Жылдық есепке сәйкес, 2023 жылы Қазатомөнеркәсіптің басқарма және директорлар кеңесінің мүшелері ең көп табыс тапқан. Орташа есеппен топ-менеджерлердің әрқайсысы 189 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған. Оның ішінде ең төменгі сыйақы мөлшері кен орнына қатысты мекеме басшыларының үлесіне тиесілі болып отыр. Ал елімізде табысы аз азаматтардың шығыны көп.
Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев ке Андрей Чеботарев з келген мекемеде KPI мен лауазымына қарай сыйақы мөлшері әртүрлі болатынымен келіседі. Оның пікірінше, ұлттық компаниялардың басшыларын шектен тыс көп ақша алады деп айтудың қажеті жоқ. Өйткені біз мемлекет бақылауында болса да, экономиканың жеке секторы туралы айтып отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Әйтпесе, бұл лауазымдарға кәсіби менеджерлерді тартудың басқа амалы болмас еді. Чеботаревтің пікірінше, мәселе басқарма немесе директорлар кеңесі мүшелерінің көп қаражат алуында емес, керісінше, билік өкілдерінің ірі корпорацияларды жеке секторға толықтай өткізе алмауында.
«Бұлар жеке компания ретінде құрылған. Олардың барлығы мемлекет иелік ететін акционерлік қоғамдар. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет бірінші қадамды жасағанымен, екінші қадам жасауға келгенде қаңтарылып қалды. Мұндай қарама-қайшылықтар туындауының сыры да осында, – дейді сарапшы. – Егер олар толығымен жекешелендірілсе, басқарма мүшелеріне кім және неге сонша ақша төлейді деген сұрақтар туындамас еді. Себебі бұл – акционердің проблемасы».
Жақын арада жоғары мінберден айтылған сындарға қарамастан, былтыр «Қазақстан темір жолы» ұлттық теміржол тасымалдаушысының басшылары да жоғары деңгейде табыс тапқан. ҚТЖ-ның 6 миллиард доллардан астам қарызы бар екеніне және жолаушылар тарапынан шағымдардың саны тым мол болғанына қарамастан, бұл компанияның басқарма мүшелері мен директорлар кеңесінің әрқайсысы орта есеппен 102 мың доллар алды.
Орташа жалақы қандай?
Қаржы министрлігі мен ҰЭМ өкілдері жаңа Салық кодексінің тұсаукесерінде мәлімдегендей, елімізде айына 3 млн-нан астам жалақыны 26,8 мың адам алады. Қазір олар 157,9 млрд теңге салық төлеуде. Ал былтыр 2 миллионға жуық қазақстандықтың жалақысы 50 мың теңге болған. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да бар. Бұл азаматтар бюджетке тек 7,2 млрд теңге салық төлеген. Сарапшылар осы мәліметтер арқылы көлеңкелі экономиканың нақты көлемін елестету қиын емес деген пікірде. Себебі бұл топта халықтың 40%-ы жұмыс істейді.
Дегенмен соңғы кезде еліміздегі жұмыс берушілер ұсынатын орташа жалақы мөлшері айтарлықтай өсіп, 269,5 мың теңгеге дейін жетті. HeadHunter жұмыс іздеу онлайн платформасының сарапшылары 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында компаниялар жариялаған бос жұмыс орындарының саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға өскенін айтады. Демек, жұмыс орындарындағы орташа жалақы да артқан. Егер былтыр бұл көрсеткіш 211,2 мың теңгені құраса, биыл 27 пайызға өсіп, 269,5 мың теңге болған.
Орташа жалақыны орташа номиналды жалақымен шатастырмау керек. Дегенмен оның мөлшері қызметкердің мамандығына байланысты. Мәселен, жұмыс берушілер орта және жоғары буын менеджерлеріне ең жоғары орташа жалақы – 503 мың теңге ұсынады. Одан кейінгі орында консалтинг, стратегия және инвестиция салаларындағы мамандар тұр – 396,9 мың теңге. Ал үшінші орында спорт және фитнес клубтары мен сұлулық салондары – 321,4 мың теңге. Қызметкерлерге 300 мың теңгеден жоғары медианалық жалақы уәде етілген басқа да салаларды атап өтер болсақ: Ақпараттық технологиялар – 313,4 мың теңге; автомобиль бизнесі – 309,8 мың теңге; сату, клиенттерге қызмет көрсету – 308,3 мың теңге; заңгерлер – 306,5 мың теңге.
Қауіпсіздік саласында жұмыс істеуге дайын қазақстандықтарға ең аз жалақы ұсынылады, бұл саладағы жалақының медианалық көрсеткіші небәрі 154,7 мың теңгені құрады. Салыстырар болсақ, ҚР-дағы шетелдік кәсіпорындардағы жалақы нарықтағы орташа жалақыдан екі есе дерлік жоғары.
Мысалы, Бірінші несиелік бюро сарапшыларының хабарлауынша, 2023 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындар қызметкерлерінің орташа жалақысы басқа нысандарындағы компанияларға қарағанда 1,7 есе көп болған. Шетелдік компанияларда адамдар орта есеппен 604,1 мың теңге, қазақстандық компанияларда – 364,3 мың теңге алған. Ең үлкен алшақтық орта білім беру саласында байқалады. Шетелдіктердің үлесі бар мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысы орташа деңгейден 3,2 есе ерекшеленеді. Шамамен 1 миллион теңге.
«Тау-кен өнеркәсібінде шетелдіктер өз қызметкерлеріне орташа деңгейден 14%-ға жоғары төлейді – 771 мың теңгеге қарағанда 877,6 мың. IТ салада айырмашылық 857,1 мың теңгеге қарағанда 58% – 1,35 млн теңгені құрайды. Статистика шағын бизнес көрсеткіштерін ескермейді», – делінген хабарламада.
Қаражат қайда жұмсалады?
Сарапшылардың айтуынша, елде азаматтардың күнделікті тұрмысына қажетті шығын көлемі күн санап артып келеді. Бір жыл ішіндегі өмір сүру құны да айтарлықтай жоғарылаған. Соның ішінде бақуатты азаматтардың табысы артса, аз қамтылған азаматтардың жалақысы шығын көлемімен теңесе алмай келеді. Мәселен, ай сайынғы табысы 70-тен 200 мың теңгеге дейінгі адамдардың шығыны кірісінен асып кетеді. Jusan Analytics сарапшылары бұл құбылыста импульсивті шығындарға бейім жастардың үлесі басым дейді. Сондай-ақ сарапшылар қаражатты шектен тыс жұмсауға қазір белең алып отырған тұтынушылық несиелер мен басқа кіріс көздері әсер етіп отырғанын айтады. Статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың барлық табысының шамамен 75%-ы жалақыдан құралады.
«Мысалы, 200 мың табатын Астана тұрғындары демалыс үшін табысы екі есе көп тұрғындарға қарағанда 50 мың теңгеге көп жұмсайды. Осындай жағдай Алматының жалдамалы қызметкерлерінің арасында байқалады: олар кірісі 200 мыңнан жоғары адамдармен салыстырғанда киім мен аяқкиімге көбірек ақша жұмсайды», — дейді мамандар.
Талдау авторлары жазғандай, 201 мыңнан 400 мың теңгеге дейінгі диапазонда жалақы алатын жалдамалы қызметкерлердің қаражат жинау мүмкіндігі төмен. Өйткені олардың шығыны табысымен теңесіп тұр.
Ал ай сайынғы кірісі 401 мың – 2 млн теңгеге дейінгі тұрғындардың базалық қажеттіліктері біршама тұрақталғанымен, табысымен пропорционалды емес. Мұны сарапшылар Паркинсон заңымен түсіндіреді. Оған сәйкес, адам неғұрлым көп ақша тапса, соғұрлым көп ақша жұмсайды. Тек негізгі қажеттіліктерге ғана емес, сонымен қатар өмір сапасын жақсартатын дүниелер сатып ала бастайды.
Талдаушылардың есептеулері бойынша, кіріс деңгейі 400 мың теңгеге дейін адам қаражатының негізгі бөлігін (45%-дан астам) супермаркеттерде саудалайды. Ал кірісі одан көп тұлғаларда керісінше, супермаркетке емес, тамақтану орындарына көп ақша жұмсайтыны анықталған. Статистика бойынша, кафелер мен мейрамханаларға келушілердің 24 пайызының кірісі 200 мыңға дейін, ал 51%, яғни әрбір екінші адамның табысы 2 млн теңгеден асады.
Табысы 400 мың теңгеге дейінгі адамдардың 35%-ы сұлулық салондарына, косметика дүкендеріне және массаж салондарына барады. Ал 701 мың теңгеден және одан жоғары табыс табатындар арасында келушілердің үлесі шамамен 60%-ды құрайды.
Қазақстандағы мұндай экономикалық теңсіздік ел экономикасына айтарлықтай әсер ететіні анық. Өйткені мұның соңы әлеуметтік тұрақсыздыққа, тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне, кедейлердің сапалы білім мен денсаулыққа қол жеткізбеуіне әкелуі мүмкін. Ал өз кезегінде бұл адами капитал мен еңбек өнімділігінің деңгейін төмендетеі.
Кәмила ЕРКІН