-құтын қашыратындар көп

Қазір қалада жаяу жүргіншілерден бө­лек, велосипед, мопед пен самокат тізгіндеушілер үшін арнайы жол қарастырылған. Алайда осыған қарамастан көшедегі жаяу жүргіншілердің арасынан зуылдап өтіп, тіпті ескерту дабылынсыз тұрғындардың зәре-құтын қашыратындар көп. Олардың арасында күнкөріс машақатымен жүрген тапсырыс жеткізушілерден өзге, алысты жақындатып, діттеген жеріне жету үшін қос дөңгелекті көлікті пайдаланатын бала­лар да бар. Балалардың самокат пен мопед жүргізуі заң мен қауіпсіздік стандарттарына қайшы келетінін ескерсек, таяуда 100-ге жуық ата-ана балаларына самокат пен мопед жүргізуге рұқсат бергені үшін жауапкершілікке тартылған. 

Алматы облысының тұрғыны Диана Бақытқызы көшеде жылдамдықты асыра айдайтын мопед пен самокат тізгіндеуші­лер­дің қатарынан жасөспірімдерді жиі байқайтынын айтып алаңдайды. Диана бір-бірімен жарысып, құйындай зымыр­ауға әуес жүргізушілердің іс-әрекеті өзіне де, өзгеге де қауіп тудыруы ықтимал екен­ін түсінсе екен дейді.

– Жеке өзім сақтық шараларын ескере отырып, мопед пен самокат секілді кө­лік түрлерімен жол қысқартуға тырыспаймын. Қазір қаламызда болған небір жағдайларды естіп, көріп отырмыз. Бір апта ішіндегі жаңалықтардан міндетті түрде самокат пен мопед жүргізушілерінің апатқа ұшырағаны туралы хабарды еститін халге жеттік. Жаяу жүргіншілерге арнал­ған жолда келе жатсам, қасымнан 2-3 жас­өспірім мопед пен самокатты үлкен жылдамдықпен айдап өтеді. Сан түрлі жайсыз жағдайлардан кейін олардың өміріне алаңдаймын. Кейде өздеріне «ақырын жүріңдер» деп ескертемін, – дейді ол. 

Заң негізінде жауапкершілік жүктелуі қажет

Әлем елдерінің тәжірибесін зерделеп қарайық. Мәселен, Украина 2010 жылдан бері сыйымдылығы 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедтерді жүргізу үшін «А1» дәрежелі жүргізуші куәлігінің болуын арнайы заңдық тұрғыда міндеттесе, Еуропа елдерінде мопед тізгіндеушілер үшін арнайы категориясы бар жүргізуші куәлігін пайдалану мәселесі қарастыр­ылған. Былтыр тамыз айының соңынан бастап Франция астанасы электроскутерлермен қош­тас­атынын хабарлады. Мұн­дай оң өз­ге­р­істің бастауы биыл бізге де келіп жет­ті. Елімізде мопед жүргізу­шілері жол қозғалысының қатысушылар­ына теңес­тірілетіні жөнінде мәселе көтерілді. Оларға қойылған негізгі талап – мопед тізгіндеу үшін «А1» санат­ындағы жүргізуші куәлігін алу. Жаяу жүргіншілерге арналған жолда алаңсыз жүруді қалайтын қала тұр­ғындары мопед пен самокат тізгіндеушілерге заң негізінде міндетті түрде жауапкершілік жүктелуі қажет екенін, мәсе­ле мен халық тарапынан айтылған ұс­ын­ыстың құрғақ уәде күйінде қалмай, іс жүзінде қарас­тырылуын талап етеді.

– Мопед жүргізушілеріне сөзсіз заң­дық тұрғыда қандай да бір жауапкершілік артылғаны абзал. Олар тізгіндеп отырған көлігінің өздеріне де, жолда кетіп бара жатқан адамдардың өміріне де қауіпті екенін білуі тиіс. Жас ерекшеліктеріне сәйкес қатаң түрде шектеулер орнатылып қана қоймай, оның үнемі қадағалануы қажет деп есептеймін. Қазір жолда келе жатқан бойда біреу тосыннан келіп қағып кете ме деп алаңдаумен жүреміз, – дейді облыс тұрғыны Д.Бақытқызы.

«Қағып өткен жүргізуші артына да қарамай кете барды»

Ал Алматы қаласындағы универси­теттердің бірінде білім алатын студент Балауса Саябекова мопед пен самокат жүргізушілерінің арасында адам өміріне немқұрайлы қарайтын жауапсыз адамдар­дың барын айтып ашынады. Жайсыз жағдайға тап болып, самокат тізгіндеуші­лер­дің салғырт әрекетін өз көзімен көрген алматылық студенттің айтар ұсыны­сы да жоқ емес.

– Құрбым екеуміз Алматы көшелерінің бірінде жаяу жүргіншілерге арналған жол­да кетіп бара жатыр едік. Артымыздан ешқандай ескертусіз келіп қалған самокат тізгіндеуші бізбен соқтығысты. Осының нәтижесінде құрбым жарақат алды. Өкі-

н­іш­тісі, бізді қағып өткен жүргізуші артына да қарамай кете барды. Қала көшелерінің кейбір бөліктеріне ғана емес, мүмкіндігін­ше барлық аудан көшелеріне самокат, мопед, велосипед жүргізушілеріне арнал­ған  жол салынса, мұндай жағдайлар белең алмайтын еді, – дейді алматылық студент Б.Саябекова.

Ескертуіңе жұдырық сілтейтін мопедшілер

Осы ретте тағы бір маңызды мәселені атап өткеніміз жөн. Тұрғындар мопед жүргізушілеріне ескерту айтса, кейбірі құлақ аспайтынын, тіпті ескертуіне кері жауап қайтарып, жұдырық сілтеуге дейін баратын көлік тізгіндеушілердің барын жасырмады. Осыдан бірер күн бұрын, дәлірек айтсақ, 15 шілде күні Алматыда мопед жүргізушісі өзіне ескерту айтқан әйелді ұрып жібергені туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тарағаны есімізде. Қазір аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әйелге қысым көрсеткен жүр­гізу­ші іздестіріліп жатыр. 

Біз осыған дейін де газетімізде жол тәртібін бұзушыларды самокат арқылы қуатын алматылық полицейлер туралы жазған едік. Десек те, бұл қаладағы жол ережелерінің сақталуына, самокат пен мопед жүргізушілерінің жергілікті тұрғындардың алдындағы жауапкершілікті сезінуіне әсер етпей тұрған сыңайлы. Шаһар тұрғындары заңды барынша күшейтпейінше, айтылған ескертуді елемей, жолда оңды-солды әрекет ететін көлік тізгіндеушілердің саны азаймайтынын айтып дабыл қағады. 

 

Алматы қаласы

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ