Дәрі бағасын нарық шешеді

Energyprom.kz мониторинг агенттігінің дерегінше, елімізде дәрі-дәрмек бағасы бір жылда орта есеппен 11 пайызға қымбаттаған. Ақмола облысы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында баға едәуір шарықтаған – шамамен 18%. Сарапшылардың айтуынша, парацетамол мен ацетилсалицил қышқылының құны тіпті 60 пайызға дейін көтерілген. Мамандар медикаменттер бағасы әлі қымбаттайтынын айтады. Оған себеп көп...

Мемлекет бағаны бақыламайды

Елімізде дәрі-дәрмек бағасының еркін айналымына мүмкіндік беру үрдісі қарқын алды. Бұл дегеніміз – мемлекеттің тауарлар мен қызметтер бағасын бақылауын жеңіл­дету немесе алып тастау. Еліміздің заң­на­масы контекстінде бұл – тауарлар мен қыз­меттер бағасын белгілеу процесіне мем­лекеттің араласуын азайту немесе шек­теу, яғни нарық ұсыныс-сұраныстарға сәй­кес, өнім бағасын еркін анықтай алады. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басшысы Мира Тұяқбаеваның ай­туынша, бұл реформа бәсекеге қабілетті нарық жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан бүгінге дейін ЕАЭО елдерінің ішінде дәрілік заттардың бағасын реттеумен ай­налысатын жалғыз мемлекет болған. 

«Аталмыш нарықтың әлеуметтік маңы­зын ескеретін болсақ, бәсекелестікті дамы­ту, балама өндіріске мүмкіндік берудің қажеттілігін түсінуіміз керек. Бұл реформа халыққа дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға және фармацевтикалық бәсекені ынталандыруға арналып отыр. Бұған дейін Қазақстан препараттардың толық тізімін, шамамен 7,1 мыңнан астам дәрі-дәрмек бағасын реттеумен айналысып келді», – деді сарапшы. 

Биыл жыл басынан бері билік көтерме және бөлшек саудадағы дәрігердің ре­цептінсіз берілетін барлық препарат баға­сын бақылауды қойды. Аталмыш рефор­маны 2022-2026 жылдары үш кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған: алғашқысында (2022-2023 жж) – 2,2 мыңнан астам дәрілік зат, оның ішінде қарапайым ауруларды емдеуге арналған гомеопатиялық препа­раттар, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер бағасына бақылау болмайды. Келесі кезеңде (2023-2025 жж) – рецептпен берілетін дәрі-дәрмектер мен антибио­тиктер, ал соңғысы (2025-2026 жж) – мем­лекет бақылауында қалатын дәрілік зат­тардан басқа барлық препарат бағасын реттеу шектеледі. Осылайша, 2026 жылға қарай билік медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі және міндетті меди­циналық сақтандыру жүйесі шеңбе­рінде, «СҚ-Фармация» мемлекет қара­жатына сатып алатын дәрілік заттардың ғана баға­сын реттейтін болады. 

Денсаулық сақтау министрлігі де бұл реформаны жылы қабылдады және бола­шағынан зор үміт күтеді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ляззат Қашқым­баевның пікірінше, аталмыш жаңашылдық дәрі-дәрмек бағасының тұрақталуына мүмкіндік бермек. 

«Әлбетте, ДСМ күні бүгінге дейін дә­рілік заттардың бір бөлігінің бағасын реттеп отыр және осы тізімдегі кей препараттардың тапшылығын байқаймыз. Ал бағаны еркін айналымға жіберу арқылы нарық өзін-өзі реттейтін болады. Дәрі-дәрмек бағасы мұ­ның салдарынан күрт қымбаттамайды деп сенеміз. Оның үстіне, 2020 жылғы пан­демия кезіндегі жағдайдан кейін (бұл уа­қытта сұраныстағы дәрілік заттар тапшы­лығынан баға бірнеше есеге дейін көте­ріл­ген болатын) бизнес нарық жағ­дайын және мемлекеттің қымбатшылыққа жол бер­мейтінін түсінеді», – дейді сарапшы. 

Комитет өкілінің айтуынша, жыл ба­сынан бері бағасы бақыланбайтын ре­цептсіз сатылатын дәрілік заттардың баға­сының күрт қымбаттауы байқалмаған.

«Бұған дейін қолданыстағы шекті ба­ғалар өндірушілердің дәрілік заттарды төмен бағада сатуына ықпал етті. Біз мұны мониторинг барысынан байқайтынбыз. Қазір бағаны еркін айналымға жібердік және нарықты бақылап отырмыз. Дәрі-дәрмек бағасы бұрынырақтағы шекті баға­дан асқан жоқ, соған тек жақындады. Өйт­кені бәсекелестік бар», – деп түсіндірді Л.Қашқымбаева. 

Десек те, сарапшылар аталмыш рефор­маның сау бәсеке қалыптастыруға септігі болғанымен, дәрілік заттардың құнының көтерілуіне де ықпалы зор екенін алға тар­тады. Өйткені сұраныс көп болған жағдайда кәсіп иелері дәрі-дәрмек бағасын қа­лауынша қымбаттатуға мүдделі болады. Демек, дәрі-дәрмек бағасы алдағы уақытта да қымбаттай бермек. Бұған қоса, биылғы 1 шілдеден бастап елімізде барлық препа­ратты таңбалау мен қадағалау мүм­кіндігі енгізілді. Бұл жаңашылдық нарықтан кон­трафактілік өнімдерді жоюға және дәрі­лік заттарды бақылау сапасын күшейтуге ба­ғытталды. Сарапшылардың айтуынша, аталмыш идея жақсы, дегенмен оның жү­зеге асырылу барысы әлі де түсініксіз. 

Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі Талғат Ома­ровтың пікірінше, бұл жаңашылдық кәсіп иелеріне қосымша жүктеме салуы мүмкін. Өйткені препаратты таңбалау мен қадағалау мүмкіндігі әр өнім үшін қосымша құн салы­ғын төлеуге итермелеуі ықтимал. Бұған дейін дәрілік заттар 12 пайыздық ҚҚС бо­сатылған еді. 

«ҚҚС енгізілетін болса, дәрі-дәрмек бағасы кем дегенде 16 пайызға тағы қым­баттайды. Яғни, қазіргі 4 пайызға тағы 12% қосылмақ. Кедендік бақылаудан өткен уа­қытта ҚҚС төлеуге тиіс боламыз», – дейді маман. 

Жүйеде кемшілік көп

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің дерегінше, бүгінде елімізде 7,1 мыңнан астам дәрілік зат тіркелген, оның 6,2 мыңға жуығы, яғни 86 пайызы – шетелдік препараттардың, ал мыңнан астамы, яғни 14 пайызы отандық медикаменттердің үлесі. Бірақ 14 пайызға тең отандық өнімнің шикізаты да 95 пайыз импортқа тәуелді. Егер ҚҚС енгізілетін болса, нарықтағы дәрі-дәрмектің 95 пайы­зы қымбаттауы мүмкін. Ал отандық өн­дірісті дамытудың тиісті тетігі жолға қо­йылмаған әрі бақылануы да төмен. 

Жақында Жоғары аудиторлық палата халықты дәрі-дәрмекпен және меди­ци­налық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлі­гінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйым­дары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысын жариялады. Аудит бары­сында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кем­шілік анық­талған. Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асы­рылуын талдау барысында фармацевтика саласын дамыту бойынша кешенді тәсілдің жоқтығы айқындалған. Дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайды, ал әкелінетін компоненттердің сапасына қойылатын талаптар белгіленбеген. Аталмыш құжатқа сәйкес, отандық дәрілік заттар мен меди­циналық бұйымдарды өндірушілердің мем­лекеттік қолдау шараларымен қам­ты­луы 20 пайыздан төмен. 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі – 18%. Бағаны мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Шекті баға қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл норма­тивті түрде препарат құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүм­кіндік береді. 

Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге бола­тындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдіс­темесі мүлдем қате.

Денсаулық сақтау министрі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ес­кере отырып, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.   

«Баға белгілеуге, оның ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақ өте көп. Көтерме-бөлшек сауда сегменті үшін де, ТМККК және МӘМС шеңберінде де сатып алу бөлігінде баға белгілеуде сұрақтар бар. Жоғары аудиторлық палата талдауының нәтижелеріне келетін болсақ, 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы тексерілетін болады. Жұмыс тобы құрылды. Оларды іріктеуге қатысты да сұрақтар бар. Жыл соңына дейін біз ТМККК және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ көтерме-бөлшек сауда сегментінде белгіленген бағалардың барлық спектрін тұтастай қайта қараймыз деп ойлаймын», – деді министр Ақмарал Әлназарова. 

Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қам­ты­майтынына назар аударды, бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СҚ-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары баға­мен сатып алуына әкеліп соққанын анық­тады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр. Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау меди­циналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге со­маға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде, 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзі­мінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шы­ғарылған. 

Түйін: 

Дамыған елдерде дәрі-дәр­мектің 70-90 пайызы ұлттық бағ­дар­ламалар аясында өздерінде өнді­ріледі. Мысалы, Испанияда отан­дық препараттардың үлесі 67%, Францияда – 56%, Из­раиль­де – 49%, сондай-ақ Ресей, Беларусь сияқты ТМД елдерінде де отандық өнімі 30 пайыздан асады. Ал елімізде бұл көрсеткіш – 14%. Оның өзінде, дәрі-дәр­мектің 95 пайы­зы шетелдік валю­тамен сатып алын­ған им­порт­тық шикізатқа тәуелді. Сарапшылар отандық нарықтағы дәрілік заттардың бағасын тұрақтандыру мақсатында түрлі реформа жасалғанымен, алдымен өндіріс ісі туралануы керегін айтады. Ал жоғарыда айтқан бастамалар тиісінше бақылануы қажет.

Айдана НҰРМҰХАН