Былтыр елімізде түйнеме (сібір жарасы) ауруына байланысты 12 оқиға тіркелген. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылы мұндай жағдай екі рет қана кездесіпті.
Айта кетейік, сібір жарасы – мал және жабайы жануарларда кездесетін аса қауіпті әрі кең тараған инфекциялы ауру түрі. Төрт түлік атаулыға қатты тиетін індетті қазақ халқы әр түліктің атасына қарай әрқалай ат берген. Мәселен, қойда – топалаң, жылқыда – жамандат, сиырда – қарасан немесе қараталақ, түйеде – ақшелек, қарабаз деп аталады. Ал малдан адамға жұқса түйнеме болады, күйдіргі шықты дейтін болған.
Түймеше ауруы – еліміз ошағын түпкілікті жойып жібере алмай келе жатқан инфекцияның бірі. Жыл сайын Қазақстанда сібір жарасына қатысты қыруар қаражат бөлініп, малға екпе салынады. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің мәліметінше, 2019 жылы 35,4 млн вакцина бөлініп, төрт түлік 100% егіліпті.
Алайда былтыр аталған инфекция республикада он екі адамда тіркелгені мәлім болып отыр. Мамандар түйнеме адамға сібір жарасымен ауырған малды сойған кезде және оның өнімін ішіп-жеген кезде жұғатынын айтады.
Сонымен қатар былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында жоғары тыныс жолдарының жұқпасы бойынша 539 228 жағдай тіркелсе, функционалды диарея – 12 382, тыныс органдарының туберкулезі – 8 438, желшешек – 41 841, тұмау – 2 213, қышыма – 669, қызылша – 576 және көкжөтел – 147 болған. Аталған ауру түрлері қауіпті инфекциялық сырқатқа жатады.
Әйтсе де, елімізде ауруға қарсы шараларға бөлінген қаражат та көлемді. Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылдың төртінші тоқсанында денсаулық сақтау қызметі саласына бөлінген қаражат 389,9 млрд теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,1%-ға (357,3 млрд теңге) жоғары. Осы қаржының 207,8 млрд теңгесі ауруханалар қызметіне жұмсалыпты. Ал тұтастай алғанда былтыр еліміздің денсаулық сақтау қызметі саласына бөлінген қаражат көлемі 1,3 триллион теңгеге жеткен.
Жұқпалы аурулар таралуының көрсеткішін өңірлер бойынша алып қарасақ, Қызылорда облысында функционалдық диарея (4 450 жағдай), Нұр-Сұлтан қаласында тұмау (232 жағдай) және нақтыланған басқа да бактериялық ішек жұқпалары (1 189 жағдай) тіркеліпті. Сондай-ақ Алматы облысында тыныс органдарының туберкулезі (889 жағдай) және мерез (412 жағдай), Шығыс Қазақстан облысында ротавирустық энтерит (187 жағдай), Маңғыстау облысында битшеңдік (243 жағдай) анықталды.
Мамандар жұқпалы аурудан, әсіресе көктем, жаз мезгілінде барынша сақтанып жүруге кеңес береді. Ең алдымен қарапайым санитарлық нормаларды ұмытпау керек. Көшеде тамақтанудан барынша абай болып, көбірек су ішкен жөн.
Дастан ДУМАН