Бұл күйзеліс Қазақстан экономикасын күйретпейді. Одан қорғайтын жап-жақсы қоры бар. Алайда жаһандық нарықтағы дүрбелең теңгенің құнсыздануына әкеліп соқты. Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толыққанды орындайды. Дегенмен мұнай бағасының төмендеу үрдісі ұзаққа созылса, бюджетті қайта қарауға тура келмек. Сарапшылар осылай дейді. Өткен дүйсенбіде әлем дүрлікті: осы ай басында ғана әр баррель-бөшкесі 52 доллардан саудаланған «қара алтын» құны 9 наурызда 33,94 долларға дейін құлдырады. Барлық дүниежүзілік биржалар терең құрдымнан бір-ақ шықты. Салдарынан мұнайға тәуелді теңге бағамы да құнсызданып, кейбір айырбастау бекеттері долларды 400 теңгеге сатып жатты.
Сонымен не болды?
Қаржыгерлердің байламынша, бұл күйзеліс бірнеше қабаттан, толқыннан тұрады. 2020 жылғы 8 қаңтарда Brent маркалы мұнайдың бағасы 71 долларға жеткен. Бірақ коронавирустың белең алуы салдарынан Қытайда өндірістер тоқырауға ұшырап, көптеген кәсіпорын жабыла бастады. Қуатты ең көп тұтынушы шың елінің мұнайға деген сұранысы тек ақпан айында ғана төрттен бірге кеміген. Нәтижесінде, «қара алтын» бағасы 52 долларға дейін түсіп, елеулі түрде құнын жоғалтты. Енді оған мұнайлы мемлекеттердің өзара мәмілеге келе алмауы соққы болып отыр. Венада жиылған ОПЕК+ елдері Қытай індеті кесірінен сұраныстың төмендеуіне байланысты мұнай өндірісін тәулігіне 1,5 миллион баррельге қосымша қысқарту жайында уағдаласуы тиіс болатын. Сонда баға да өспек. Әйтсе де, аталған ұсынысқа Ресей қарсы шықты. Солтүстік көрші жаһандық «қара базарға» сатар «қара алтын» көлемін кемітуден бас тартатынын мәлімдеді. Ресейлік сарапшы, экономика ғылымдарының докторы Н.Кричевский өз елінің ОПЕК+ мәмілесін тәрк етуін ақылға қонымды санайды. «Бұл әу бастан орынсыз мәміле еді. Мұнайлы елдер өндірісті ұдайы қысқартуда. Бірақ біз босатқан нарыққа өзге өндірушілер, бірінші кезекте тақтатас мұнайын өндіретін АҚШ компаниялары кіріп жатыр. Біз сатып алушыларымызды жоғалтып жатқанда Америка «қара алтын» өндірісін тәулігіне 4 млн баррельге арттырды. Осылайша, бүгінде Құрама Штаттар нетто-экспорттаушыға айналды. АҚШ тарихи рекордына – тәулігіне 13 млн баррельге қол жеткізді. Бұл Ресей өндірісінен 15% жоғары. ОПЕК+ енгелі Американың мұнай экспорты 5 есеге ұлғайды. Ендеше бұл мәміледен бас тарту – ұлттық мүдде мен намыстың нышаны», – дейді Никита Кричевский. Ол мұның оң және теріс салдары болатынын айтады. Ұлттық валюта құнсызданады, мемлекеттің мұнайдан түсімі құлдырайды. Батыс Ресейге қарсы санкцияларын да қатайтуы мүмкін. Экономист мұнай бағасы алда өсіп, 40 доллардан төмен болмайды деп болжайды. Расында, кеше биржаларда Брент маркасының құны 1 баррелі үшін 36,5 долларға дейін көтерілді. Ресей «Жоғарғы экономика мектебінің» профессоры, экономист Е.Коган осы дүйсенбіде әлемде жаңа дағдарыс басталғанына сенімді.Жоспарлар жаңартылады
Халықаралық сарапшылар оған дейін дағдарыс күшейе беретінін айтады. Bloomberg әлемдік экономика тек 2023 жылға қарай сауығуы ықтимал деген жорамалын жария етті. Goldman Sachs мұнайдың 20 доллар межесіне дейін түсуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қазақстандық мұнайға ғана емес, өзге өнімдерге де сұраныстың төмендеу қаупі барын жасырмайды. «Қуат көздері нарығындағы баға соғысы кесірінен әлемдік экономика келешегі бұлыңғырланды. Оған онсыз да коронавирустың таралуы нұқсан келтірген еді. ЭЫДҰ күйзеліс ұзаса, әлемдік ЖІӨ 2020 жылы 1,5%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Осы жағдайда қазақстандық экспортқа деген сұраныс азаюы мүмкін. Бұған шикізат тауарлары бағасының құлдырауы қосылса, биыл Қазақстанның төлем балансы одан ары нашарлауы ықтимал. Себебі төлем балансында 2019 жылдың өзінде 5,5 млрд доллар тапшылық қалыптасқан-тын», – деді Е.Досаев Үкімет отырысында. Ол теңге бағамы тас бекітілетін бұрынғы саясатқа оралмайтынын, ұлттық валютаның еркін бағамы сақталатынын мәлімдеді. Бұл ретте қаржылық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ҰБ валюталық интервенциялар жүргізуге дайын. Белгілі қаржыгер, бизнесмен А.Кәрібжанов ұлттық валютаны ұстап тұру үшін Ұлттық қор қаражатын рәсуа етуге болмайды деген пікірде. «Шұғыл түрде девальвация жасау керек. Барлығы осы туралы ойлайды, бірақ тіпті айтуға жүрексінеді. Тек мұнай бағасы мен рубль бағамына көз тігіп отыр. Құнсыздана бастаған ұлттық валютаны сол бетімен жібере салмасақ, қордағы ондаған миллиард босқа шашылады», – дейді Айдан Кәрібжанов. Ал экономист Алмас Чукин теңгенің нығаятынына сенеді. «Бұл құлдырау Қазақстан экономикасын жайратып кетпейді. Еліміздің бірнеше жылға жетер қоры бар. Мәселе – ары қарай не болатынында. Негізі, доллардың өсуі – қиындықтың үлкені емес. Валютаның қазіргі бағамы мазасыз көңіл күйден туындаған. Бір-екі аптада барлығы тынышталады. 1 доллар үшін 380 теңге сұралған кезге қайта оралмас, бірақ бағамның 400 теңгеден асуы да неғайбіл. АҚШ валютасын сонша қымбатқа сатып алатындай халықта көп ақша да жоқ. Доллар алғысы келгендер бұған дейін алып қойды. Квазимемлекеттік компанияларға теңгедегі қорын шетел валютасына жаппай ауыстыруға рұқсат етілмейді», – дейді А.Чукин. Қазақстан қамсыз отырған жоқ. Мемлекет басшысы шұғыл әрекет ету жөніндегі республикалық штаб құрды. Ұқсас штабтар барлық өңірлерде іске кірісті. Үкімет оқиғаның одан ары өрбу барысына қатысты бірнеше сценарий түзді. Оның әрқайсысы қажетті ресурстармен және қаражатпен қамтамасыз етіледі. «Азаматтардың ешқайсысы қиын жағдайда жалғыз қалмайды!» деп уәде етті Үкімет басшысы Асқар Мамин. Айхан ШӘРІП