Біз отбасындағы бала тәрбиесі мен оның қоғамға әсері турасында Психоанализ қауымдастығының мүшесі, CARe Network қауымдастығының Орталық Азия мемлекеттерінің өкілі Гүлжан Қалиқызымен кеңінен әңгіме өрбіткен едік
– Бүгінде бала тәрбиесі, бала психологиясы – қоғамда маңызды тақырыптардың бірі. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баланың табиғатын толыққанды түсіне алмауының салдарынан, тәрбиелеудің ең оңай тәсілдерін қолданып жатады. Айтыңызшы, баланы таяқ арқылы тәрбиелеу қаншалықты дұрыс? Балаға физикалық зақым келтіру оның психикасына кері ықпалын тигізбей ме?
– Қазір көбі бала психологиясы мен бала тәрбиесіне барынша көңіл бөлуге тырысып жүр. Дегенмен солай бола тұра көптеген ата-ана осы мәселеге келгенде қателік жібереді. Біріншіден, кейбір ата-аналар «балама идеалды әке-шеше болсам» деген мақсатпен баласының барлық қалауын орындайды. Екіншіден, керісінше, өзге ата-аналар баланы ұрып-соғу арқылы тәрбиелейді. Олар «мен де кезінде осылай өстім, ұрғаннан қирап, өлген жоқпын, ештеңе етпейді» деген пікірді ұстанады. Баланы тәрбиелеудің жоғарыда аталған екі түрі де қателік дер едім. Себебі ата-ана өзі көрген қиындықты балам көрмесін деп тәрбиелесе, баланың өзіне тән травмаларын көрмейді. Оның ішкі жандүниесінде қандай арпалыс болып жатқанын байқамайды. Себебі ата-ана өзін «идеалды ата-ана етіп қалыптастырудың» қамымен жүрген уақытта баланың бойында қандай құбылыстар болып жатқанын елемейді.
Баланың төбесіне қамшы ойнату, намысына тию, кемсіту психикаға кері әсерін тигізбей қоймайды. Тіпті, болашақтағы даму сатысына ықпал етеді. Негізінен, таяқ арқылы тәрбиеленген бала агрессор болып өседі. Нәтижесінде, ол да ертең өзгеге зиянын тигізеді. Жағдайды керісінше қарастыратын болсақ, жастайынан ұрып-соғуды көріп өскен бала келешекте өзгелердің де жұдырық астында қалуы мүмкін. Бала өзінің МЕНІН, жеке шекарасын жоғалтады. Ішкі қалауын айта алмайтын, оны сыртқа шығаруға өзіне рұқсат бере алмайтын бала тәрбиеленеді. Физикалық күш баланың санасында қорқыныш, кінә, ашу сезімін дамытады. Соның әсерінен бала алғашқы кезекте эмоцияларын «жауып тастайды». Өзгеге айтылмай, сыртқа көрінбей қалған эмоцияның барлығы ішкі қақтығыстарға алып келеді. Ішкі қақтығыстар баланың келешекте адамдармен қарым-қатынас құруына әсер етеді.
Бала үшін қауіпсіз кеңістік – үйдегі атмосфера
Жағымсыз жайттардың белең алуына тағы бір негізгі себеп – ата-ана мен баланың арасында сенімді, ашық қарым-қатынастың жоқтығы. Өйткені бала үшін оның ата-анасы ауырлық пен қауіптің көзі болып көрінеді. Мұндай сәтте бала ата-ананы қауіпсіз, әрі өзінің қорғанышы ретінде көре алмайды. Осының арқасында ата-ана мен бала арасында ішке бүккен құпиялар пайда болады. Қоғамдағы ұрлық, зорлық-зомбылық сынды қорқынышты әрекеттердің түбі, міне осылай дамиды. Білмекке құмарлық – балаға тән қасиет. Екі арада ашық, сенімді қарым-қатынастың бұзылуы баланың осы бір білмекке құмарлық қасиетін жоғалта бастайды. Нақтырақ айтсақ, баланың айналасын құштарлықпен танып-білуге деген ұмтылысы жойылады. Мұндай кезеңде әлеуметтік дағдылар жоғалып, когнитивті психикалық процестер баяулауы мүмкін. Иә, отбасында таяқ көріп өскен бала өмірде жетістікке жетуі мүмкін. Осы тұста кейбірі менің сөзімді жоққа шығаратын түрлі мысалды да келтірер. Бірақ шын мәнінде баланың жан дүниесі қаншалықты бақытты, ал оның айналасындағы адамдар бақытты ма? Бала өзін басқа ортада қаншалықты бақытты сезінеді? Мәселе – осында. Бала өскен соң жасөспірім шақта ішкі қақтығыстарды, қарым-қатынастарды қайтадан ретке келтірудің жолдарын іздейді. Бала үшін қауіпсіз кеңістік – үйдегі атмосфера.
– Құқықтық статистика комитетінің ресми дерегінше, елімізде жылына 800-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбанына айналады екен. Осыған сәйкес, таяуда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң күшіне енді. Баланың алаңсыз, бақытты балалық шағы үшін аталған заңның маңызы қандай?
– Заң адамның іс-әрекеті мен оның қоғаммен қарым-қатынас құруы сынды нормаларды қалыпта ұстап отырады. Бірақ біз нормаларды баланың бойына кішкентай кезінен бастап сіңіреміз. Кейіннен мемлекет өзіне ата-ананың рөлін алады. Бұл кезеңде сіз ересектік позицияны ұстанасыз. Мәселен, бір адамды ұрғыңыз келіп тұр. Бірақ заңдылық бойынша ұруға болмайтынын білесіз. Бұл ересектік позиция. Ол әрқашан шешім қабылдағыш келеді. Егер біз ата-анадан берілген нормаларды бала кезімізде іштей интеграция жасай алмасақ, бойымызға сіңірмесек, болашақта қиын болуы ықтимал. Осының нәтижесінде қазір қоғамымызда ұрлық, зорлық-зомбылық, адам өлтіру сияқты фактілер әлі де бар. Оған басты себеп – біздің ішкі ата-анамыздың өте әлсіз немесе тым қатал болуы. Нормалар бізді заңдылыққа қарсы шықпауға үйретеді. Сон-
дықтан отбасылық, тұрмыстық мәселелерге байланысты арнайы заңның қарастырылуы орынды. Өйткені заңның да өзіндік санкциялары бар. Егер біреуге жұдырық сілтесе түрмеге қамалады немесе өзге де жазалау түріне ұшырайды. Егер өзімізбен іштей үйлесімде өмір сүрсек, әрине заңдылықтарды бұзбаймыз. Өйткені мұндай заңдылықтар біздің ішімізде алдын ала берік бекіген. Қазір біз балаларымызға оның қоғам алдындағы міндеттері мен құқықтары туралы үйретуіміз керек. Өкінішке қарай, әзірге отбасында мұндай маңызды мәселелер жиі талқыға салына бермейді.
«Балық басынан шіриді»
– Осы күнге дейін балаларға жасалған қысымның сан түрін көріп келсек те, қоғам әлі одан сабақ ала қоймаған сыңайлы. Осы тұста ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста қалыптасқан «алтын қағида» бар ма?
– «Балық басынан шіриді». Ең алдымен, ата-ана өзінен бастауға тиіс. Өзін түсінетін адам, өзгені де түсіне алады. Одан өзге баланы тыңдай білу, сезіну, басқа адамның не сезінетінін түсіну және уақыт бере білу маңызды. Көп жағдайда біз өзімізді мазалаған сұрақтың жауабын бірден шешіп тастауға тырысамыз. Өйткені ішкі қобалжудан, мазасыздықтан тезірек арылғымыз келеді. Алайда бұлай болуы мүмкін емес. Керісінше, өзімізге де, өзгеге де уақыт беруге тиіспіз. Осы аталған «алтын қағидаларды» ұстана алсақ, баламен де, айналамыздағы өзге адамдармен де қарым-қатынасымыз жақсарады. Бір-бірімізді түсіну, үйлесімділік пайда болады.
– Өз тәжірибеңізде бала психологиясы мәселесімен көмекке жүгінетіндер көп пе? Мәселені қалай шешкен тиімді?
– Маған ата-аналар «баламды түзеп беріңізші» деп жасөспірім шақтағы балаларын жиі алып келеді. Психологтің мақсаты – баланы түзеу емес, оның ішінде болып жатқан арпалыстарды түсіндіру. Екінші мақсат – ата-анаға баласын түсінуге көмектесу. Бізге ата-аналар баласын «кеше тәп-тәуір еді, бүгін өзгеріп, өзімізге атылатын болды» деп алып келеді. Онымен қоса, «балам ашық-жарқын еді, қазір тым тұйық. Ешкіммен сөйлеспейді, бөлмесінен шыққысы келмейді» дейді. Үшінші типаждағы ата-аналар «баламның сабағы төмендеп кетті, бұрынғы қалпына келтіріп беріңіз» дейді. Мен сол сәтте ата-анаға баланы робот ретінде механикке алып келген болса, онда көмек бере алмайтынымды бірден айтамын. Егер баланың жан дүниесін түсінуге уақыт бере алса және баласына басқаша көзқараспен қарауға дайын болса, онда мен қолдан келгенімше көмек көрсетемін. Адам баласы істен шыққан бір-екі бөлшегін жөндеп, қайтадан бастапқы қалпына келтіріп қоятын робот емес. Әрбір отбасы, ата-ана, бала көмек сұрап келген кезде, ең алдымен өздеріне тән қарым-қатынастың механизмдерін табуы керек. Шынында баланың жан дүниесіне сай келетін, өзіне қолайлы, көмек бере алатын әдістерді таңдау қиын. Мен ең біріншіден ата-анамен жұмыс істеуіміз керек. Өйткені өзі ғана өзгеріп қоймай, баланың өзгергенін қабылдайтын ата-ана болса, біздің тарапымыздан да көмек бар. Менің міндетім – баланың ішкі жан дүниесін қалыпқа келтіру. Көмек сұрап келген ата-аналарға қояр бір шартым бар: олар да терапиядан өтуі міндетті. Осыдан кейін ғана нәтиженің жемісін анық көруге болады. Егер ата-ана терапияға бармаса, өзгеруге құлшыныс танытпаса, нәтижені көре алмайды. Барлық тараптың әрекеті арқылы ғана баланың дамып-жетілуіне көмектесе аламыз.
– Психика дамуының әр сатысындағы өзгерістерге қарай баланы қай жасқа дейін еркелеткен дұрыс?
– Әрбір әрекетіміздің өз өлшемі бар. Бірінші балаңызды бес минут еркелетсеңіз, ол сол еркеліктің өзіне тойып, күні бойы жадырап жүреді. Ал екінші балаңызды үш сағат бойы еркелетсеңіз де, ол жеткіліксіз болуы мүмкін. Осы ретте әр баланың өзіне тән нормасы бар екенін ескеруіміз тиіс. Әрине, баланы еркелетуі керек. Бұл тұста ата-ана ескеруге тиіс мәселе – балаға жасына сай заңдылықтарды енгізіп отыру. Мысалы, бір жастағы балада алты жастағы баладан талап етілетін заңдылықтар жұмыс істемейді. Кейбір ата-аналар баланы горшокқа отырғызуды тым ерте жастан бастап үйретуге тырысады. Физиологиялық тұрғыдан алып қарасақ, бұл дұрыс емес. Мидың дамуына байланысты баланың санасында 3 жасқа қарай психологиялық бақылау пайда болады. Оған дейін нәресте туған сәттен бастап өзін қалаулары орындалатын «патша» деп есептейді. Бұл олардың жас ерекшеліктеріне қарай физиологиялық тұрғыдан да сәйкес келеді. Баланы қай кезде болмасын міндетті түрде еркелеткен дұрыс. Алайда бізде көбі қалай еркелетеді? Баласына «сен патша, президент боласың» дейді бірақ президент болуы үшін не істеу қажет екенін көрсетпейді.
Ата-ананың қаталдық танытып, баланың жан дүниесіне үңілмеуі, тек талап қоя беруі қоғамның тағы бір маскүнем немесе абьюзермен толығуына ықпал етуі әбден ықтимал. Сондықтан ата-ана ұрысса немесе ақылын айтқан кезде, баланың ішіне ұят сезімін немесе асыра кінәлау, ашу сезімін бейімдемеуі керек. Бақытты ата-ана бақытты баланы дүниеге алып келеді.
Балада ойыншық тым көп болмағаны жөн
– Бала дүниетанымының қалыптасуына, айналасын танып-білуіне әсер етуші тағы бір басты құрал – ойыншық. Ата-ана ойыншық сатып аларда неге мән бергені абзал? Осыдан біршама уақыт бұрын Хаги Ваги ойыншығы балалар арасында кең таралды. Бірақ хоррор стильдегі ойын кейіпкерінің бала психикасына кері әсері барын айтып, мамандар дабыл қаққан еді. Осы тұста жағымсыз кейіпкер бейнесіндегі ойыншықтар бала психикасының кері ықпалын тигізбей ме деген сауал туындайды...
– Хоррор баланың психикасына әсер етеді деп айтып жатамыз. Бірақ сол қорқынышты ойыншықтар арқылы бала өзінің ішкі қорқыныштарымен жұмыс істеп жүрген болуы мүмкін. Ойыншықтың қай түрін болмасын сатып алмастан бұрын ата-ана ақылға салып ойланғаны жөн. Мәселен, «Барбиде» қандай образ бар? Иә, қуыршақ сұлу, стильді келген. Демек, бала ойыншықтан осындай әдемі образдарды бойына сіңіреді. Көгілдір экран да адам бойына әдемілік образдарын қалыптастырады. Балаға жасына сай ойыншықтар әперген дұрыс. Ата-аналар тағы бір ескеруге тиіс дүние, балада ойыншық тым көп болмағаны жөн. Ойлап қараңызшы, балада ойыншықтың түр-түрі бар, бірақ ойнамайды. Неліктен? Себебі балада концентрация қалыптаспағандықтан, бір ойыншықпен соңына дейін отырып ойнай алмайды. Бала өзінің жасына сай бір ойыншықпен ойнасын, сосын екінші ойыншықты алып ойнайды. Зейін осылай пайда болады. Өкінішке қарай, көп отбасыда ойыншық бір бұрышта үйіліп жатады. Алдымен бала оны шашады, сосын көзі жан-жаққа жүгіреді. Бала әрқайсымен ойнағысы келеді, бірақ соңында шаршап, ойыншықты тастай салады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ