Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған қадамдардың бірі – жалпыға бірдей декларациялауды енгізу. Жалпыға бірдей декларациялау әділ салық салуды қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге және әлеуметтік саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді.
Көлеңкелі экономикамен күресті күшейтеді
1,240
оқылды

Жалпыға бірдей декларациялау еліміз бойынша 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілуде. Бүгінде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне мемлекеттік қыз­метшілер мен оларға теңестірілген адам­дар, бюджеттік ұйымдар мен квазимем­лекеттік сектор қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары кірді. Бұл – 2,7 миллионнан астам адам.

Биыл декларацияны 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша уәкілетті органдарда тіркелген бизнес өкілдері (заңды тұлғалардың басшылары мен құрыл­­тай­шылары (қатысушылары), жеке кәсіп­керлер және олардың жұбайлары тапсыруға тиіс.

2025 жылы жалпыға бірдей декларация бүкіл ел тұрғындарын қамтиды деп жос­парланған. Әркім өзінің жеке кәсіпкер не­месе заңды тұлға екенін арнайы сайттардан QR коды арқылы тексеруге болады.

Бұл ретте 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны табыстау міндетінен бей­резиденттер, ал 2024 жылдың 1 қан­тарынан бастап коммерциялық емес ұйым­дардың құрылтайшылары (қаты­­сушылары) және акционерлер босатылды.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі декларациялардың екі нысанын, алдымен активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясын (250.00-нысан) ұсынудан тұрады, ол белгілі бір күнге, осы жылғы дек­ларанттар үшін 31.12.2023 жылға жеке тұлға жалпыға бірдей декларациялау жүйе­сіне кіретін мүліктер мен міндет­темелерді тіркеу үшін ұсынылады.

Мемлекеттік кірістер органдары осы дек­ларацияда көрсетілген мәліметтердегі мү­лікті сатып алудың (пайда болуының) заң­дылығы мәселесі бойынша тексермейді. Алай­да бұл жеңілдету мемлекеттік қызметке, президенттікке, депутаттыққа, әкімдікке кандидат тұлғаларға, сондай-ақ олардың жұбайларына қатысты қолданылмайды. Кейіннен жеке тұлғалар күнтізбелік жылға кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) жыл сайын ұсынады. Бұл ретте 2025 жылдан бастап мемлекеттік қыз­метшілерді оларға теңестірілген адам­дарды және олардың жұбайларын қоспа­ғанда, активтердің қозғалысы болмаған және жеке тұлға өз бетінше салық салуға жататын кіріс­тер алмаған жағдайда, жыл сайынғы декла­рацияны ұсыну бойынша міндеттеме жоқ.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларациясында (250.00-нысан) жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасында тір­келген жылжымайтын мүлікті (пәтерлер, үй­лер және тағы басқа), көлік құралдарын, арнайы техниканы және (немесе) тір­ке­мелерді, әуе және теңіз кемелерін, суда жү­зетін кемелерді, Қазақстан Респуб­лика­сындағы банк шоттарындағы ақшаны, қазақ­стандық банктерге берешекті (ипотека, несиелер) көрсетудің қажетілігі жоқ.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда (250.00-нысан) Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлікті, яғни жылжымайтын мүлікті, жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін, әуе және теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу кемелерін, «өзен-теңіз» жүзу кемелерін, көлік құралдарын, арнайы техниканы немесе тіркемелерді және Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капи­талындағы қатысу үлестерін көрсету қажет. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы шегінен тыс орналасқан шетелдік банк­тердегі банктік шоттарда жиынтығында барлық банктік салым бойынша 1000 еселенген АЕК мөл­шерінен немесе 3,45 миллион теңгеден аса­тын ақша қаражаттары көрсетіледі.

Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар банк салы­мы­ның сомасына қарамастан, Қазақстан Рес­публикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктерде ақшаның болуы туралы ақпаратты көрсетеді. Жеке тұлғалар 250.00 нысанындағы декларацияда Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде тіркелген мүлікті, бұл тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлестерді, бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен жүзеге асырылатын туынды қаржы құралдарын қос­пағанда), цифрлық активтерді, инвес­тициялық алтынды, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілерін көрсетеді. 10 000 еселенген АЕК мөлшері шегінен, яғни 34,5 миллион теңгеден аспайтын қолма-қол ақша қаражаттары да көрсетіледі.

Қазақстан банктеріне берешекті қоспа­ғанда, міндеттеменің немесе талаптың туын­дауына негіз болып табылатын, нотариат куәландырған шарт немесе өзге құжат болған кезде басқа тұлғалардың жеке тұлға алдын­дағы берешегі және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (Кт) көр­сетіледі. Жеке тұлғаның қалауы бойынша осы мүліктің бірлігі үшін бағасы (құн) 1000 еселенген АЕК мөлшерінен (3,45 миллион теңге) асып кеткен жағдайда, бағалау туралы есепте айқындалған құн болған кезде өзге де мүлік көрсетілуі мүмкін.

2024 жылы декларацияны толтырар алдында тиісті растайтын құжаттарды алдын ала дайындауды ұсынамыз: 

– тәуелсіз бағалаушыда бірлігінің құны 31.12.2023 жылғы жағдай бойынша 1000 АЕК-тен (3,45 млн теңге) асатын мүлікті бағалауды. Бұл ретте бағалау декларация тап­сырылғанға дейін кез келген күні (2024 жыл­ғы 15 қыркүйекке дейін) және кез келген бағалау компаниясында болуға тиіс; 

– нотариустардан қарыз алу шарттарын куәландыру (СК 631-бабының 2-тармағы), (шарттарды куәландыру тәртібі «Нотариат туралы» ҚРЗ 8-тарауымен регламенттеледі, нотариаттық іс-әрекеттер жасау мерзімдері 40-бапта айқындалған).

Бастапқы декларацияны тапсырғанға дейін (2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін) нотариалды куәландыру қажет, өйткені қа­рыздар мен міндеттемелерді көрсету тек бастапқы декларацияда мүмкін және бұл жағдайда толықтырулар көзделмеген (СК 211 бабы 5-тармағы, 7-тармақшасы).

Қазақстанда өз активтері мен мін­дет­темелерінің бар-жоғын анықтау үшін бағалы қағаздар бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша зияткерлік меншік, авторлық құқық объек­тілері бойынша сенімгерлік басқаруға бе­рілген мүлік бойынша берешектің Дт/Кт болуы бойынша (қарыз шарты) Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға сұрау салуға құқылы.

Активтер мен міндеттемелер туралы дек­ларацияны ұсыну мерзімі – 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін. Активтер мен мін­деттемелер туралы декларацияны элек­тронды түрде Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің «Салық төлеушінің кабинеті», «Элек­­­трондық үкімет» порталы, сондай-ақ E-Salyq Azamat, eGov mobile Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz мобильді қосымшалары арқылы қа­рапайым және оңай ұсынуға болады. Бұдан басқа, декларацияны қағаз жеткізгіште мемлекеттік кіріс органдарына, ХҚКО-на келу тәртібімен немесе пошта арқылы тап­сырыс хатпен ұсынуға болады. 

2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынғаннан кейін кірістер мен мүлік туралы декларацияны жыл сайын ұсыну бойынша міндеттеме (270.00-нысан) пайда болады.

Дина Құсайынова,

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті 

Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы