Бұл кесімге балалар омбудсмені Динара Зәкиева бастап, біраз қоғам белсендісі қарсы шықты. Қоғамда дау тудырған шешімнің елге қандай пайдасы, яки зияны бар?
Әке жүрегін жалғыздықпен жазалауға бола ма?
Алдымен, Конституциялық сот шешімін немен дәйектегеніне тоқталсақ. Семейде ұлттық құндылықтарды қорғауға бағытталған бірқатар іс-шарасымен белгілі қоғам белсендісі Е.Аққожа «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 91-бабының 2-тармағының 11) тармақшасының ел конституциясына қаншалықты сәйкес екенін тексеруді сұрап, КС-ке өтінішпен жүгінген болатын.
Өйткені онда тіркелген некеде тұрмаған, отбасы құрмаған («ерлі-зайыпты болмаған») ер жынысты адамдарға бала асырап алуға қатаң тыйым салынады, заңмен қудаланады. Бұл ретте, Ата Заңның 14-бабының 2-тармағында: «...жынысына немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп нақты айтылған. Яғни, конституция мен кодекс бір-біріне қайшы талап қояды.
Е.Аққожа қазақтың қаракөз жетім балаларын қанатының астына алып, ұлттық тәрбиеде өсіруге тілек білдіріп, құлық танытады. Бірақ 2023 жылғы 26 қазанда Семей қаласының білім бөлімі Отбасы кодексінің жоғарыда аталған нормасына сілтеме жасап, өтініш берушіні жалғызбасты ер адам болғаны үшін «жетім баланы асырап алуға ниеті бар адам» ретінде есепке қоюдан үзілді-кесілді бас тартқан.
Тараптардың соның ішінде Әділет, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің, Бас прокуратураның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Парламенттің өкілдерінің және сарапшылардың пікірлерін тыңдай келе, Конституциялық сот «Неке және отбасы туралы» кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасын «Конституцияға сәйкес емес» деп таныды.
Енді Үкімет пен ел Парламентіне келесі жылғы ақпаннан кешіктірмей, Отбасы кодексін қайта қарап, аталған норманы жоюына тура келеді.
Конституциялық сот шешімі нені білдіреді? Қарапайым тілмен айтқанда, «жалғызбасты ер адамның асырауына бергенше, одан да бала әрі қарай жетім қалсын!» деген қатыгез ұстаным Ата Заңға қайшы, адамгершілікке де жатпайды.
«Себебі Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Конвенцияға сәйкес, жеке тұлғасы толық және үйлесімді дамуы үшін әрбір бала отбасында, бақыт, махаббат және түсінушілік атмосферасында өсуі қажет. Конвенцияда балаларға қатысты барлық іс-әрекеттерде, оларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік немесе жеке мекемелердің, соттардың, әкімшілік немесе заң шығарушы органдардың қандай шешім қабылдағанына қарамастан, ең бірінші кезекте баланың мүдделерін барынша толық қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді деп бекітілген», – деп дәйектеді өз шешімін Конституциялық сот.
Конституциялық сот Ата Заңның 27-бабының 2-тармағы бойынша «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» екенін нұсқады. Отбасы кодексінің 116-бабына сәйкес, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ең алдымен отбасыда тәрбиелеуге – асырауға, қорғаншылыққа, қамқоршылыққа, патронатқа, баланы қабылдайтын отбасыға берілу қажет. Тек осыған ешқандай «мүмкіндік болмаған» кезде жетімханаларға орналастыру көзделген.
Мына жағдайда «мүмкіндік бар»: жалғызбасты ер адам тастанды балаларға қамқор әке болғысы келеді. Алайда мемлекеттік орган – Семей қаласының білім бөлімі баланы отбасыға беруден бас тартып отыр. Бас тартуына Отбасы кодексіндегі аталған норма негіз.
– Бала асырап алу – жалғыз ата-анасы немесе екеуі де қайтыс болған, баласынан бас тартқан, ата-ана құқықтарынан айырылған және олар қалпына келтірілмеген, туыстарына, асырап алынатын баланың анасымен немесе әкесімен некеде тұратын адамдарға баласын асырап алуына келісім берген, сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған не белгісіз болған кезде кәмелетке толмаған балаларды қорғаудың ең жақсы және орнықты нысандарының бірі деп танылады. Бұл кодекстің 84-бабында жазылған, – деп қаперге салды Конституциялық сот.
Бойдақ жігіт әке болып жарыта ма?
Конституциялық соттың бұл шешіміне Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бастаған бірқатар тұлға қарсы шықты. Олар Отбасы кодексіндегі аталған тосқауылдың жойылуы сезікті, жалғызбасты жандардың балаларды асырап алуына жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді.
Мысалы, Конституциялық сот шешіміне қарсылығын білдірген балалар омбудсмені Зәкиева жетімдерді үйленбеген ер адамдарға беруге тыйымды сақтау керектігін айтып, табандады.
–Бұл мәселе талқыға салынғанда мен де, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де наразылық білдіріп, тиісті ұстанымымызды бағыттадық. Оған сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ресми тіркелген некеде тұрмаған ер жынысты тұлғаларға беруге тыйымды заңнамада әрі қарай сақтау қажет, – деді балалар омбудсманы.
Динара Зәкиеваның байламынша, Конституциялық соттың шешімі баршаның орындауына міндетті болғандықтан, бұдан былай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық тетігін қайта қарап, оларды әлсірету емес, керісінше, күшейту қажет.
«Бәлкім, бұдан былай бала асырап алуға құмартқан кандидаттарға талаптарды жоғарылату мәселесін қарастырған жөн болар. Сонымен қатар асырауына бөтеннің баласын алуды қалайтын адамдардан асырап алушы ата-аналардың мектебінде оқудан өтіп, оны толық аяқтап шығуды талап еткен жөн. Мұның сыртында асырап алушыларды Балаларды қолдау орталықтарының бақылап, әрі қарай сүйемелдеп отыруын қарастыру керек», – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Зәкиева.
Құқыққорғаушы Дина Таңсәрінің пікірінше, жалғызбасты, балажан ер адам жетімге жақсы жағдайлар жасай алса, оны тек құптау керек.
«Бірақ сақ болған жөн. Біздің қор қарастырған қорқынышты дерек болды. Түрмеден босап шыққан 35 жастағы күйеуі соққыға жыға берген соң, әйелі қашып кеткен. Үйде 11 жасар қызы онымен жалғыз қалған, көрмеген қорлығы-зорлығы жоқ деуге болады. Ол тек есейген соң бізге жүгінді. Полиция іс қозғады, қылар қайраны болмады: көп жыл өтіп кеткен, ештеңені дәлелдеу мүмкін емес. Бізде білім беру жүйесі және оған жататын қамқоршылық пен қорғаншылық органдары – ең бір жемқорлық жайлаған сала. Жетім балаларды тарататын да солар. Бала асырап алғысы келетіндер кезегінде толық, мерейлі отбасылар да бар. Соларға бірінші беру керек. Жүйе жетімдерді жалғызбасты еркектерге беріп, оның кейінгі тағдырын бақылауға дайын емес», – деді құқық қорғаушы.
Әлеуметтанушы Елена Ходырева Конституциялық соттың шешімі көңіліне жақпағанын, бірақ онымен келісуге тура келетінін айтады.
– Конституциялық соттың шешімі күшіне енді және ол – Қазақстанның бүкіл аумағында жалпыға міндетті. Оған қарсы бірде-бір мемлекеттік орган шағым түсіре алмайды. Осылайша, Қазақстанда бойдақ адамдарға да бала асырап алуға рұқсат етілді. Мемлекет бұл шешімді жүзеге асыру нәтижесінде, жүрегі жаралы жетімдердің бала жәбірлеуді жаны сүйетін қаскөйлердің қолына түсіп кетуіне тосқауыл қойғаны, тиісті тетіктерді әзірлегені жөн. Енді кез келген бойдақ жаппай бала асырап алады деген сөз жоқ. Баланы кімнің асырауына беру мәселесін сот шешеді. Олай болса, үміткердің мінез-құлқын, тәртібін, өмірлік салтын, тұрмыс жағдайларын ескеріп, сот әр жағдайда әртүрлі шешім қабылдайды, – деді әлеуметтанушы.
Асыраушының қаскөй болмауына кім жауапты?
Өз кезегінде сот Отбасы кодексіне сәйкес, асырап алушының мысалы, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адам, гомосексуал, азаматтығы жоқ адам, қылмыскер, наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған адам, педофил немесе ең төмен күнкөріс деңгейінде қамтамасыз ететін кірісі жоқ тақыр кедей болмауын назарға алады.
Ходырева Конституциялық сот айтқан бір жайтқа назар аудартты. Жауапты органдар, соттар баланы асырауға беру кезінде мұның баланың мүдделеріне қаншалықты сәйкес келетінін қарап, соны бірінші кезекте басшылыққа алуы тиіс. Жаңа отбасы, әкесі немесе шешесі баланың дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан толыққанды дамуын қамтамасыз етуі шарт.
Сарапшылар да, Конституциялық сот та бір жайтты нықтады: баланы асырауға беру кезінде ең бастысы – асырап алушының балалы болуға деген қажеттілігі немесе тілек-ниеті емес. Ең бастысы – баланың отбасы ортасында толыққанды даму мен тәрбиелену құқығы. Сол себепті Конституциялық сот өз шешімінде «баланы толық отбасыға беруге басымдық беруді» жүктеді. Яғни, жетімдер бірінші кезекте толық отбасыларға, олардан сұрау, құлшыныс болмаса ғана жалғызбасты адамдарға берілуге тиіс. Сондай-ақ асырап алушылар мен балалар арасындағы психоэмоционалдық байланыс пен бауыр басушылықты ескеру тапсырылды.
«Осыдан кейін жетімдер жалғызбасты педофилдердің қолына түсіп кетпей ме?» деген қауіп қоғамды мазалайды. Әлеуметтанушы жетім балалардың педофилдердің қолына түсу-түспеуі мемлекетке, қамқоршылық-қорғаншылық функцияларын атқаратын мекемелерге, соттарға байланысты екенін ескертті. Бұған жол бермеу үшін олар өз ісіне жауапты қарап, әрбір үміткердің түр-тұлғасын тани білгені маңызды.
«Асырап алынғаннан кейін бала асырап алынғанға дейінгі немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың басқа нысандары (қорғаншылық және қамқоршылық, баланы қабылдайтын отбасы, патронаттық тәрбие, бала қонақтайтын отбасы) шеңберінде қамтамасыз етуге болатын жағдайдан нашар әлеуметтік және өзге жағдайларға түспеуі тиіс. Бала асырап алу жүйесін, асырап алушыларды іріктеуді және асырап алынған балалардың кейінгі тағдырын бақылау жүйесін үнемі жетілдіріп отыру қажет. Сонда балалардың мүдделері барынша жақсы қамтамасыз етіледі», – деп міндет қойды Конституциялық сот.
Қалай болғанда, Қазақстанда бала асырап алуға ниетті адамдар арасындағы гендерлік теңсіздік Ата Заңға сәйкес келмейді деп танылды.
Үкімет 6 айдан кешіктірмей, Мәжіліске Конституциялық соттың қаулысында жазылған құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, бала асырап алу институтын реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізеді. Ол құжат Неке және отбасы кодексіндегі ресми некеде тұрмаған, отбасы құрмаған бойдақ еркектердің бала асырап алуына тыйымды жояды. Мұның арты неге соқтырарын тәжірибе көрсетеді.
Елдос СЕНБАЙ