Мәжіліс Төрағасы Qarmet АҚ Көмір департаментіндегі жаңа диспетчерлік-сараптамалық орталықтың жұмысымен танысты. Онда қандай міндеттер атқарылатынын компанияның құрылтайшысы Андрей Лаврентьев пен бас директор Вадим Басин көрсетті. Бұл нысан өндірістік қауіпсіздікті бақылауға жауап береді екен. Одан бөлек, оттегі деңгейі мен метан концентрациясын өлшеу жұмыстары да осы жерде анықталады. Мамандар шахталардың жағдайын тәулік бойы бақылап кез келген қызметкермен байланысқа шыға алады.
«Qarmet-тің қазақстандық компанияның меншігіне қайтарылғаны Қарағанды үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болғаны белгілі. Бұл Мемлекет басшысының маңызды саяси шешімі болды. Жаңа инвестор өндірісті кешенді түрде жаңғыртуға міндетті. Бес жыл ішінде комбинат металлургия көшбасшысы статусын қайтаруы керек. Бұл ретте еңбек қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту қажет. Ең бастысы – біздің жұмысшыларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау. Апаттар мен жазатайым оқиғалар болмауы керек», – деді Ерлан Қошанов.
«AMANAT» партиясының Төрағасы кәсіподақ мүшелерімен кездесу барысында жұмысшылар мен шахтерлерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелерін талқылады. Сөз барысында Парламент депутаттарының, «AMANAT» партиясының және Үкіметтің бірлескен күш-жігерімен Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми институты қайта құрылып, жұмысшыға жазатайым оқиғалар кезінде кінәлі болуына қарамастан толық сақтандыру төлемін қамтамасыз ететін жаңа заңдар қабылданғаны туралы айтылды.
Сондай-ақ кездесуде еңбек жағдайлары зиянды өндіріс жұмысшыларына 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін беретін жаңа заңға ерекше назар аударылды. Көміршілер кәсіподақ ұйымының төрағасы Евгений Буслаев жаңа мүмкіндікті Qarmet АҚ-ның 800-ден астам қызметкері пайдаланғанын атап өтті. Бүгінде бүкіл ел бойынша төлемдерді 8 мыңнан астам адам алуда. Ол бұл заңның еңбек адамдарын қолдаудағы мемлекеттің нақты қадамы екенін айтып, оның жедел қабылданғаны үшін Президентке және «AMANAT» партиясына алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс Спикері Бұқар жырау ауданындағы Садовое және Чкалов ауылдарына барып, су тасқынынан кейінгі қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. 2017 жылы осы ауылдардың айналасында жартастан жасалған бөгеттер салынды. Абырой болғанда, ол биыл бұл елді мекендерді су тасқынынан қорғап қалды.
Алайда ауылда су тасқыны мәселесі шешілгенімен, жергілікті ақсақал Сайлаухан Шошиннің айтуынша, тұрғындардың мал жаятын жерлері жоқ. Өз кезегінде «AMANAT» Төрағасы партиялық «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы туралы айтты. Жоба арқасында екі жыл ішінде 10,8 миллион гектардан астам заңсыз иемденген жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жеке қосалқы шаруашылықтарға көмек көрсету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Бұл заң қоғамдық жайылымдар туралы жаңа нормаларды енгізеді, яғни жайылымдарды конкурссыз бөлуге, жайылымдарды басқа ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруға тыйым салады және бір гектарға мал жаю нормативін 20-дан 50-ге дейін арттырады.
Қарағандыда Ерлан Қошанов мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығына барды. Онда былтырғы жылдың қазан айында елдегі әйелдерге арналған алғашқы полиция учаскесі ашылған болатын. Оталық қазір функционалды түрде отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығына айналды. Бұл жерде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмектер көрсетілуде. Орталықта психологтер, заңгерлер, сот орындаушылары, ювеналды полиция, теологтар, волонтерлер, медиаторлар, әлеуметтік қызметкерлер және басқалар жұмыс істейді. Мәжіліс Төрағасы Қарағанды облысының тәжірибесін оң бағалап, мұндай жобаны еліміздің басқа өңірлерінде де енгізуді ұсынды.
Дәл осы күні Мәжіліс Спикері Күнгей шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Білім ұясы «AMANAT» партиясының республикалық сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында салынып жатыр. Жергілікті белсенділер қаланың осы бөлігінде мектептің жоқтығы туралы мәселені көптен бері көтеріп келген. Барлық жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Қарағандының жылу желілерін жаңғырту жұмыстарымен танысып шықты. Жаңа магистраль жылу қуатының тапшылығы мәселесін шешеді және қаланың қолданыстағы желілеріне түсетін ауыртпалықты азайтады. Бұл шаһардың одан әрі дамуы үшін қажетті қорды құруға мүмкіндік береді. Жоба 2024 жылдың күзіне дейін толық жүзеге асырылмақ.