Париж Олимпиадасының басты алауы тұтанғалы тура бір апта өтті. Әзірге Қазақстан бір алтын, екі қола жүлдемен 25-орында тұр. Үздік үштікке Қытай, АҚШ пен Ұлыбритания жайғасқан.
Бұл бокс бұрынғыдан өзгерек
2,749
оқылды

Ал жанкүйерлер медаль сыңғырын естуге тағатсызданып жүр. Өйткені бокстан 10 лицензия алған соң, жүлденің «иісі» сол жақтан шығатындай көрінген-ді. Алайда жағдай біз күткендей болмады.

Бокстан бәсіміз неге төмен?

Олимпиададағы бокстың жыры бөлек. Ерлер арасында жеті салмақ дәрежесінде бақ сынадық. Ә дегеннен-ақ Асланбек Шымбергенов (71 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (92 келі жоғары) және Махмұт Сабырхан (57 келі) жарыс жолынан шығып қалды. Үшеуінің де ұтылып қалғанына тосылғанымыз рас. Аталған жекпе-жектен кейін ҰОК Париждегі төреші жұмысы туралы шағымданбайтынын айтты. Алайда кейбір сарапшы Қоңқабаевтың жеңілісіне күмәнмен қарайтынын айтты.

Бұдан кейін 92 келіде бокстасатын Айбек Оралбай қарсыласы Лоренцо Альфонсодан (Әзербайжан) жеңіліп қалды. Төрешілер бірінші раундты отандасымыздың пайдасына жазғанымен, қалған екеуін Әзербайжан азаматына берді. Осылайша, қолда тұрған жартылай финалды уыстан шығарып алды. Өйткені Оралбай мұның алдындағы кездесуде айқын жеңіп, жанарында «жеңсем» дейтін жалын барын көрсеткендей еді. Көп өтпей Мұхамедсабыр Базарбайұлы да ширек финалда сүрінді. Сүрінді дегенде көп қазақ келіспейтіні рас. Себебі жекпе-жек кезінде Лаша Гурулидің қасы қанап, мұз басумен әуреге түсті. Біразы Базарбайұлынан жүлде күткені тағы бар. Ол боксты 1/16 кезеңнен бастап, беріспей келген-ді. Бұдан бұрынғы екі айналымда сәтті өнер көрсеткен. Гурулимен айқастан соң жеңілгенін білгенде отандасымыздың өңі қашып кетті. Жарыстан соң журналистерге де бұрылмай, көзіне жас алып, намыстанып өтіп кетті. Осыдан кейін ҰОК төрешілердің атынан PBU-ға шағым түсіргенін ресми мәлімдеді. Иә, тексеру жүргізген соң жекпе-жек қайта өтпейтіні рас. Дегенмен бұра тартқаны анықталса, сол күні төреші болған тұлғалар жұмысынан шеттетіледі. 

Осылайша, ерлер арасында екі боксшымыз жарыс жолын одан ары жалғастырады. Бірі – 51 келі салмақта ел намысын қорғайтын Сәкен Бибосынов болса, екіншісі – 80 келі салмақтағы Нұрбек Оралбай. Бибосынов 1/8 кезеңде түрік Самет Гүмүшқа қарсы шықты. Нағыз жекпе-жек өтіп, Сәкен командаластарының кегін қайтарғандай көрінді. Оның осыдан кейінгі қарсыласы – өзбек оғланы Хасанбой Досматов. Екеуі бір-бірін ала алмай жүрген арлан секілді. Осыған дейін олар үш рет кездесіп, екеуінде өзбек боксшысы басым түскен. Бибосыновқа не бел, не белбеу кетерін ойлап бокстасатын кез келді. Сәтін салып, ары қарай өтіп жатса, кемінде қола медаль қолда деген сөз. 

Ал Нұрбек Оралбай жартылай финалға шықты. Яғни, жеңілген күнде де қола медаль бұйырады. Ол ширек финалда Мұрат Аллахбердиевті айқын басымдықпен жеңді. Оралбай жартылай финалда Доминикан елі өкілі Кристиан Хавьер Пиналеспен жұдырықтасады. Аталған боксшы – Еуропа ойындарының қола жүлдегері.

Қыздарға келсек, бокстан үш жолдама алдық. Бұл – тарихи көрсеткіш. Париж төрінде Назым Қызайбай мүдірмей келеді. Ол бірден фавориттерге қарсы жекпе-жек өткізуге мәжбүр болды. 50 келі салмақтағы Қызайбай алғашқы кезеңде Джиордана Сорретиномен кездесті. 2022 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегерінен жеңісті жұлып алды. Келесі айналымда Пан Американ ойындарының жеңімпазы Каролин Де Алмейдамен қолғап түйістіріп, ширек финалға жолдама алды. Тағы бір отандасымыз Карина Ибрагимова жарыс жолын 1/8 финалдан бастап, Пуэрто-Риколық Лозада Мотта Ашлейанмен жұдырықтасады. Ал 75 келі салмақта сынға түскен Валентина Хальзова Азейна Билонға қарсы кездесу жеңіліп қалды. Көпшілік Хальзовадан жүлде күткен еді. Алайда Париждегі шаршы алаң Қазақстанға мүлде басқа тосынсый әзірлеген сыңайлы...

6-орынға табан тіреді

Айта кету керек, 29 шілде күні сем­сер­лесуден әйелдер арасындағы жекелей сында Әйгерім Сарыбай лайықты өнер көрсетті. Алғашқы кездесуінде алжирлік Чайма Бенадуадан басым түскен. Алайда 1/16 кезеңде француз Манон Брюнеден жеңіліп қалды. Брюне Токио Олимпиадасының қола және күміс жүлдегері, әлем чемпионы еді. Дегенмен Әйгерім фаворитке қарсы жинақы өнер көрсетті. Кездесу нәтижесі 12:15 есебімен аяқталды. 

Ал ерлер арасындағы жекелей сында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов сәтті өнер көрсетті. Әсіресе, Руслан Құрбанов ширек финалға дейін жетіп, жүлдеге жақын жерден жарысты аяқтады. Токио Олимпиадасының чемпионы Каннонға қарсы тамаша ойнап, жеңіске жетті. Алайда ширек финалда жапон Каноға есе жіберді. 

Семсерлесуден ерлер құрамасы жалпы­командалық сайысты 6-орынмен аяқтады. Ширек финалда Мажарстанға есе жіберіп, 5-8 орынды анықтау үшін Мысырмен сынға түсті. Нәтижесінде, жеңіске жетіп, 6-орынға табан тіреді. 5-орын үшін бәйгеде Италияға есе жібергені тағы бар. 

Командалық сын күтіп тұр

Дзюдоға келсек, ерлер арасында 60 келі салмақта алтын, 66 келіде қола медаль алғаннан соң ары қарай жүлдеге қол созудың сәті түспеді. Мәселен, 73 келі салмақ дәрежесінде белдескен Данияр Шамшаев үш ескертумен жарыстан шығып қалды. 81 келіде татамиге шыққан Абылайхан Жұбаназар да алғашқы кездесуде жеңіліп қалды. Ал 100 келіге дейінгі салмақта күрескен Нұрлыхан Шархан екінші айналымда жарысты аяқтады. Дегенмен көзіне от, кеудесінде жалын барын көрсетті. 1/8 кезеңде өзбек балуанына айласы өткенімен, әлі келмей қалды. Алдынан жарқын жол күтіп тұрған жас саңлақ екенін дәлелдеді. Бірнеше күнге созылған сәтсіз сериядан кейін, Нұрлыханның белдесуін көрген жанкүйерлер дән риза болды. 

Ал қыздар арасында 48 келідегі Әбиба Әбужақынованың жарысты 5-орынмен аяқтағаны есімізде. 63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Есмигүл Куюлова мен 78 келідегі Кәмила Берліқаш бірінші айналымнан жарысты аяқтады.

Бұдан бөлек, жүзуден сынға түскен Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде жартылай финалға шыға алмады. Жалпы қорытындыда 29-орын алды. Ал 100 метрге еркін әдіспен жүзуде 41 орын алды. Осымен Мусин үшін Париж Олимпиадасы аяқталды. 

Жеңіл атлетикада ел сенім артқан Надежда Дубовицкая іріктеу кезеңінде сүрінді. Тағы бір спортшымыз Елизавета Матвеева сәтсіз өнер көрсетті. Спорттық гимнастикада бағын сынаған Милад Карими болса жекелей көпсайыста 24 орын алды. Енді ол еркін жаттығу бойынша 3 тамыз күні финалда өнер көрсетеді. Сол күні Нариман Құрбанов гимнастикалық ат снарядындағы жаттығу бойынша финалдық жарысқа қатысады. Елжана Таниева болса, Испания құрамасымен жаттығу жиынын аяқтап, көркем гимнастикадан ел намысын қорғау үшін Парижге аттанады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ