Қыздардың 50 пайызы отбасында күш қолдану арқылы тәрбиеленіп жатыр
Қыздардың 50 пайызы отбасында күш қолдану арқылы тәрбиеленіп жатыр
Фото: Интернеттен алынды
337
оқылды
Әлемдік қоғамдастық қыздарға барынша тең құқылы және  бейбіт өмір сүру үшін жағдай жасауда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбеді. БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ), халықаралық «План Интернешнл» КЕҰ (Plan International) және «БҰҰ-әйелдер» құрылымы осындай мәлімдеме жасады. Қазір өкінішке қарай, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық көбейіп отыр. Мысалы, 2016 жылы жыныстық қанаушылыққа қатысты әлемде анықталған адам саудасының 70%-ы әйелдер мен қыздарға тиесілі болған.  15-19 жастағы әрбір жиырмасыншы қыз немесе 13 миллионға жуық нәзік жанды өмірінде зорлыққа ұшыраған. Осыдан жиырма бес жыл бұрын Пекинде тарихи жиын өтіп, әйелдер жайы талқыға салынған болатын. – 25 жыл бұрын әлемдік көшбасшылар әйелдер мен қыздар алдында өз мойындарына міндеттеме алғанымен, олардың жартысы ғана орындалды.  Үкіметтер қыздарға мектепке баруға ерік бергенімен, нәзік жандыларға өз тағдырын өздігінше шешумен қоса, қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін қажетті дағдылар мен қолдауға күші жетпеді. Білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету жеткіліксіз. Адамдардың мінез-құлқы мен олардың қыздарға деген қарым-қатынасын өзгертуіміз керек. Шынайы теңдік барлық қыздар зорлық-зомбылықтан қорғалғанда, өз құқығын жүзеге асыруда бостандыққа ие болғанда және өмірде тең мүмкіндіктерге ие болғанда ғана орнайды, – дейді ЮНИСЕФ-тің  атқарушы директоры Генриетта Фор.
Қазақстанда әйелдер мен қыздардың ең осал тобы әлі де гендерлік теңсіздікке ұшырап жатыр. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық, олардың жыныстық және репродуктивті денсаулығы мен құқығының бұзылуы, сондай-ақ олардың жеке және қоғамдық өмірде шешім қабылдауға тең қатыспауы ең көкейкесті мәселелер болып отыр. Статистикалық  мәліметтерге сүйенсек, қыздардың 50%-ы отбасында күш қолдану арқылы тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде 21%-ы физикалық жазаға ұшыраса, ал 45%-ы психологиялық қысымды бастан кешіреді екен. Сонымен қатар 15-19 жастағы қазақ қыздарының 9%-ы «күйеуінің әйеліне қол көтеруге құқығы бар» деп есептейді.
– Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу және жою, сондай-ақ балалардың құқығын қорғау, гендерлік аспектіні ескеру мақсатында ЮНИСЕФ Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және «БҰҰ Әйелдері» құрылымымен, БҰҰДБ және ЮНФПА-мен ынтымақтасып жұмыс атқарып жатыр. Біз қыздарға ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) саласында көбірек білім беру мүмкіндіктерін ашу қажет деп санаймыз. Сондықтан  біз UniSat білім беру бағдарламасын іске қостық. Онда қыздар 5 ай ішінде наноспутниктер жасауды үйренеді. Бұл – қыздар мен әйелдер үшін жаңа дәуірге қадам басу, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ