Спортшының сөзінше, қарсыласы Кано өте жақсы қорғанады екен.
«Жапон спортшысы қанымды ішті, мен одан бірнеше рет ұтылдым»: Руслан Курбанов Олимпиадада неге жолы болмағанын айтты
2,325
оқылды

Семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі Руслан Курбанов жекелей сындағы сәтсіздігінің себебін түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

«Алғашында марокколық спортшымен кездестім. Францияда туылып, осы жерде жаттығу жасайтын мықты спортшылардың бірі. Сондықтан онымен тактикалық тұрғыдан жақсы жұмыс істедім. Залдағы у-шуға мән бермей, ешкімге көз салмай, бос кеңістікке кеткендей әсерде болдым. 

Екінші кездесуде маған Олимпиада чемпионы түсті. Оның кім екенін білемін, көптен бері бақылап жүрмін. Жаттығу кезінде де семсерлескеніміз бар. Жарыс пен жаттығудың мүлде бөлек нәрселер екені белгілі. Құрған тактикалық жоспарымыз 100 пайыз дұрыс болып шықты. 

Ең қиын сәт – Каномен кездескенім дер едім. Ол менің қанымды ішті. Олимпиада чемпионы. Мен одан бір емес, екі емес, бірнеше рет ұтылдым. Жарыстарда оны жеңген кезім есімде жоқ, тек жаттығуда болмаса.

Семсерлесуде бәрі рейтинг бойынша жүреді. Егер бір минут ішінде ұпай алмасаң, саған сары қағаз береді. Егер сен бір минут ішінде екінші рет шабуылға бармасаң, қызыл қағаз береді. Егер үшінші рет ешкім ұпай алмаса, қара қағаз беріп, жарыстан шеттетеді. 

Қарсыласым рейтингте жоғары тұрғандықтан, мен шабуылға баруым керек. Ол қорғаныста да өзін жақсы сезінеді. Тактикалық тұрғыдан маған жалғыз жол болды – бірінші шабуылға барып, кейін қорғанысқа кету. Бірақ бәрі керісінше болды да, оның шабуылы үдей түсті», – дейді Руслан Курбанов. 

Айта кетелік, Курбанов Париж Олимпиадасының ширек финалында жеңілді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.