«Майдақоңыр» – қазақ прозасының жаңа белесі

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидар Амантайдың «Майдақоңыр» атты әңгімелер-новеллалар кітабы қазақ прозасының соны бейнесі. Олай дейтініміз – туынды қазақ әдебиетінің тереңнен тамыр тартқан көне бояуымен қатар, бүгінгі күн бейнесі – жаңашылдықтың да синтезі іспетті.

Дидар Амантай есімі алғашқыда жазушымын деп «қатып қалмай», қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, мәдениет пен әдебиеттегі, саясат пен қоғамдағы көзге ұрған кемшілікке немкетті қарай алмағандықтан да басылымдарымызда, әлеуметтік желілерде келелі мәселелер көтеруімен есте қалған. Берісі бір кездері халық сусап қауышқан мәдениеттанудағы, әрісі қазақ философиясының ұңғыл-шұңғылымен жұртшылықты тереңдеп таныстыруда аз еңбек сіңірмегенін, әсіресе көзі қарақты қауым жақсы біледі. Одан қалды осы тұрғыда мәселенің мәніне бойлап барудағы мақалалары жазушының есімін көзі қарақты оқырман жадына тоқытты.

Сонау ат жалын тартып мінген балаң жігіт шағының өзінде «Жас Алаш» газетіндегі қазақ мәдениеттануы жайындағы жарияланымдары зиялы ортада зор ықылас туғызған. Бүгінде «Не могу молчать?» деген іспетті жазушының жанайқайы әлсін-әлсін баспасөз бетінде буырқанып шығып тұруы сол соқпақтың саралығы. Әлбетте, мұның бәрі жазушы белсенділігімен қоғамдағы қозғаушы күш – «генераторлығынан» хабар береді. Енді оның «ішкі менін» тану үшін шығармашылығына аз-кем тоқтамай өту мүмкін емес. Алғашқы «Гүлдер мен кітаптар» атты романынан «Күзгі рандеву», «Мен сізді сағынып жүрмін», «Ібіліспен сүйісу» повестері және көптеген әңгімесі соқталы дүниелерінің бір-бірімен біте қайнасқанын байқар едік. Тілі көркем шұрайлы, оқиғалары шынайы, ойға қонымды әрі тартымды.

Жазушының «Майдақоңыр» атты әңгімелер-новеллалар кітабының орны бөлек. Мұндағы кейіпкерлер – қай жағынан алып қарағанда да үздіксіз тек алға ұмтылған күрескер бейне.

Түбі ақиқаттың жеңіп, ақ желкенін керіп айдынға шығарына имандай иланады әрі сол сенім алдамайды. Арман, ақиқат сияқты асқақ ұғымдар қанша төбесі көк тіресе де аласарады. Шын мәнінде бұл біз үшін, қазіргі қым-ғуыт шақ үшін үлгі алатын бейнелер жинағы іспеттес.

Әр уақыттың замана ауанына қарай қалыптасатын һәм қоғам қажеттiлiгiнен туындайтын тақуа тумысты сұрауы болады. Бiздiң, яки бүгiнгi ұрпақтың ұтқыр да ұғынықты жауап берер сауалы санаға самарқаулықты жүктеп отырған жоқ. Түп тамыры сонау көне түрiк пәлсапасы дүниеге әкелген «Бiз кiмбiз осы? Қайдан шықтық? Қайда келдiк? Ендi қайда барамыз?» деген сұрақтардан сыр тартып жатқаны аңызға емес, ақиқаттың нақ өзiне айналды. Олай дейтiнiмiз – дүркiн-дүркiн баспасөз беттерiнде, мәжiлiс мiнберiнде бұл мәселе жиiрек айтыла бастады. Заңды құбылыс. Сауал салмағы саралаусыз қалса, бiрiншi – қоғамның соры да.

Әдеби, мәдени өмiрiмiзде аталмыш жайтқа деген алаңдаушылық бар. Соған қуанасың. Жазушы Дидар Амантайдың «Майдақоңыр» атты әңгімелер-новеллалар кітабының әлеуметтiк қуаты қақында қозғар сөзiмiз соның үдесiнен шығар үн.

«Майдақоңырда» екi желi бар. Бiрiншiсi – бабалар, екiншiсi – ұрпақтар. Яғни, ата мен бала. Ендi бұлардың арасындағы ғасырлар бойы жасап келе жатқан берiк байланысты әңгiмеден iздеп әуре боласыз. Көркемдiк кiлтiнiң құнын көтерiп тұрған да осы тұздық деп топшылаймыз.

Әр заманның өз өлердей сүйенер сенiмi, имандай иланар идеялы болғанын Сталин мен коммунистердi пiр тұтқан бабаларымыз анық та қанық айғақтайды. Олардың бүкiлдей болмысын көрсететiн бүтiн бейне әңгiмедегi атаның кейпiмен келiстiрек. Бабаларымыз Пайғамбардай көрген коммунистiк партиясының тiптен құрбаны болып кетуге әзiр. Өмiр бойы тiлеуiн тiлеп, жанға «жаннат жылуын» берген идеяның күйрегенiне күйiнбегенде қайтедi. Және олардың сол «алдамшы арманнан» арыла алмай, дүниеден озып, тозатыны түсiнiктi нәрсе. Ал бiз ше? Жауаптың жүгiн әңгiмеге арқау жерiнен iздесек.

«...Кейде таңертең ерте оянып, алғашқы хабарларды тыңдау үшiн радионың жанына барып, жайғасатын: бiр түнi мен ұйықтамай дөңбекшiп шықтым. Атамның iшкиiмiмен жаңалықтарды естуге шыққанын пайымдадым. Ол ақырын төсектен түсiп, аяғына шұлғауын орай, сол күнi тәлтiректей қозғалып, дәлiздегi радиоға беттедi. Соңынан мысық табандап жеткенiмде атамның бiрдеңенi тыңдап алып, артынан ұрсып жiберетiнiн көрдiм. Тiптi, ол соңғы уақыт өте аз күлiп жүрдi. Оның сол күнгi бейнесi әлi көз алдымда. Орындық арқалығына асылып, жоғары iлiнген радионы құлағына тосқан сықпыты көкiрегiмде бiр жиiркенiш сезiмiн тудырды. Мен қалай ғана атамды жек көре аламын деп ойладым...»

Атамыздың санасын билеген «сайқал саясатқа» жиiркене қараймыз. Сол үшiн де атамызды аяймыз. Бабалар салған сүрлеумен жүргiмiз жоқ. Оның жеткiзген жерi осы. Бұдан әрi жеткерерiне сенiм шамалы. Аталарымыз болса, бұл қағидадан қағажу қорытындыда. Қайта бiздiң ендiгi жолымыздың жарқын болатынына күмәндары керемет. Керiсiнше, бүгiнгi ұрпақтың оған деген осқырынысы мен мұрын шүйiру мәнi маңыздырақ. Сонда шалқая төс ұратындай бiз кiмбiз? Бағыт-бағдар, жол-жосығымыз қандай?

Осындай сауалдарды алға тарта отырып, әңгiме әлемiнде күтпеген құбылыс шиыршық атады. Шешiмiн iздейдi. Тек өне бойынан өбетiн өкпек жел сызы өз шеңберiнен шығып, шекемiзден өте сығымдайды. Санамызда лажсыз лаң салады. Бұл мынау күнiмдiк тiрлiктiң күйбеңiмен күйгелек ғұмыр кешкен ұрпаққа «күтпеген құбылыс» екенiн мойындамай қу мимырт медиендi мейрамдап жүргендер үшiн түк емес. Өмiрдiң сергелдең екенiн санадан сызып тастай алмаймыз. Тiршiлiгiмiзде өткенiмiзден бетер аста-төк алдамшы қызық, әбүйiр әпермейтiнiн әпербақандық, тәубаңа түсiрмейтiн тойымсыздық, оңай опынтатын ойсыздықтардың шетсiз, шексiз желiсi жалғаса бердi. Осының арқасында тым шаршағыш, самарқау, енжар, бейжай, қимылды сөкет санамайтын ұрпақ ожданы бабалар алдында ұнжырғасын төмен ұстауды ұят санады.

Мұндай әлеуметтi ахуалынан айықтырар қалам құдiретi десек, амал қайсы, алдымен әдебиет пен өнерге иек артамыз. Сол емеурiнiмiздi елей қояр күштiң сықпытын көрiп, кейде кейисiң де. Осы орайда, аз ұсыныс айту айыпқа бұйырыла қоймас.

Өнерiмiздiң қазiрде ең маңыздырағы – киномыз тың соқпағын iздеуде. Әсiресе, «жаңа толқынның» жемiсiн алға тартсақ та жетiп жатыр. Олар: «Бiз бәрiмiз Соловьевтiң қоластынан толқын болып тулап, жағаны су болып бiр шайып өтiп қайттық», – дейдi. Әдебиетiмiзге дәл осындай болмаса да жаңа қуат, оқырманға мөлдiр суат қажеттiгi айдан анық. Әйтпесе, әдебиетiмiз киномыздың көлеңкесiнде қалып қойып, «ғайып» болып кетуi де ғажап емес. Әдебиетiмiзге тосын бетбұрысты әкелетiн және жастар екенiн екiленбей сөз етелiк. Ол үшiн қазақ киносына «жаңа толқын» әкелген Соловьев сияқты саңлақ (әрине, өз ұлтымыздан шыққан) суреткерлер ұлттық әдебиетiмiздiң байыпты болашағын ойлап, талданып отырған әңгiме авторы секiлдi жастарға дәрiс оқып, бағыт берсе деймiз.

Бар нәрсе адасып қалған ұрпақ, аңырап алақ-жұлақ етiп, уақытының көш керуенiнен көз жазып қалған бiздер жайлы болып отырғандықтан да әңгiме соңы басты кейiпкердiң көз жасын көл етуiмен аяқталады. Мұны тәуелсiз ойлайтын жiгiттiң тәуекелшiл, турашыл бұлқынысы деп бiлуiмiз керек. Ол бекерден-бекер жылап отырған жоқ. Бүгiнгi бейбақ ұрпақ пен жалпы адамзат атаулының қоғам һәм жаратушы құдiрет алдындағы дәрменсiздiгiне налиды, назданады. Ешкiмге сенбейтiндiгiне таңданыс пен тәкаппарлана iштей ызаланып, ерiксiз екi көздiң жасына ерiк бередi. Оны шарап iшiп, шалқығанда нелер есiне түсiп, түнере күңiренетiн байғүс деп бағалауымыз мүмкiн. Шын мәнiнде олай емес. Одан жиiркенiш сезiмiн бойына жиырып ұғынатын ұрпақ (жанындағы достары) өзiнiң алдағы жолын аңғара алмай адасып, аңырап айдалада қалғанын андамайтыны – ақиқат. Айтыңызшы, өтiрiк пе? Мына бәдәуи дүниеден де береке тауып, мереке жасап жүргеңдерiмiз жетерлiк.

Салмақты ойға шақыратын әңгiме пайымдауымызша, осылай сыр шертедi. Оны басқасын былай қойғанда, әдеби ортаның өзi соны жаңалық ретiнде салмақтай алмаған-ды. Өстiп еш байқаусыз бiр күнi өнер де, өзiмiз де өшер ме екенбiз деген өксiк көмейге кептеледi. Сонда қапа болған Бальзактың: «Бүгiнде оқыған адам бар ма? Барлығы сәндi киiм iлген киiм iлгiштер ғой» – деген сөзi ойға ерiксiз оралады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидар Амантайдың «Майдақоңыр» атты әңгімелер-новеллалар кітабы бүгінгі күннің талабына сай жазылған еңбек. Себебі Еуропа мен Американың классикалық әдебиетінің тынысын байқайсыз. Ежелгі грек пен көне рим әдебиетінен бастап ХХ ғасырдағы модернистік әдебиетке дейінгі аралықтағы ең көрнекті қаламгерлерді жазушының көп оқығаны байқалады әрі оқырманның білім көкжиегін кеңейтуге өте қажетті кітап. 

Батыс Еуропа мен шығыс Еуропа, Скандинавия мен Америка әдебиеттерінің даму кезеңдері, реализм және романтизм, натурализм мен сентиментализм, қайта өрлеу мен ағартушылық дәуірлерінің ерекшеліктері, жанрлар жүйесі әр кезеңдегі проза мен поэзияның, драманың көркемдік табыстары сол уақыттағы әдеби-теориялық ізденістердің, ғылыми тұжырымдардың маңыздылығын аталған туындыдан аңғарасыз.  

Көне ғасырлардан бері әдеби үдерістің алдыңғы шебінде болған ағылшын мен француз, неміс пен итальян, испан мен нидерланды, поляк, венгр, дат тағы басқа Еуропа елдері әдебиетінің және Американ әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерін, қаламгерлердің қолтаңбасын жазушы Дидар Амантай бойына сіңіре отырып, өзіндік синтезбен қазақы таныммен өрнектегенін байқаймыз.

Қысқасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидар Амантайдың биылғы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан «Майдақоңыр» атты әңгімелер-новеллалар кітабы өзіндік жаңашылдығымен, айрықша ерекшелігімен аталған сыйлыққа әбден лайық туынды. 

 

Болатбек Төлепберген