Ол жаттығу кезінде дене қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындағанын айтты.
Елена Рыбакина Олимпиадаға неге қатыспағанын айтып, халықтан кешірім сұрады
1,683
оқылды

Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарына бара алмайтынын айтқан Елена Рыбакина қазақстандықтардан кешірім сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Құрметті қазақстандықтар, Париждегі Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасымен қатыса алмайтыныма өкінетінімді айтудың сәті енді түсті. Мен командамен дайындалып, жарыс басталардың алдында ауырып қалдым. Дене қызуым көтеріліп, тыныс алуым қиындап, дәрігерлер маған кортта өнер көрсетуіме тыйым салды. Сонша үміттенген қазақстандық жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Өзім де қатты өкініп отырмын, себебі командамен көп жұмыс істеп, медаль иеленгім келді. Токиодағы Олимпиадада жүлделі орын алуыма аз қалған еді. Жақын арада кортқа ораламын деп үміттенемін және отандастарыма алғыс айтқым келеді. Себебі қай елде өнер көрсетсем де қолдауды сезіп, еліміздің Туын көргенде қуанамын», – дейді Елена.  

Еске салайық, бұған дейін билікке жақын сарапшылар теннисші Рыбакина мен Путинцева не үшін Олимпиадаға қатысудан бас тартуы мүмкін екенін айтты. 

"Чемодан госсекретов" телеграм арнасының мәліметінше, Рыбакина мен Путинцеваның Олимпиадаға қатысудан бас тартуы федерацияның қасақана саботажы болуы мүмкін. Сарапшылар мұндай болжамды дереккөздеріне сүйеніп айтып отыр. 

"Спортшылар, әсіресе қоластына алынғандар (екінші бір елдің адамына азаматтық құқық беру), қаламақы (гонорар) сомасына қарайды және олар Теннис федерациясының басшылығынан тиісті мотивация алмаған болуы мүмкін. Олар Қазақстанның атынан шықса міндетті түрде медаль алуы мүмкін еді. Дереккөздер бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады", – делінген жазбада.

Еске салайық, бұған дейін WTA рейтингінде 4-орында тұрған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдағаны белгілі болған еді.

"Құрметті қазақстандықтар! Маған бұл туралы айту оңайға соқпады. Өкінішке қарай, Париж Олимпиадасына қатыса алмаймын. Уимблдон турнирінен кейін мен жедел бронхитпен ауырып қалдым, жаттығуға қайта оралуға тырысқаныммен, денем әлі қалпына келген жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды", – деді ол.

Осы тұста ол Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшыларды қолдайтынын жеткізді.

Артынша теннисші Юлия Путинцева да Париж Олимпиадасына қатыспайтыны белгілі болды. 

Қазақстан теннис федерацияның мәліметінше, Путинцева Парижге ұшып келіп, белсенді түрде жаттыға бастаған. Алайда украиналық Марта Костюкпен болатын матч алдындағы дайындықта қазақстандық спортшы тізесін ауыртып алған. Медициналық тексеруден өткен соң турнирден бас тарту туралы шешім қабылданды.

Айта кетелік, бұған дейін де Юлия тізесіндегі жарақатын айтып, шағымданған болатын.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.

“Париж Олимпиадасы біз үшін сынақпен басталуда. Алдымен Елена Рыбакина сырқатына байланысты бас тартса, бүгін Юлия Путинцева жарақатына байланысты жарысты тоқтатты. Екі спортшыға да үлкен үміт артқан едік, өкінішті", – деді Досқараев. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.