Өңірлердің мықты болғаны, еліміздің де мықты болмағы десек, мұнда ауылдардың әл-ауқаты бірінші кезекте қарастырылса керек.
Солтүстікке көш жүре түзеледі
Былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен тапшы аймақтарға 8 903 адам өз еркімен қоныс аударған екен, оның 2 337-і – қандастар. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Ұлттық жоба аясында оның мынадай түрлері қарастырылған: отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек түріндегі көшуге арналған субсидия, отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау, қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жіберу, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, «Экономикалық ұтқырлық» сертификаттарын беру.
«Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі. Былтыр барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алды», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.
Өңірлерді дамытуға бағытталған ішкі көші-қон бағдарламасын пайдаланғандардың бірі – Масатбаевтар отбасы. 2021 жылы Астанадан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына көшіп келген оларға алғашында 612 570 теңге сомасында материалдық көмек көрсетілген екен. Сондай-ақ қаланың басынан мемлекеттен жалға тұрғын үй берілген.
«Былтыр 1 млн 380 мың теңге сомасына мемлекеттік грант алып, шағын кондитерлік дүкенін аштым. Тайынша ауданының Жұмыспен қамту орталығына барғанымда қоныс аударушы ретінде қайтарымсыз грант ала алатындар санатына кіретінім туралы білдім. Сол жерде барлық сұрақтар бойынша кеңес берілді. Осындай мүмкіндікті құр жібермей, өзімнің бизнес-жоспарымды қорғап, мемлекеттен грант алдым», – дейді Құралай Масатбаева.
Биыл Қазақстан қандастарды қабылдау үшін 2 433 квота, солтүстік облыстарға қоныс аударатындар үшін 7 050 квота бөлді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 554 квотаға көп. Соның ішінде СҚО – 2 702, Павлодар облысы – 2 603, Қостанай облысы – 950, ШҚО – 372, Абай облысы – 255, Ұлытау облысы – 132, Қарағанды облысы – 36 адам.
«Ауыл – ел бесігі»: 5 мыңнан аса жоба іске асты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан әрі жалғастыруды тапсырған болатын. Сол тапсырмаларды орындау мақсатында соңғы бес жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру аясында тек республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 5400-ден астам жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Таяуда «AMANAT» партиясында Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібі «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру мәселелеріне арналды. Бұл жобаны іске асыру міндеті – «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі.
«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 256 ауыл бар. Әдістемеге сәйкес, даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл (1,2 мың тірек ауыл және 2,3 мың спутниктік ауыл) іріктеліп алынды, онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады. Биыл ауылдардағы әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды дамытуға республикалық бюджеттен 404,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 425 млрд теңге, басқа да көздерден 20 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар бүгінгі күні мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі негізінде ауылдың цифрлық картасын әзірлеу бойынша, оның ішінде өңірлік стандарттар жүйесін және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын интеграциялау жұмыстары жүргізілуде», – деді жиын барысында ауылдардың бүгінгі ахуалы туралы баяндаған Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
«Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Мәселен, биыл Қызылорда облысының 39 ауылдық елді мекенінде 69 жобаны жүзеге асыруға 11 млрд теңге қаралып отыр. Олардың арасында білім, денсаулық, мәдениет, спорт, электрмен қамту, газдандыру, ауыз сумен қамту, көлік инфрақұрылымы, абаттандыру жобалары бар. Бүгінде 5,6 млрд теңге игерілді, жоспар бойынша 36 жоба биыл аяқталмақ.
Цифрлық картадан ваучерлік қаржыландыруға дейін
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов таяуда мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру арқылы елімізде өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде кеңес өткізді. Онда «Отбасының цифрлық картасын» одан әрі жетілдіру мәселелері қаралып, «Әлеуметтік әмиян», «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру» жобалары талқыланды. Үкімет басшысы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту критерийі бойынша әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізуді тапсырды. Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде шұғыл және дағдарыс деңгейінен қанағаттанарлық және бақуатты деңгейге дейінгі бес санат бойынша барлық қазақстандық отбасының әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізілетін болады. Отбасылардың қанағаттанарлықсыз санаттан жақсаруға көшу динамикасына және керісінше көрсеткішке байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланады. Әкімдерге бұл құралды орта және ұзақмерзімді шараларды жоспарлап, іске асыру үшін қажетті негізгі нұсқаулық ретінде пайдалануға кеңес етілді. Мұқтаж отбасылардың өмірде қиын жағдайға тап болу қаупінің алдын алу мақсатында, сондай-ақ кедейлікті, жұмыссыздықты, халықтың жасырын жұмыспен қамтылуын азайту үшін оларды белсенді түрде анықтау қажет. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп әр отбасымен жеке жұмыс жүргізуді әрі «дағдарыс» және «шұғыл» санаттардағы отбасыларды қысқартуды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – еліміздегі өмір сапасын жақсарту. Тетік бар, мемлекеттік қолдау шаралары жұмыс істейді, мемлекет қажетті қаражатты бөледі. Біз әкімдердің адамдардың әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлесін нақты бағалау критерийіне көшеміз. Индикаторлардың орындалу мониторингі тұрақты болады. Біз онлайн режимінде динамиканы көріп, қорытынды жасаймыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бір айта кететіні, республикалық бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік міндеттемелерді толық іске асыруға, өңірлерді дамытуға бағытталған. Осыған байланысты кеңесте азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларының уақытылы көрсетілуін әрі ашықтығын қамтамасыз ететін «Әлеуметтік әмиян» жобасы қаралды. Сол арқылы бүгінде тұрғындарға пилоттық режимде мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтану, дәрі-дәрмек ұсынылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдарын сатып алуға атаулы көмек көрсету жөніндегі пилоттық жобаны, сондай-ақ ЖЖМ мен тауарлы газға бағаның өсуін өтеу мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған ваучерлерді іске қосу қосымша пысықталуда.
«Мемлекеттік органдарға әлеуметтік әмиянға және цифрлық картаға түсетін деректердің өз саласы мен бағыты бойынша дәлдігі мен дұрыстығын қамтамасыз етуді тапсырамын. «Әлеуметтік әмиян» жобасын кеңейту, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселелерін пысықтау қажет. Бұдан басқа, қаражатты мақсатты есептеуді, оның ішінде электронды ақша мен цифрлы теңге платформаларын пайдалана отырып пысықтауға баса назар аударған жөн», – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ жиында білім беру қызметтерін көрсету сапасын арттыруға бағытталған «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру» жобасы таныстырылды. «Ақша баланың соңынан жүреді» тұжырымдамасы мемлекеттік тапсырыс қаражаты ата-аналардың таңдауынан кейін ғана мектепке дейінгі ұйымдарға аударылатынын білдіреді. Бұл балабақшалар арасында бала үшін бәсекелестікті арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Оқу-ағарту министрлігіне Тараз және Шымкент қалаларында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны аяқтау және оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бүкіл ел бойынша таратуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Осы ретте, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларымен келесі санаттағы тұлғалар қамтылғанын атай кету керек: білім беру саласында жан басына шаққандағы қаржыландыру – 4,2 млн-нан астам баланы құрайды, жоғары білім алуға грантқа 692 мыңнан астам адам ие, мәдениет және спорт саласындағы жан басына шаққандағы қаржыландыру – 250 мыңнан астам адам, денсаулық сақтау жүйесіндегі жан басына шаққандағы қаржыландыру – 20 млн-нан астам адам, тегін дәрі-дәрмектерді 2,1 млн-нан астам адам алады, мүгедектігі бар 732 мың адамға әлеуметтік төлемдер төленеді, балалары бар отбасыларға әлеуметтік төлемдер санатына 1 млн-нан астам отбасы жатады, ал атаулы әлеуметтік көмекпен 255,2 мың адам қамтылған.
Нұрлан ҚОСАЙ