Біз бес бірдей студент еңбек етіп жатқан Атырау қаласындағы «Солтүстік өндіріс аймағы 48» көлік жөндеу орталығына арнайы барып шықтық. Қайнаған тірліктің ортасында жүрген студенттер бұл саланың өздері үшін жаңалық болып жатқанын айтуда. Әділжан Бисенбайұлы Атырау аграрлы-техникалық колледжінде оқиды. Биыл колледждің 2-курсына көшкен студент осы жұмысқа өзі қызығып, іздеп келген. Болашақ құрылысшы вагон жаңалау арқылы бір жағынан табыс тапса, екінші жағынан тәжірибе жинақтап жатқанына қуанышты.
– Мұнда келгеніме көп болмаса да, бүгінге дейін екі вагон жасап үлгердім. Жұмысым өзіме ұнайды әрі оқып жатқан мамандығым да сай келеді. Жұмысқа қызығушылықпен қарасаң, қиындығын ұмытады екенсің. Әрі тәп-тәуір табыс тауып, ата-анама көмектесіп жүрмін», – деді Әділжан.
«Солтүстік өндіріс аймағы 48» көлік жөндеу мекемесінің басшысы Бақтыбек Әсемғалиевтан бұл бастаманың қалай басталғаны жөнінде айтып беруін сұрадық.
«Өзім көлік жөндеу саласымен айналысамын. Ал ескірген вагондарды жеке шаруашылықтарыма пайдалану мақсатында алған болатынмын. Менде көне вагондардың барын көрген танысым бірде вагонды қайта құрастырып беруімді өтінді. Жасап көрдім. Сөйтіп, сирек те болса, бұл салаға сұраныс барын көріп, осы кәсіппен айналыса бастадым. Ескі темірді құммен тазалап, сырттарын қаптап, бояймыз. Есік-терезесін салып, салқындатқыш орнатып, сатылымға шығарамыз. Вагондардың бағасы да өлшеміне қарай, нарықтағы бір вагонның құны 1,7 млн теңге – 1,8 млн теңге шамасында», – дейді ол.
Айтуынша, жаңартылған вагондарға негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалардан сұраныс жиі түседі. «Себебі біз жасап шыққан вагонда барлық жағдай бар. Енді малшыларға арнайы жазғы үй салудың қажеті болмайды. Олар жаз мезгілінде біздің вагондарымызды паналай алады. Себебі, жаңартылған вагондарда адамның жайлы тұрмысы үшін барлық жағдай жасалған», – дейді «Солтүстік өндіріс аймағы 48» көлік жөндеу мекемесінің басшысы Бақтыбек Әсемғалиев.
Сонымен бірге жаңартылған вагондар далалық жұмыс істейтіндер үшін де ыңғайлы. Егін шаруашылығы, тұрғын үй құрылысын тұрғызып жатқандар үшін де вагондардың қызметі қолайлы болып отыр.
«Бір вагонды жаңартуға бір аптадай уақыт кетеді. Алға қарай, модульді ғимараттар мен туристерге арналған жылжымалы вагондарды жаңартуды да жоспарлап отырмыз», – дейді «Солтүстік өндіріс аймағы 48» көлік жөндеу мекемесінің басшысы Бақтыбек Әсемғалиев.
Туристерге арналған жылжымалы вагон-көліктерге соңғы кездері сұраныс артып жатқанын да атап өткеніміз дұрыс. Себебі соңғы кездері отбасылық саяхатты ұйымдастырушылар авиатасымалдан гөрі автосаяхаттың әрі қызықты, әрі қалтаға да тиімді екенін алға тартуда.
Мәселен, Париж олимпиадасының ашылу салтанатына қатысып, отбасына ерекше эмоция сыйлауды мақсат еткен атыраулық Ерік Шыныбеков Франция астанасына көлікпен 13 шілде күні аттанып кетті. Ол отбасымен сапарға 6 ай дайындалған.
«Алыс сапарға аттануымдағы басты мақсатым – Парижде өтетін Жазғы Олимпиаданың ашылуына қатысу, еліміздің спортшыларына жанкүйер болу. Шыны керек, әлем көз тігіп отырған олимпиаданы теледидардан емес, балаларымның көзбен көруіне жағдай жасау үшін жарты жыл дайындалдым. Жол бойына 15 мемлекеттің үстімен өтіп шығамыз», – дейді саяхатшы Ерік Шыныбеков.
«Атырау номад» саяхатшылар клубының құрамында бұған дейін Қазақстанды аралап шыққан Ерік Шыныбеков былтыр автокөлікпен отбасымен Грузия, Түркия елдеріне барып келген.
«Автокөлікпен ел аралаудың тиімді тұсы – отбасымен шүйіркелесіп уақыт өткізуге болады. Саяхат – отбасымызды біріктіретін уақыт деп айта аламын», – дейді Ерік.
Сондықтан атыраулық студенттер жаңартып жатқан вагондар инженерлік тұрғыдан мықтап жетілетін болса, туристік бағыттағы жылжымалы вагондарға сұраныстың еселеп артарына күмән жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, туристер арасында соңғы жылдары автожолдарға сұраныс артқан. Автомобиль қатынасы негізінен шекара маңындағы мемлекеттерде және экскурсиялық маршруттарда туристік маршруттарды ұйымдастыру үшін қолданылады. Қазақстан арқылы әлемге шығатын 5 негізгі халықаралық жол бар екен. 23 мың шақырымды алып жатқан бес халықаралық дәліз ретінде негізінен: Ресейдің Челябі қаласына алып баратын «Алматы – Астана – Қостанай» автотрассасы, Ресейдің Омск қаласына жол бастайтын «Алматы – Петропавл» автотрассасы, Омскіге шығатын «Алматы – Семей – Павлодар» трассасы, Өзбекстан астанасы Ташкентке апаратын «Алматы – Шымкент» автожолы, Ресейдің Самара қаласына шығатын «Шымкент – Ақтөбе – Орал» трассалары аталып жүр.
Бұл тізімге қайта жаңғыртылып жатқан «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» трассасын да қосуға болады. Міне, осы аталған бағыттардың өзінде туристер қызығушылығын туғызатын қаншама тарихи нысан бар?
Екінші жағынан, полигондардағы қоқыстардың санын көбейтіп, босқа жатқан вагондарға «жаңа өмір» сыйлау – экология үшін де үлкен көмек. Вагондар жасалатын ауыр металдардың ыдырауына әдетте 90-100 жыл керек. Бұл – утилизацияға жіберіліп, тасталған вагондар осынша уақыт атмосфераға лас заттар бөліп жатады деген сөз.
Айта кету керек, ескі вагондарды есептен шығарып тастамай, қайта жаңартып, қолданысқа енгізу – өндірісте бар тәжірибе. Былтыр «Қырғыз темір жолы» қайта жаңғыртылған вагондарды қолданысқа енгізген болатын. Есептен шығарлыған вагон құрамалары Қырғыз вагон жөндеу зауытында қайта құрастырылып шыққан еді. Қырғыз елінің ішінде ғана жолаушы тасымалдауға рұқсат берілген вагондар заманауи форматта қайта жаңғыртылып, теміржол көлігімен саяхаттауды таңдаған жолаушылар үшін ыңғайлы және қауіпсіз болуын қамтамасыз етті.
Баян Жанұзақова