Көшпенділер ойыны – түркі халықтарының рухани және мәдени бірлігінің алтын көпірі. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік спорттық дода Астанада өтеді. Қала спортшылар мен қонақтарды күтуге қызу дайындалуда. Қазір «Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз сарайы және Ипподромда қайта
жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Этноспорттың жұлдызын жарқыратар жарыс
582
оқылды

8 қыркүйекте «Астана Аренада» дүбірлі думанның салтанатты ашылу рәсімі болады. Байрақты бәсекеде бақ сынауға 89 елден 2 000-нан астам спортшы келмек. 21 спорт түрінен өтетін жарыста 97 медаль сарапқа салынады. 10-ы түгел түркіге ортақ ресми бекітілген ойындар болса, қалғаны бір-біріне ұқсас, этникалық ерекшеліктері сақталған этноспорт түрлері. 

– Көшпенділер ойынының ашылуына 46 күн қалды. Дайындық жұмыстары бірнеше спорт нысанында жан-жақты жүріп жатыр. Түркі дүниесінің төл спорттық ойындарының бәсін асыратын жарысқа қатысуға рұқсат алған елдерден басқа да қызығушылық танытқан мемлекеттерден қазірге дейін өтінімдер түсіп жатыр. Өтінімдерді қабылдау 15 шілдеде аяқталған болатын. Бірақ кейбір белгілі себептермен үлгермей қалған спортшылар тарапынан әлі де сұраныс тоқтаған жоқ. Сондықтан тағы да іріктеу жұмыстары пысықталып, тамыз айында қатысатын мемлекеттер саны нақты анықталады, – деді 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын да­йын­дау және өткізу дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.

«Астана Арена» стадионында Көшпенділер ойынының ресми ашылу салтанаты ежелгі Олимпиада ойындарының дәстүрлі рәсімдерімен үндесе отырып, қазақ халқының ұлттық рухани-мәдени бай мұрасы, әдет-ғұрпы және мемлекеттің даму белестері, музыкалық ән-би жауһарлары, күмбірлеген күймен көмкеріле театрландырылған сахналық қойы­лым арқылы көрермен көзайымына айналмақ.

– «Астана Арена» стадионы 2009 жылы ашылған және бұған дейін реконструкция жұмыстары жүргізілмеген. Мұнда 30 мыңнан астам адам сыяды. Былтыр Көшпенділер ойынына дайындық үшін демонтаж жұмыстары басталды, содан бері жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Мұнда 10 тамызға дейін негізгі жұмыстар аяқталады және 20 тамыз күні толығымен пайдалануға берілуі қажет, – деді Астана қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Құрбанбекұлы.

 Стадионда қазір 500-ден астам жұмысшы күні-түні екі ауысымда қарқынды жұмыс істеуде. Құрылыс материалдары – отандық өнім, Астана, Теміртау, Атырау қалаларынан жеткізілген.

– Реконструкция болғандықтан, ғимараттардың барлық функционалы сақталады, тек материалдары жаңартылып, инженерлік желілері ауыстырылып, қонақтар мен спортшыларға ыңғайлы бола түседі. Сырттағы абаттандыру, әрлеу, витраждар қою және ағаш егу жұмыстары толығымен аяқталып қалды. Ішкі бөлігінде де әр қабатта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, стадионның шатыры ауыстырылады. Ал газонды Көшпенділер ойыны аяқталған соң ауыстыру жоспарланған, – деді Нұрдәулет Құрбанбекұлы.

Көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері саналатын мемлекеттер арасында этномәдениетті жаңғыртып, әсіресе этноспорттың жұлдызын жарқырататын дүбірлі додаға дүниежүзі қызыға көз тігіп отыр. Сондықтан жеті күнге созылатын жарыстың сәні мен салтанатын асыру үшін республикамыздың түкпір-түпкірін түгел қамтыған «Бірлік керуені» жобасы ұйымдастырылады. Елордада «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетіміздің қыр-сырын танытатын басқа да түрлі іс-шараларды бір күнде 30 мың көрермен тамашалайды деп жоспарлануда.

Тарихи сәл шегініс жасасақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын насихаттайтын байрақты жарыстың тұсауы Қырғызстанда кесілді. 2014 жылы Чолпан-Ата қаласында түркілерге тән этноспорт түрлерінен алғаш рет Халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Ол кезде 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы бақ сынаса, екінші рет 2016 жылы 62 ел қатысып, 26 спорт түрінен 1 200 медаль сарапқа салынған екен. Ал 2018 жылы 82 мемлекеттің 2 000 спортшысы 37 спорт түрінен өнер көрсетіпті. 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілді. 102 мемлекет қатысқан жарыста 13 спорт түрінен 3 000 спортшы бәйгеге бәс тіккен екен.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып жатқан көшпенділер ойынының ұраны «Ұлы дала дүбірі» аталады. Доданың басты логотипінде күнбасты салт атты бейнеленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған. Медальдің контуры ұлттық символымыз шаңырақ тү­рінде жасалған. Медаль тас­­пасы ерекше, сердолик минералының түсі секілді. Онда ойындардың өтетін орны мен уақыты көрсетілген естелік жазба бар.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізімінен орын алған Көшпенділер ойыны кезінде спортшылардың өнері сынға түсіп қана қоймай, этноспорт түрлерін ғылыми тұрғыда насихаттау жұмыстары да ұйым­дас­тырылады.

– Ойын кезінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу жоспарланып отыр. Спортпен шектелмей, тарих пен мәдениет, спорт тағамы және спорт ғылымы туралы ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз. Оған Ұлыбритания, Түркия, Венгриядан 10 шақты ғалым өтініш берді, – деген еді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұровтың айтуынша, көшпенділер ойындарын өткізудің ең маңыз­ды мақсаты – еліміздегі ұлттық спорт түрлерінің дамуына үлкен ықпал ету. 

– Көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерінде жаңа батырларды тәрбиелеуге қабілетті. Мені әрқашан таңғалдыратыны, көшеде жүрген кез келген адам біздің олимпиада чемпиондарының есімдерін атай алатыны, бірақ бәйге немесе көкпар сияқты ұлттық спорт батырларын көпшілік біле бермейді. Біз осы жарыстарды балалар мен жастар біздің ұлттық спорт түрлері туралы көбірек біліп, батырлардан шабыт алулары үшін өткіземіз, – деді Н.Нұров.