Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялау ережесі 47 рет өзгеріпті. Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл саясатын қолайсыз көріп отыр. Кейінгі 10 жылда аграрлық салаға республикалық бюджеттен 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінгеніне қарамастан, фермерлердің 60%-ы ғана мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Негізінен, субсидия ірі кәсіпорындарға бөлінеді, ал шағын қожалықтарға мұның еш қатысы жоқ. Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова субсидия берудің дұрыс тәртібі болмағандықтан, берілген қаражатты теріс пайдаланушылық орын алып отыр деген пікірде. – Qoldau субсидиялаудың ақпараттық жүйесі процестерді жеңілдетуге және сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған. Іс жүзінде біз оның дұрыс жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Электронды кезек қолда қаражат болған кезде ғана іске асады. Жүйе алдағы уақытқа бейімделмеген, «күту парағы» арқылы кезекке тұру мүмкіндігі жоқ. Мұндай мүмкіндік неге берілмей отыр? – дейді халық қалаулысы. Бұл пікірді кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Омархан Өксікбаев та қолдады. – Ауылшаруашылық өнеркәсібін дамытудың стратегиялық бағытын анықтап, субсидия беруді тұрақтандырып және оның тәртібін заңдастыру керек, – деп атап өтті Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы. Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров субсидия беру тәртібінің жиі өзгеруі агроөнеркәсіп кешені салаларының дұрыс қаржыландырылмауынан деп түсіндірді. Оның берген ақпараты бойынша қазір жылына 300 млрд теңге, қажет болған жағдайда 400 млрд теңге бөлініп отыр. – Мемлекеттік қолдау шараларын тұрақтандыру үшін заңнамалық деңгейде 5 жылға норма енгізу жоспарланған. 2018 жылдан бастап министрлік субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлық тәуекелдерін азайту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында өз процестерін автоматтандырып жатыр. Бүгінде субсидия берудің өтініш беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін алғанға дейінгі аралықтағы 16 бағыты автоматтандырылған, – деді министр. Алайда ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелер мұнымен бітпейді. АШМ анықтамалардың көбін бәз-баяғыша қағаз түрінде ұсынады. Бұл мал дәрігерлік анықтаманы беру, ауыл шаруашылық техникасын басқару құқығына куәлік алу, техниканы және т.б. кепілді тіркеу. Сондай-ақ кеңес мүшелері бұл қызмет түрлерін egov.kz. электронды үкімет базасына өткізуді ұсынып отыр. Кеңестің пікірінше, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Өйткені фермерлердің министрліктің лауазымды тұлғаларымен тікелей байланысы болмайды. Отырыс қорытындысы бойынша Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес ауыл шаруашылығы министрлігіне аймақтық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің қызметіне бақылауды күшейтуді және бөлінетін субсидиялардың заңдылығы бойынша тұрақты тексерулер жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар кеңес жер иелерінің мүдделерін ескере отырып, Qoldau субсидиялаудың ақпараттық жүйесін жетілдіру керек екенін алға тартты. Әбілмансұр ЖАСАН