Жалпы, бізде балалар қаламгерлерін ескере бермейтін ескі бір тенденция бар. Олай дейтініміз, балалар әдебиеті бойынша Мемлекеттік сыйлық алған алғашқы әрі соңғы кітап балалар әдебиетінің классигі Мұзафар Әлімбаевтың «Аспандағы әпке» кітабы болатын. Бұл кітапқа мемсыйлық 1984 жылы берілді. Содан бері 40 жыл өтіпті. Сол уақыттан бері балалар қаламгері бұл сыйлықты алған емес. Осыған қатысты ойымды өткенде Facebook парақшамда бөлісіп қойған едім. Бұл жолы балалар әдебиетінің бүгінгі классигі Болат Үсенбаевтың сыйлыққа ұсынылып отырған «Тәуелсіздік деген не?» кітабына һәм осы жинақта жарық көрген өлеңдерге арнаулы тоқталғанды жөн көрдім.
Қазіргі балалар әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген қаламгерлердің бірі – Болат Үсенбаев. Ол ұзақ жылдар бойы республикалық «Ақ желкен» және «Балдырған» журналдарында жауапты қызмет атқарды. Содан болар, балалар тақырыбына тиіп-қашып, атүсті қарамайды. Әрине, көпшілік Болат Үсенбаевты үлкендерге жазатын ақын ретінде таниды. Дегенмен қаламгердің екінші қанаты – балалар әдебиеті. Болат ақынның балалар әдебиетіне деген адалдығы, жауапкершілігі оның шығармашылығынан да байқалады.
Болат ақын өлеңдерінің балаларды өзіне бірден баурап алатын қасиеті бар. Оның өлеңдері кішкентай оқырмандардың сана-сезіміне әсер етіп, ой салады. Өйткені қаламгер балаша ойлана алады. Баланың жан дүниесіне үңіле біледі. Поляк педагог жазушысы Януш Корчактың балалар қаламгерлеріне қарата айтқан: «Баланың деңгейіне түсемін деме, шамаң жетсе оның деңгейіне көтеріл», – деген сөзі бар. Шынында, Болат Үсенбаев – бала деңгейіне көтеріле алған ақын. Олай дейтініміз, оның өлеңдерінен сәбиге тән тазалықтың, бала болып ойланудың белгісі байқалып тұрады. Иә, қаламгер балаша қиялдайды, балаша толғанады, балаша мұңайып, балаша қуанады. Бізде қазір жетіспей жатқан бір нәрсе осы: кейбір ақындар бала болып ойлана алмайды. Совет балалар әдебиетінің классигі Самуил Маршак: «Балалар балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүреді», – деген болатын. Шынында, балалар ақыны баладай кіршіксіз, данадай парасатты болғаны абзал. Осы екі қасиет қабысып, үйлесім тапқанда ғана балалар сүйсініп оқитын көрікті өлең туады.
Болат Үсенбаевтың өлеңдері бұған дейін балабақша және мектеп оқулықтарына, балалар поэзиясының антологияларына енді. Ақынның өлең-жырлары кішкентай оқырмандардың талғамынан шығып, оң бағасын алды. Қаламгердің үлкен бәйгеге үкілеп қосып отырған «Тәуелсіздік деген не?» кітабы соңғы 20 жылдың бедеріндегі балаларға арнап жазылған сүбелі еңбек деуге болады. Кітап 8 бөлімнен тұрады, негізінен өлеңдер мен жырмен жазылған аңыз-ертегілері енген. Автор кітабына асқан жауапкершілікпен қарағаны білінеді.
«Тәуелсіздік шуағы», «Құрмет жырлары», «Ең жақсы күн» (мерекелік жырлар), «Балабақша жырлары», «Табиғат – тылсым әлем», «Жақсы мен жаман», «Шынықсаң шымыр боласың», тағы басқа тартымды бөлімдері өзіне еріксіз тарта түседі. Кітапта жарияланған өлеңдердің тілі құнарлы. Көтеріп отырған тақырыбын тереңнен таразылап, оқырмандарға танымдық білім мен тәрбиелік тәлім береді.
Кітаптың «Тәуелсіздік шуағы» деп аталатын бірінші бөліміндегі өлеңдер балаларға отансүйгіштік сезімге баулиды. «Менің туым», «Қазақстаным» «Елтаңба», «Әнұран», «Отанға тағзым», «Ұланымын ұлы Отанның», «Бабалар ерлігі», «Қазақ даласы», т.б. өлеңдері балдырғандарды туған жерін, елін сүюге, рәміздерін қызғыштай қорғауға тәрбиелейді. Қаламгер «Қазақстаным» өлеңінде:
Даламды бабам мұра еткен,
Ұрпағы қорғап, түлеткен.
Қалалар жайып қанатын,
Ауылымды арай, нұр өпкен.
Қазақстанымды қасиетті
Сүйемін алау жүрекпен! – деп елді сүюге шақырса, «Қазақ даласы» өлеңінде оқырмандарды шежірелі тарихтан тағылым алуға шақыра келіп:
Ұлы ержүрек, қызы батыл,
Шертер әрбір шыңы да сыр.
Дала сырын жырға қосар
Азат дәуір, ұлы ғасыр.
Тарих – тауы, төбешігі,
Күтті уақыт төрешіні.
Жадымызда жаңғырады
Бабалардың өр есімі, – деп түйіндейді. Қазір балаларды патриотизмге баулу аса маңызды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», – деген аталы сөзі бар. Ал бала оқытудың төте жолы тағылымды тәрбие беру екені сөзсіз. Себебі бала үшін отансүйгіштік тәрбиеден асқан тәрбие жоқ.
Балаға беруге тиіс тағы бір тәрбие тілге қатысты. Ана тілі ананың әлдиінен, кейін балалар әдебиетінен бастау алады. Бұрын кішкентай балаға санамақ, жаңылтпаш, тақпақ жаттататын, жұмбақ жасыратын. Мұның бәрі баланың зейінін ашу, тілін дамыту үшін қажет. Өзінің ана тілін құрметтеп өскен бала болашақта зерделі, талапты тұлға болып қалыптасары анық. Сондықтан ана тілін балаларға дәріптеу қаламгерлердің басты мақсаты болуы тиіс. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Осы ойды Болат ақын: «Туған тілдің қадірін біл, қазағым, Жоғалса тіл, жоғалады ұлттығың!» деп жырға қосады. Ақын «Тіл туралы толғаныс» өлеңінде қастерлі қазақ тілінің бұрынғы һәм қазіргі жағдайын жырға қоса келіп:
Қаны қазақ барда арлы қыз,
айбатты ұл,
Өзге тілге бодан болма, қайрат қыл.
Жерің менен еліңді әлем таныды,
Енді тілің бар екенін айғақ қыл! – деп балаларды тілінен тағылым алуға шақырып, міндет жүктейді.
Кітаптың «Құрмет жырлары» деп аталатын екінші бөлімінде Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Бауыржан Момышұлы, Әбілхан Қастеев сияқты ұлтымыздың ұлы тұлғаларын таныстырса, «Ең жақсы күн» атты үшінші бөлімде Наурыз, Білім күні, Жаңа жыл секілді мерекелерге арналған жырлар, сонымен қатар «Балабақша жырлары» деп аталатын төртінші бөлімде әлі мектеп табалдырығын аттай қоймаған кішкентай бүлдіршіндерге арналған тәтті тақпақтар топтастырылған. Сол секілді «Табиғат – тылсым әлем» бөлімінде жан-жануарларды, аң-құстарды, өсімдіктерді қорғауға, экологияны сақтауға, ауаны ластамауға, табиғатпен сырласуға шақыратын сыршыл жырларға жол берілсе, «Жақсы мен жаман» бөлімінде бала бойындағы алаңғасар, салақ, шолжаң секілді жат әдеттерді сынай келіп, керісінше қайырымды, әдепті, еңбекқор, ісмер, өнерлі, кітапқұмар, талапты, зерек балаларды қолпаштап, солардан үлгі алуға, солардай болуға үндейді. Ал «Шынықсаң шымыр боласың» бөлімінде балдырғандарды спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын сақтауға шақырады. Кітаптың «Ертегілер мен аңыздар» деп аталатын соңғы бөлімінде «Ынтымақ пен бірлік туралы ертегі», «Жарылмаған бас туралы аңыз», «Аңдардың мектепке баруы туралы ертегі», «Мадиярдың ерлігі туралы баллада» секілді өлең тілімен жазылған ертегі-аңыздар топтастырылған.
Болат Үсенбаев «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған бір мақаласында: «...балалар әдебиетінің өнімдері – көркем шығармалар бөтен біреуге емес, өз балаларымызға, немерелерімізге жасалып жатқан дүниелер. Балаларға арналған шығарма да мөлдір, таза, кіршіксіз болуға тиісті. Сонда ғана ол баланың рухани қажеттілігін өтейді», – деген болатын. «Тәуелсіздік деген не?» кітабында жарияланған өлеңнің барлығы да баланың рухани сұранысын толық қанағаттандырары анық. Балалар әдебиетінің қоржынын толтырған «Тәуелсіздік деген не?» кітабы Мемлекеттік сыйлық алуға толық құқылы. Балалар әдебиетінің өкілдері де үлкен додадан үлес алуға лайық.
Серікбол ХАСАН