Қазақ неге балық жемейді?
Қазақ неге балық жемейді?
829
оқылды
Еліміздегі балық шаруашылығы кәсіпорындары 2019 жылы 20 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бірақ бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 2,7%-ға аз. Ішкі нарықта өзіміздің өнімге қарағанда шетелден келетін балық түрлері мен өнімдері көп. Ол нені білдіреді? Елімізде балық саны азайды ма, әлде аулау көрсеткіші төмендеп кетті ме? Қазақстан балық өсіруге қо­лайлы су көздері мен жасанды су айдындары көлемі жағынан алған­да ТМД-да Ресейден кейінгі орын­да. Қазақ даласында «балығы тай­дай тулаған» Каспий теңізі, Ала­көл мен Балқаш көлдері, Жа­йық пен Ертіс, Сырдария секілді балыққа бай табиғи су көздері жетерлік. Ресми статистикаға сү­йенсек, өңір­лер бойынша негізгі балық аулай­тын аймақтарға – Атырау (13,1 мың тонна), ШҚО (8,2 мың тонна), Қызылорда (7,4 мың тонна), Ал­маты (6,6 мың тон­на), Маңғыстау (2,3 мың тонна), Түркістан (2 мың тонна) облыстары жатады. Әлем бойынша балықтың 20 мың­нан астам түрі бар делінеді, соның 300-ге жуығы кәсіби аула­натын балықтар. Жоғарыда ба­лыққа керек су көзі жөнінен ТМД-да Ресейден кейін тұрмыз. Алайда балықтың саны жағынан көп кейін қалғанбыз. Мә­селен, көрші елде балықтың 250-ге тар­та түрі кәсіби аулана­тын болса, біздегі бар балық тү­рінің өзі – 155-тей ғана. Оның 18 түрінің саны күрт азайып, Қызыл кітапқа енгізілген. Қазақстан аума­ғын­дағы 155 балық түрінің тек 52 түрі кәсіби ауланады, өзгесі сирек жәндік қатарында. Дегенмен «ауызды қу шөп­пен сүртетін» жағдайда емеспіз, дү­ние­жүзілік нарықта бәсі жо­ға­ры балық түрлері бізде де бар. Мысалы, бе­кіре тұқымдас ба­лықтың 25 түрі болса, соның 11-і біздің суларда өмір сүреді. Сыр­дария өзенінде тіршілік ететін тасбекіресі – сирек кездесетін үш тасбекіренің бірі. Бекіренің өзге балықтан басты ерекше­лі­гі – уылдырығы құнды. Таза өнім­нің бір келісі 200 мың теңгенің ай­наласында. Әсіресе, дамыған елдерде бекіре балығына сұраныс жоғары.  

ЭКСПОРТ ПЕН ИМПОРТ ТЕҢ БЕ?

Азық-түлік тұтыну нормасы бойынша әр адам жылына 14 келі балық жеуі тиіс. Бұл есепке салсақ, ел тұрғындарын түгелдей теңіз жәндігімен қамту үшін 240 мың тоннадан артық балық өндіру қа­жет. Статистика комитетінің есе­бінде 2019 жылы қаңтар-жел­тоқ­сан аралығында отандық кәсіпо­рындар ішкі қажеттілік көлемінің жартысынан көбін толық жаппа­ғаны (45,3%) жазылған. Импортқа тәуелдіміз. Атап айтқанда, елімізге көбінесе Ресей, Норвегия, Латвия, Вьетнам, Эстония, Қытай сияқты елдерден балық және балық өнім­дері әкелінеді. Яғни, Қазақстан былтыр 30 мың тонна балық өнім­дерін экспортқа жөнелтіп, 43 мың тоннаны сырттан сатып алды. Ба­лық өнімдерінің түрлері (кон­сервіленген, өңделген) мен уыл­дырық және оны алмастырушы өнімдер көлемі бойынша негізгі өндірушілер – Батыс Қазақстан (274 тонна), Түркістан (193 тонна) және Шығыс Қазақстан (51 тонна) облыстары. Бұл өңірлер жыл ба­сын­да елдегі жалпы өндіріс көле­мінің 77,3%-ын (518 тонна) берген. Біздегі су көздерінде балық са­нының өспей отырғанына заңсыз аулаудан бөлек, экологиялық жағ­дай қатты әсер етуде. Әсіресе, ба­лы­ғы көп Балқаш көлінде, Жа­йық өзенінде және Каспий теңі­зінде жағдай ушығып тұр. Өнді­рістік қалдықтардың бейберекет төгілуі су жәндіктерінің қырылып қалуына әкелуде. Оны ауланған балықтың көрсеткішінен де бай­қауға бола­тындай. Мәселен, 2008 жылға дейін Балқаштан ауланған балық 7-11 мың тонна аралығында болса, одан бергі жылдары 5-7 мың тоннадан аспай келеді. Сондай-ақ 1970 жылдары Каспий теңізінен 100 мың тоннадан артық балық ауланады екен. Қазіргі көрсеткіш 40 мың тоннаның төңірегінде, оның көп бөлігін табан балығы (12 мың тон­надан астам) құрайды. Экологтердің айтуынша, соңғы 30 жыл ішінде Каспийдегі бекіре тұқымдас ба­лықтар 30 есе азайып кеткен. Оған қоса, балықтың азаюына салада кәсіби мамандардың жетіс­пеуі, заңсыз балық аулау ісіне ба­қылаудың әлсіздігі және қаржы­ландырудың жеткіліксіздігі себеп. Ихтиология мамандығын таңдай­тын студент аз. Өйткені жалақы төмен.  

ҚАЗАҚ НЕГЕ БАЛЫҚ ЖЕМЕЙДІ?

Әдетте, етті көп жегенімізбен, балыққа келгенде «сараңдық» та­ны­тып қалатынымыз бар. Рас, базардағы балық етінің бағасы да бас айналдырады. Елордада ақ­сер­кенің (семга) келісі 4 250 теңгеден басталса, бахтақ (форель) – 3 500-3 800 теңге, табан (лещ) – 1 200 тең­ге, тунец балығының еті – 6 000-8 000 теңге аралығында саудаланады. Уылдырықтың құны айтпаса да түсінікті. Сөредегі жасанды уыл­дырықтың 260 грамы 5 000 теңгенің айналасында. Айта кетейік, бүгінгі күні ба­лықты ең көп жейтін жапондар мен қытайлардың күнделікті ішіп-же­мінің 14-16 пайызын балық өнім­дері құраса, америкалықтарда 11-12 пайыз, ресейліктердің көрсеткіші 9 пайыздың көлемінде. Ал біздің халқымыздың жан ба­сына шақ­қанда бұл 0,9 пайыздың төңірегінде ғана. Әрине, үйдегі тәбетті базар­дағы нарық шектейтін уақытта балық еті жайлы сөз қозғау орынсыз дерсіз. Дегенмен үбірлі-шүбірлі отыратын қазақы отбасы үйге қонақ келсе қайдан тапса да қазан көтеріп, ет асуды парыз санайды да, «балыққа бата жүр­мей» қалатыны жасырын емес. Сірә, бұл тұрмыстық ахуалдан емес, балық етінің пайда­сы жөнін­дегі ақпараттың азды­ғынан да болса керек. Өкінішке қарай, бізде балық шаруашылығын дәріптеу, осы салаға халықты үйре­ту жағы да кемшін. Көршіміз Ре­сей­де екі бір­дей телеарна балық ­ша­руашы­лы­ғының қыр-сырын на­сихаттап отырады. Қалай десек те, өзге жұрт­қа қарағанда балықты аз жейміз. Мамандар балық еті көз аурулары мен созылмалы ісік ау­руының алдын алуға һәм сүйекті қатайтуда таптырмас ем екенін айтады. Айтқандай, базардағы балық бағасы жөнінен де өңірлерде айырмашылық әрқалай. Мәселен, өткен ақпан айында ең арзан скум­брия мен шпрот – Қызылордада, ең қымбаты – Талдықорғанда сатыл­ған. Ал арзан сельдь Пав­лодар қаласында тіркелсе, елор­далықтар үшін бағасы қымбатқа түсіп отыр.  

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР

Қазақстан балық шаруашы­лы­ғын дамыту арқылы үлкен жетіс­тікке қол жеткізе алады. Себебі балық өнімдері бізде ғана емес, әлемдік саудада да тапшы азық. Бір ғана мысал, іргедегі көршіміз Ресей жылына 1,2 млн тонна мөлшерінде балық импорттайды. Бұл тұрғыда, үлкен өзендердің ба­сында отырған Қытай мемлекеті бүгінгі жағдайды шебер пайдала­нып, Ресей импортының 40%-ын жеткізіп беруде. Саланы дамыта алсақ, көршінің сұранысын жақын жерден жеткізу бізге де тиімді болар еді. Ел Үкіметі болашақта отандық балық өндірісін 120 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік барын ескертіп отыр. Импортты төмендетіп, Қытай, Ресей және Еуропа елдеріне өнім сатуға жол ашылады. Одан бөлек, қазірдің өзінде республикамыздағы 1 600-ден аса балық шаруашылығы ны­сандарында 11 мың адам жұмыс істеп жатыр. Соңғы 7 жылда шабақ балықтарды жетілдіріп, өсіру ісі 9 есе (800 тоннадан 7 мың тоннаға дейін) артқан. Демек, саланың әлеуетін толық ашатын кез алда. Сондықтан еліміздің балық өн­ді­рісін қайта қолға алып, су көздерін түбегейлі мемлекеттік «сүзгіден» өткізудің кезегі келді.      width= Тұрсынгүл ЖАҚЫПОВА, KAZAKH OSSETER ЖШС ғылыми-өндірістік                                                                                                      кәсіпорынның директоры:   – Біздің шаруашылық 2014 жылы құрылды. Үкімет ин­фрақұрылымды жасауға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы бюджеттен қайтарымсыз қаржы бөлді. Шабақтарды өсіріп, жетілдіріп, суға жібереміз. 2016 жылдың аяғына қарай нарыққа шыға бастадық. Қазір кәсіпорында 18 адам қызмет етеді. Шабақ өсіретін бассейн жабдығы Еуропадан, Ресейден әкелінген. Бірден айтайын, балық өсіру оңай шаруа емес. Себебі оның жемазығы негізінен шетелден әке­лінеді. Рас, қазір Ақтөбеде және басқа жерлерде де бар. Олардан да сатып аламыз. Бірақ шетелдің өнімімен салыстырғанда технологиясы сәйкес келе бермейді, сапасы төмен. Яғни, шабақ балықтың жетіліп, жылдам өсуіне әсері аз. Сон­дықтан араластырып береміз. Үкімет тарапынан да көмек беріліп жатыр. Мәселен, балық жеміне кеткен қаржының 30% қайтарып беріледі. Былтыр 2 млн теңгедей қаражат алдық. Осылайша, соңғы жыл­дары түрлі жеңілдік алып отырмыз.    width=Бауыржан БАЗАР