Қоғамның біріктіруші күші – патриотизм. Адам патриот болып тумайды, патриот болып қалыптасады. Патриоттық сезім ел болашағының тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа сапалы білім арқылы беріледі. «Патриот болу» ұғымына әркім өзінше анықтама береді. Ал тыныштық орнаған бейбіт заманның ұландары патриотизмді қалай түсінеді? Патриот деп кімдерді айтамыз? Мемлекет тарапынан патриоттықты дамыту бағытында қандай келелі шаралар атқарылып жатыр? Бұл жайында тарихшы Темірғали Аршабековпен сұхбаттасқан едік.
Темірғали  Аршабеков: Патриотизм  ауызбіршілікке  бастайды
3,988
оқылды

– Темірғали аға, қазір жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды көпке танытып, оны әлем алдына шығаруда патриотизмнің атқарар рөлі ерекше. Бүгінгі күні біз патриотизмді қалай түсініп жүрміз және ол қай салаларда айқын көрінуі мүмкін?

– Патриотизм – қасиетті, қадірлі ұғым. Қазір жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Ол деген ғылыми-техникалық жетістік­те­ріміздің көп болуы деген сөз емес. Керісінше, бұл дәуір адамның ішкі рухани дүниесінде еліне, халқына деген құрмет бәрінен үстем болуын талап етеді. Бүгінгі елдерді мысал етіп қарастырайық. Америкалықтардың, жапондардың атын естігенде өзде­рінің имиджін толық қалып­тастырып үлгерген ел екенін аң­ғарамыз. Неге? Қоғамы өзі үшін емес, елінің бола­шағы үшін қызмет етуде. Этнология ғылымында этнос және ұлт деген ұғым бар. Біздің этностық белгі­лерімізге тіліміз, мәдениетіміз, тәуел­сіз жеріміздің болуы жатады. Ал ұлттық белгі ретінде соларды сақтап қалу үшін патриоттық сезімнің болуын айтамыз. Әрбір азамат өз елінің патриоты болуы міндетті. Патриоттық сезім әр салада бар. Мейлі спорт, мейлі мәдениет болсын. Әлемге Қазақстан атын паш етіп жүрген Димаш елдің ғана емес, әлемнің жұлдызына айналды. Менің ойымша, оның бойындағы еліне деген құрметі осы күнге жеткізді. Әр концертінде қазақтың ұлттық аспабын ала шығады. 

Ал спорттық ойындарда пат­риотизмнің ерекше белгілері айқын көрінеді. Ерекше деуімнің себебі бар. Бір елдің намысын қорғайтын спортшылардың артында қаншама жанкүйер тұр. Олардың қолдауының өзі патриоттық сезімді білдірмей ме? Қазір өтіп жатқан Париж олим­пиа­дасында әр қазақ өз елінің ұлан­да­рына қандай қолдау көрсетіп, жан­күйер болып отыр. Бір қазақтың жеңісіне ортақтасып, бірге қуану – нағыз патриоттық сезімнің бір бөлігі ғана. Әлем алдында көк Туымыз кө­терілгенде әрқайсымыздың ру­хымыз асқақтайтыны жасырын емес.

– Қазақ тарихында патриотизм қандай сипатта болды? Тәуелсіздіктен кейін ше?

– Қазақ тарихының басында патриотизм деген ұғым жеке қаралып, зерттелген жоқ. Бұл – кейінгі Кеңес дәуірі кезінде пайда болған ұғым. Бірақ жеке термин ретінде анықта­маға ие болмаса да, қазақ хандарының ел мен жер үшін еткен еңбегі, май­данда қан төгіп соғысқандарынан артық тарихымызда қандай пат­риоттық болуы мүмкін. Осындай май­дан­герлердің ішінде соңғысы Бауыржан Момышұлының бір өзінің бойындағы патриоттық сезімі сыртқа көрініп тұрды әрі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды. 

Енді тәуелсіздіктен кейін пат­риотизмнің негізгі сипатына ора­лайық. Бұл бүгінге дейін көбіне рухты әндер арқылы, жаңағы айтқанымдай, әр саладағы жетістіктер арқылы кө­рініс тауып келе жатыр. Шын мә­­­нінде, адам бойындағы патриоттық сана-сезім тек тәрбие арқылы қа­лыптасады. Өкінішке қарай, қазір ақпарат ағыны да жедел қарқынмен таралып жатқандықтан, мәде­­­ние­тімізге жат дүниелер оңай сіңіп жа­тыр. Міне, солармен күресетін адам, ұлтына тән құндылықтарды сақтауға тырысатын адам – бүгінгі күннің патриоты. Мемлекетті адам­дар құ­райды, дегенмен бір мүддеге түйіс­тіретін патриотизм қасиеті болмаса, азаматтардың бірігуі, ауызбіршілікке келуі қиын-ақ. Айтпағым – тұтастық жайы, осы тұста бәріне ортақ тіл, діни сенім, салт-дәстүр қажет. Себебі патриотизм жоқ жерде мемлекет ыдырап кететіні анық. Тарихтан, дәстүр мен сенімнен, мемлекет бір­лігінен қуат алған халық елдің құ­раушы күші болып қала береді.

– Патриотизмнің қазіргі заманауи көріністері қандай?

– «Патриот болу» дегенде қолға қару алып, «аттан» деп шабуды ғана, не болмаса Отан алдындағы борышын әскерде өтегендер деп қана түсіну үлкен қателік. Біз айтып отырған осындай патриотизмнің де түрлері бар. Мысалы, қазір бейбіт заман десек те, түрлі жағдайға басын қатерге тігіп жүргендер жоқ емес. Куә болып жүрміз, небір тілсіз жаудан құтқарып қалған батырлар да жетерлік. Оны адамгершілік борышы, яғни «адам­гершілік патриотизм» деп түсінгеніміз дұрыс шығар. Ал мемлетке патриот болу – әр адамның алдында тұрған міндеті. Оны қалай айқындай аламыз? Бұл кез келген адамның өз ісіне жауаптылығынан басталады. Иә, бұл суға тамған тамшыдай болуы мүмкін, бірақ қосар үлесі зор. 

– Білім беру жүйесінде патриоттық тәрбие қалай көрініс тауып жатыр?

– Жастарды патриотизмге тәрбиелеу жайына келгенде, әскери борышын өтеу мәселесін алып қарайтынымыз рас. Одан бөлек, қоғамның әр мүшесіне патриоттық сезімді ұялату мектеп қабырғасынан, тіпті оған дейін отбасынан басталуы керек деп ойлаймын. Өзім білетін көп білім ордасында кітап оқулықтарына патриотизм тақырыбы енгенімен, әлі күнге дейін сабақ үзілістерінде Кеңестік кездегі мектептерде ой­нал­ған қоңырау дауыстары тұр. Барлық жерде емес, әрине. Пат­риотизм қа­лыптасады деп жатырмыз, оны баланың жас кезінен бастап бойына сіңіруіміз керек. Сондықтан осындай қоңырау орнын халық әндерінің үзінділерімен ауыстырса, тыңдап өскен бала ертеңгі күні міндетті түрде рухани байып, жүрегі «елім, жерім» деп соғатын ер жігіт болып өсетініне сенемін. 

– Патриоттық сезімдерді наси­хаттауда елімізде қандай ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр деп айта аласыз?

– Әрине, күнтізбеде патриотизмді насихаттайтын арнайы бір күн бол­мағанымен, мереке көп. Атап айт­қанда, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні, одан әрі Жеңіс күні бар. Рес­публика, Тәуелсіздік күндерін де естен шығармағанымыз жөн. Бұл күндер жеріміздің қаншалықты қым­бат екенін, тәуелсіздігіміздің оңай­лықпен келмегенін және ата-баба ерлігін әсте ұмытпауымызға себеп болып отыр. Бұдан кейін өскелең жас ұрпақтың бойында Отанына деген сүйіспеншілік қалай болмасын?! Осындай атаулы күн­дердің бәрі жас ұрпақтың бойында халқына, еліне деген патриоттық сезімінің пайда болуына, әрі қарай жандануына ық­палын тигізбесе зияны жоқ. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ