Ұлттық банктің есебінде айтылғандай, бір жыл бұрын, 2023 жылғы 1 шілдеде мемлекеттің сыртқы борышы – 14,7 млрд, мемлекет бақылауындағы банктер мен кәсіпорындардың сыртқы борышы – 15,3 млрд, қазақстандық жеке сектордың сыртқы борышы – 131,9 млрд, ал мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш – 2,5 млрд долларды, яғни Қазақстанның жалпы сыртқы борышы 164,4 миллиард долларды құраған екен.
Содан бері де біршама өсті. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік сыртқы борыш – 13,3 млрд, мемлекеттік банктер мен кәсіпорындардың сыртқы борышы – 15,5 млрд, жекеменшік сектордың сыртқы борышы – 133,7 млрд, мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш 2,8 млрд долларға жетті. Осылайша, Қазақстанның сыртқы қарызы 165,3 миллиард доллар болып отыр.
«Қазақстанның мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» 2030 жылға қарай мемлекеттік борыштың көлемін ЖІӨ-нің шаққанда 32%-дан асыруға болмайтыны, сондықтан Үкіметтің бүкіл жұмысы мемлекет қарызының өсуін тежеуге бағдарланатыны нақты жазылған. Үкімет бұл шектен асып кетуге қаншалықты таяп қалды?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 119 трлн 251 млрд 165,7 млн теңгені құрады. Бұл қазіргі бағаммен 253,03 миллиард долларға тең. Ендеше Қазақстанның жалпы сыртқы борышы ЖІӨ-нің 65,3%-ын құрады деген сөз.
Дегенмен Үкімет өз есеп-қисабында жекеменшік сектордың сыртқы борышын назарға алмайды: жеке компаниялар, банктер және басқасы шетелге қарызын өзі өтейді деген үмітте. Әрине, егер борыш ауыртпалығын еңсере алмай, жекеменшік компа-
ниялар жаппай банкрот болып жатса, тұтас секторларға жайрап қалу қаупі төнсе, Үкімет көмекке келуге мәжбүр болатыны жасырын емес. Бұған өткен экономикалық дағдарыстар кезінде мемлекеттің коммерциялық банктерге триллиондап қаржы құйып, құтқарғаны дәлел.
Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев 2023 жылдың қорытындысында Қазақстанның мемлекеттік борышының өзі 27,2 триллион теңгеден асқанын еске салды.
–Бұл ЖІӨ-нің 23%-ына жуық. Қазақстанның мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасында бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 32%-дан аспауы тиіс деп бекітілген. Біз болсақ бүгінде осы шекке жақындап қалдық. Мемлекеттік борыш неге артып барады? Өйткені бюджеттің шығындары артты. Бюджет шығыстарының басым бөлігі салықпен, салықтық емес түсімдермен, сондай-ақ Ұлттық қордан алынған трансферт қаражат есебінен «жабылады». Бюджет тапшылығының қалған бөлігін Үкімет қарыз ақша алу арқылы өтейді. Қысқасы, мемлекеттік борыштың жыл сайын өсуі республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландырумен тікелей байланысты, – деді депутат.
Олай болса, Қазақстан дефолт шыңырауының шетінен бір-ақ шықпауы үшін Үкімет борыштың нысаналы индикаторын сақтау шараларын қабылдауы қажет.
Ұлттық банктің есебінде көрсетілгендей, Қазақстанның сыртқы борышы ғасыр басында, 2001 жылғы қаңтарда 12 млрд 634,6 млн доллар ғана болыпты. Арада бес жыл өткенде, 2006 жылғы қаңтарда 43,4 млрд доллар белесін «бағындырды». Ары қарай тау басынан құлаған жентек қардай, геометриялық прогрессияда ұлғая бастады: 2011 жылы – 118 млрд 222,8 млн, 2016 жылы – 153 млрд 6,6 млн, 2021 жылы – 163 млрд 980,1 млн, 2023 жылғы 1 қаңтарда 160 млрд 682,8 млн доллар болды.
Қарыз – қайтаруымен ғанибет
«Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігінің» (АКРА) сарапшылары Қазақстанның мемлекеттік қарызы Ұлттық қордың валюталық активтерінен асып түскенін жариялады. Олардың байламынша, бұл мемлекеттік қаржыға арналған «қауіпсіздік жастығының» енді бұрынғыдай тұрақты еместігін білдіреді. Өйткені Ұлттық қордың активтері елдің базалық резервтері саналады.
Ұлттық қордағы жинақтар 2014 жылдың соңында шырқау шегіне жетіп, 77,3 миллиард долларды құрады. Бұл сол кездегі ЖІӨ-нің 35%-ына тең болатын. Содан бері құлдырап келеді. Президенттің Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу тапсырмасы әзірге орындалған жоқ.
«Бастапқыда Ұлттық қордың активтері мемлекеттік борыштан айтарлықтай асып түсетін, алайда қазіргі уақытта бұл артықшылық түгесілді. Қазақстанның мемлекеттік борышының құрылымында ұлттық валютадағы қарыздардың үлесі басым. Тиісінше, теңгедегі барлық атаулы макрокөрсеткіштер, соның ішінде бюджет тапшылығы артқан сайын мемлекеттік борыш та өсіп барады. Салыстырсақ, 2008-2023 жылдар аралығында теңгедегі атаулы ЖІӨ жыл сайын орта есеппен 15%-ға өсіп отырса, ал, мемлекеттік борыш жыл сайын орта есеппен 25% ұлғайып отырған», – деді АКРА сарапшылары.
Әйткенмен, олар Үкіметтің іс-әрекетіне үмітпен қарайды. Жоғарыда айтылған алаңдатарлық үрдістерге қарамастан, Қазақстанның резервтері сол бұрынғыдай қомақты болып қалды және ЖІӨ көлемінің шамамен төрттен бір бөлігіне тең. Мұның сыртында Үкімет Ұлттық қордан бюджетке алып қоятын қаржы көлемін біртіндеп қысқартуды жоспарлады: 2025 жылы бюджетке түсетін жиынтықты түсімдердің ішінде қор қаражатының үлесі 13%-дан 2027 жылы 6,7%-ына дейін төмендетіледі. Сонымен бір мезгілде Ұлттық қордың валюталық активтерін өсіруі тиіс.
Экономист Ғалымжан Айтқазин мемлекеттік борышқа қызмет ету, яғни оны өтеу шығыны да артып келе жатқанын қаперге салды.
«Мемлекеттік борыштың негізгі бөлігі немесе 94,7%-ы Үкіметтің қарызына тиесілі. Өз кезегінде Үкіметтің борышы ішкі борыштан – 19,1 триллион теңге немесе үлесі 73,7% және сыртқы борыштан – 6,8 триллион теңге немесе 26,3% тұрады. Өтеу кестесіне сәйкес, Үкіметке қысқа мерзімде – 788,5 миллиард теңге, орта мерзімде – 3,2 триллион теңге, ұзақ мерзімде 21,9 триллион теңге қарызға қызмет етуге тура келеді. Мысалы, Үкіметтің борышын өтеу 2024 жылдың І тоқсанында 718,4 млрд теңгеге түсті, – деді Ғалымжан Айтқазин.
Ұлттық банктің есебі бойынша Қазақстан жиынтықты сыртқы борышы үшін биылғы 2024 жылғы ІІ тоқсанда 10 млрд 795 млн доллар – негізгі соманы, 7 млрд 809 млн доллар – сыйақы пайыздарын өтеуі қажет. ІІІ тоқсанда негізгі сома – 9 млрд 935 млн доллар, пайыздары – 6 млрд 984 млн доллар болады. IV тоқсанда негізгі сома – 11 млрд 945 млн долларға, пайыздары 9 млрд 20 млн долларға дейін елеулі өспек. Қорытындысында, 2024 жылдың үш тоқсанында республика сыртқы борышы бойынша 32 млрд 675 млн доллар – негізгі соманы, сондай-ақ 23 млрд 813 млн доллар – сыйақы пайыздарын өтеуі тиіс. Мұның ішінде тек мемлекеттің ғана емес, қазақстандық компаниялардың берешегі, фирмааралық қарыз да бар.
Қазақстанның келесі жылы өтейтін сомасы біраз азаймақ. 2025 жылғы І тоқсанда өтелуі тиіс негізгі сома – 9 млрд 697 млн доллар, сыйақы пайыздары – 6 млрд 876 млн доллар. ІІ тоқсанда негізгі сома – 7 млрд 491 млн, пайыздары – 4 млрд 695 млн доллар. ІІІ тоқсанда негізгі сома – 7 млрд 906 млн, пайыздары – 5 млрд 148 млн. IV тоқсанда сыртқы борыштың негізгі сомасы – 7 млрд 594 млн, пайыздары 4 млрд 871 млн доллар болады. Жиынтығында, 2025 жылы еліміз 32 млрд 688 млн доллар негізгі соманы және 21 млрд 590 млн доллар сыйақы пайыздарын өтеуге міндетті.
Үкіметтің көздегені не?
Қаржы министрі Мәди Такиевтің сендіруінше, мемлекеттік борышты орнықты деңгейде ұстап тұру мәселесі – Үкіметтің тұрақты бақылауында.
–Мемлекеттің борышын ЖІӨ-нің 32%-ынан асырмау міндеті бекітілген. Кейінгі кезде бұл 20-22,8 пайыз аралығында құбылып тұрады. Бұл көрсеткіш шектен тыс жоғарылап кетпеуі үшін бірқатар шара қабылдап жатырмыз. Бұған қол жеткізу үшін жаңа қарыздарды алуды шектеуге және борыштың өсу қарқынын төмендетуге тура келеді. Екіншіден, шығыстарды төл кірістеріміздің есебінен өтеуге күш саламыз. «Көрпеңе қарай көсіл» деген. Осы орайда салық пен түрлі төлем көбірек түсуі үшін салықтық, кедендік әкімшілендіруді жетілдірудеміз. Соның арқасында қарыздың бір бөлігін «жабамыз» деген ойдамыз, – деді Қаржы министрі М.Такиев.
Ол сыртқы борышты өсіре бермеу үшін Үкіметтің енді қарызды ішкі нарықтан, теңгемен алуға ден қойғанын жеткізді. Еліміздің бас қаржыгері мемлекеттің борышы ағымдағы бесжылдықта ЖІӨ-ге шаққанда 25% шегінен көп аспайтынын уәде етті. Ал сол борышты өтеуге бағытталатын соманы ЖІӨ-нің 10%-ынан асырмайды.
Жалпы алғанда, 2023 жылы мемлекеттік борышты өтеуге және қызмет көрсетуге 4,3 триллион теңге шығындалды. Бұл – ел бюджетінің барлық табысының 28 пайызы. Мысалы, жалғыз асыраушы саналатын отағасының барлық тапқан табысының үштен біріне жуығы үнемі кредитін өтеуге кете берсе, ол отбасының хал-жағдайы қандай болатынын түсінуге болады.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мемлекет қарызының қарқынды өсуіне бюджет тапшылығының ұлғаюы серпін беріп отырғанын растады. Басқаша айтқанда, Үкімет көрпесіне қарай көсілмейді, тапқаны төл шығындарын «жаппайды». Салдарынан 2024 жылғы республикалық бюджетте қаржы тапшылығы 3,1 триллион теңгеден асты. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған антирекорд. Салдарынан Үкімет Ұлттық қорға биыл қолды мол салды, сондай-ақ отандық банктерден, биржадан, шетелдік қаржы институттарынан қарызданып-қауғаланып қаржы тартып жатыр.
Қаржы министрінің орынбасары Д. Темірбеков болашақта Үкімет бюджет шығындарын тұрақтандыру, борышты арттырмау, Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайту, салықтық кіріс базасын арттыру бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын нықтады. Бұл міндет үдесінен шыға алар ма екен? Өмір көрсетеді.
Бюджет қаржыға толуы, тапшылығы болмауы үшін Қазақстан бизнесті серпінді өркендетуі қажет. Мысалы, Америкада бір ғана ExxonMobil федералдық бюджетке 45 миллиард долларға дейін салық пен түрлі төлем аударады. Бұл қазіргі бағаммен 21 триллион теңгеден артық. Қазақстанның 2024 жылғы республикалық бюджетінің барлық шығысы 23 трлн 316 млрд теңге. Демек, Қазақстанның бүкіл бюджетін АҚШ-та бір ғана компания беріп отыр.
Қорыта айтқанда, Үкіметтің бір міндеті – қаптатып алып жатқан қарызымен мемлекеттің тәуелсіздігіне, экономиканың тұрақтылығына, келер ұрпақтың жарқын болашағына балта шаппау, елді жарға жықпау. Қазақ «қарыз алдың – қайғы алдың» деп бекер айтпаған. «Қасқыр қарызын терісімен төлейдінің» кері келіп жүрмегей.
Айхан ШӘРІП