Қазіргі уақытта тасқын өтінде болған Жылыой, Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласында бұзылған жолдарды қалпына келтіру, көпір салу, баспанасы суға кеткендерге жаңа үй тұрғызу, өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Қызылқоғалықтар 100 пайыз өтемақы алды
Су тасқынынан зардап шеккен қызылқоғалықтарға өтемақы 100 пайыз төленді. Белгілі болғанындай, келтірілген нұқсанды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияға 70 өтініш түскен. Оның қорытындысы бойынша, зардап шеккен 58 шаруа қожалығы мен 12 жеке тұлғаның қырылған 191 малына жергілікті және облыстық бюджеттен, сондай-ақ демеушілердің есебінен барлығы 61 млн 772 мың 062 теңге өтемақы төленді.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, арнайы құрылған комиссияға 31 тұрғын үй иесінен өтініш түскен.
– Оның ішінде 7 тұрғын үй құжатының жоқ болуына байланысты кері қайтарылып, 24 өтініш қанағаттандырылды. Тұрғындардың шығынын техникалық бағалаушылар есептеді. Нәтижесінде, 6 тұрғын үйге жөндеу жұмысы жүретін болды, ал 18 тұрғын үй апаттық деп танылды, – деді Қ.Әзмұханов.
Аудан әкімі бағалау жүргізуші мамандардың қорытынды хаттамаларын таныстырды. Өтініштеріне сәйкес 4 тұрғын үй сұраса, 20 азаматқа бағалау нәтижесіне сай баспананың қаржысы өтелді. Соған орай қазіргі уақытта Қоныстану ауылынан – 3, Миялы ауылынан 1 үйдің құрылысы жүруде.
Шаруа Сүйеуғали Дүйсәлиевтің айтуынша, төленген өтемақы құнына шаруасын ұлғайтып, мал санын көбейтпекші.
– Ертерек қамданып, малды биік жерге шығардық, десек те санаулы мал шығыны бар. Атап айтсақ, 16 қой, 3 сиыр, 3 жылқы суға кетті. Комиссия келіп, суретке түсіріп, тексерді. Шығынымызды есептеп, өтемақы тағайындады. Мөлшері көңілімнен шықты. Үйіміз де пайдаға жарамсыз болып қалды, оған да төлем алдық, – деді С.Дүйсәлиев.
Бұдан бөлек, биыл Қызылқоға ауданында 11 спорт алаңы пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін қолданысқа берілетін спорт алаңдарының құрылысы Қарабау, Көздіғара, Ойыл, Жамбыл, Тасшағыл, Тайсойған ауылдарында жүріп жатыр. Ал Миялы ауылынан – 3, Сағыз ауылынан 2 жаңа спорт алаңын салатын мердігер мекеме осы айда анықталып, құрылысы басталады деген жоспар бар.
Индердегі ахуал қандай?
Жайықтың «үлкен суын» алғаш болып қабылдаған Индер ауданында тасқын су салдарынан көптеген шаруа қожалығы, егін алқаптары жапа шекті. Ресми мәлімет бойынша, Индер ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан 17 гектар екпе шөп, 2 гектар жеміс ағашы, 6 мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың қыстақ және қоражайлары зақымданды.
«Қауіпсіздік шараларын алдын ала қолданудың нәтижесінде мал шығыны болмады. Қазіргі уақытта аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары аталған шаруаларға келтірілген залалды айқындау жұмыстарын атқаруда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен қағидалары бойынша арнайы комиссия құрылып, акт жасалып, есебі жүргізіледі. Шаруа қожалық өкілдерінен өтінімдер қабылданып жатыр», – дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мамбетқали Құсайынов.
Дегенмен тасқын уақытында су жарған жолдар тұрғындарға кәдімгідей қолайсыздық туғызған болатын. Қазіргі уақытта Индер ауданында бүлінген жолдарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ұзындығы 27,4 шақырым жол салу жұмыстары жүруде. Индер ауданының ресми өкілі Әли Жайшылықтың айтуынша, қазір Индер кентінің Шығыс ықшамауданына 5 шақырым, Болашақ мөлтекауданына 12 шақырым, Индербор кентішілік 10,4 шақырым автомобиль және жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары басталды.
«Индербор кентін толықтай асфальттау жоспарланған. Қазір жол түсетін көшелерде жердің беткі қабаты алынып тегістелуде. Ары қарай кезеңімен инертті материалдар төселіп, асфальт салынады», – дейді спикер.
Сонымен бірге тасқын кезінде су басып кеткен «Атырау–Индер» тасжолының 50 шақырымына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыстық маңызы бар «Атырау–Индер» тасжолының (Жайық өзенінің сол жағы) 117-167 шақырым арасындағы жөндеу жұмыстарына мердігер мекеме «Теміржол Құрылыс Атырау» ЖШС тартылуда.
«Қазіргі уақытта жолдың беткі қабаты алынып, айналма жол салу жұмыстары жүруде. Мұнда 14 арнайы техника мен 25 адам жұмылдырылды», – деді Индер ауданының ресми өкілі Әли Жайшылық.
Оның айтуынша, осы жылдың аяғына дейін көлік қозғалысына мүмкіндік жасау жоспарланған.
Құлсарының «екінші тынысы»
Тасқыннан зардап шеккен Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында ахуал тұрақтанып келеді. Атырау облысы әкімдігінің ресми өкілі Руслан Жұмағазиевтен білгеніміздей, тәуелсіз бағалау комиссиясы су тасқынынан зардап шеккен 2 650 отбасына өтемақы төлеу туралы шешім шығарған.
«30 шілде күнгі мәлімет бойынша, 2 633 тұрғын өтемақы алуға келісімге қол қойды. Оның ішінде, 1 453 үй апатты деп танылды. 1 180 адам жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін өтемақы алды», – деді Атырау облысы әкімдігінің ресми өкілі Руслан Жұмағазиев.
Қазір Құлсарының Болашақ мөлтек ауданында тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін 100 үй салынып жатыр. Қарқынды жүріп жатқан тұрғын үй құрылысы қыркүйек айында аяқталады. Атырау облыстық Құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың айтуынша, бір тұрғын үйдің іргетасы монолитті құйылмалы темір бетоннан, сыртқы қабырғасы 40 см, ішкі қабырғасы 20 см болатын ақ тастан салынады. Ал сыртқы қасбетіне декоративті полифасад орнатылса, төбе жабындысы металл төсеніштерімен жабылады. Жұмыс жүріп жатырған учаскеде құрылыс материалдары жеткілікті.
– Қазір жалпы аумағы 100 шаршы метрлік үйлердің 77-сінің іргетасы құйылды, 62-сінің қабырғасы қаланды, 12-сінің төбе жабындысы жабылуда. Құрылысқа жергілікті 8 мердігер мекеме және 209 жұмысшы жұмылдырылды. Үйлер қыркүйекте бастап беріледі, – деді спикер Ернар Қадырбай.
«Мектеп қазіргі заманғы барлық оқу жабдығымен жабдықталады. Оқушылар үшін футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңы, 250 метрлік жүгіру жолы, теннис корты, гимнастика сабақтарына арналған аймақ, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына арналған түрлі спорт түрлері мен сабақтарға арналған спорт алаңдары салынады. Барлық зал арнайы спорт жабдықтарымен қамтамасыз етіледі», – дейді спикер Ернар Қадырбай.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтіліп отыр.
Тағы бір атап өтерлігі, Жылыойда су шайған жолдар қалпына келтірілуде. Жылыой ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекет Бозжігітовтің айтуынша, бүгінде ұзындығы 12,1 шақырым жолдың 4,2 шақырымы төселді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбеталиев су тасқыны кезінде бүлінген республикалық маңызы бар «Атырау–Доссор–Құлсары–Бейнеу» тасжолы да қалпына келтіріліп жатқанын айтты.
Балық қырылып жатыр
Тасқыннан кейінгі Махамбет ауданы, Атырау қаласында да жаға тазалау, зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүргізілде. Алайда өр суының тартылуы қазір канал маңында пайда болған көлшіктерге ауа жетіспей, балықтың қырылуына алып келіп жатыр. Балық қырылу деректері бірнеше каналда тіркеліп отыр. Мәселен, күні кеше мамандар «Сарыөзек» арнасында 600 келіден астам шабақты құтқарды. Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Махамбет ауданы әкімдігімен бірлесіп, Талдыкөл ауылының маңындағы «Сарыөзек» арнасынан шабақтарды құтқаруда. Оған 20-дан астам қызметкер мен ауыл тұрғындары, бес техника жұмылдырылды.
Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсиннің айтуынша, биыл маусымнан бастап облыста 49 млн-нан астам шабақ құтқарылған. Осындай жағдай Атыраудағы Теплый каналында да тіркелді. 30 шілдедегі мәлімет бойынша, Теплый арнасында су температурасы 39,5 градус, оттегі мөлшері 6 мл/дм3 көрсетті. Зерттеу барысында көктемгі су тасқыны салдарынан Жайық өзені арнасынан асып, төгілген өзен суы Соколок арнасына түскені анықталды. Осы тасқын сумен бірге Соколок арнасы арқылы балықтар төгіліп, Теплый арнасына түскен.
– Балық өлімінің болжамды себебі – Теплый арнасындағы су температурасының жоғарылауына байланысты суда оттегінің болмауы. Өлген балықтың жалпы салмағы 28,5 келі, Атырау облысы бойынша экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін су сынамаларын алды, – дейді Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашев.
Қалай десек те, тасқыннан алған сабақ көп. Каналдарды тазарту, Жайық өзенінің түбін тереңдету, Каспийдің сағасын тереңдету, каналдардың бойын абаттандыру, су қоймаларын салу сияқты жұмыстар кезек күттірмей атқарылуға тиіс.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы
Тұтас елді дүрліктірген су тасқыны биыл халықты орасан зор шығынға батырғаны рас. Жүздеген елді мекенді су шайып, мыңдаған халық баспанасыз қалды. Жылдар бойы бар тапқан-таянған дүние-мүлігінен бір-ақ сәтте айырылып, қу тақырға отырып қалғандар да болды. Тасқын судың салдарын жою және баспанасы мүлде жарамсыз күйге түскен жандарға баспана салу мемлекеттік деңгейде көтерілді. Әрине, бұл орайда бюджеттің бүйірінен бөлінетін көмектен бөлек, еліміздің барлық аумағында ірі компаниялар мен қалталы азаматтардан да қомақты қаржы бөлінді. Арнайы қорлар ашылып, оған жұрттың қолда барымен жылу жиналды.
Бірақ тасқынға тосқын қою мұнымен түпкілікті шешіле қоймайтыны рас. Себебімен емес, салдарымен күресетін «әдеттен» әлі күнге арыла алмай келеміз...
Түйткілді жағдай Ақмола облысын да айналып өткен жоқ. Тасқын судың тұтас елді мекендерді басып қалуына бірінші кезекте өңірдегі барлық аудандардағы тоғандарда салынған гидротехникалық құрылымдардың әбден тозығы жетуі себеп болды. Әбден тозған өзен арналарына салынған бірнеше гидротехникалық бөген арқырап аққан тасқын судың екпініне төтеп бере алмады. Осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ апатты жағдайда деп танылған бөгендерге жөндеу жұмыстарының дер уақытында жүргізілмеуі кесірін тигізді. Атап айтқанда, Аршалы ауданындағы «Батпакөл», Астрахан ауданындағы «Қызыл жұлдыз», Бурабай ауданында «Веденовка», «Кенесары», «Щучинск» саяжайлары, «Фроловское», Бұланды ауданында «Иванков», Есіл ауданындағы «Соленая балка», «Чапаевская-2», Сандықтау ауданындағы «Максимовское», Шортанды ауданындағы «Дамса» және «Негізгі» гидротехникалық құрылымдары тасқын суға төтеп беретін қауқары болмады. Жалпы, облыс аумағында 90-ға тарта су тоғаны болғанымен олардың басым бөлігі тасқын суды жинауға жарамсыз күйде екені белгілі болды. Мәселен, тек Қорғалжын ауданында гидротехникалық 5 құрылым әлдеқашан санаттан шығарып тасталуы тиіс болғанымен сол күйі қала берген.
Сонымен, тасқыннан кейінгі өңірде болған теперішке толы тіршілікке шолу жасап көрейік. Тасқын су кезінде өңірді басып өтетін 25 өзен 11 мыңнан астам адам тұратын 95 елді мекенге қауіп төндірген. Оның ішінде Жабай, Нұра, Есіл сияқты жыл сайын жағалауындағы елді мекендерді жайпап кететін өзендерден келетін қатер аса жойқын болды. Жылда көктем уақытында қарғын судан дәл сол елді мекендер жапа шегетіні, қай өзеннің қай жерден таситыны белгілі болса да, өзен арналарын тазарту әрі тереңдету жұмыстары сылбыр жүрген. Мәселен, Жабай мен Нұра өзендерінің аңғарларын кеңейту, таяз тұстарын тереңдету 2021 жылы-ақ жоспарланғанымен, сараптама қорытындысы араға үш жыл салса да жүзеге асырылмаған. Осының салдарынан Атбасарда жүздеген үй су астында қалып, бірнеше жыл қатарынан баспанасынан айырылған елдің қатары көбейіп тұр. Атбасар қаласы мен Борисовке селосында өзеннің сағасын тереңдету жобасы басталғанымен, сол күйі мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген болып шықты.
Тағы бір жаға ұстатарлық жағдай, өңірдің ең ірі қалаларының өзінде іске шалағайлықтың салдарынан болған. Атап айтқанда, Көкшетау, Степногор және Қорғалжын аудандарында апат жайлы хабарландыру жүйесінің сапасы сын көтермейді. Жалпы, аймақта түгелдей қамтамасыз ету үшін 278 арнайы дабыл құрылғысы қажет болып шықты. Әсіресе, Бурабай, Зеренді, Атбасар және Целиноград аудандарында дабыл құрылғыларына тапшылық басым.
Зардап шеккендерге баспана берілді
Аймақта топан судың салдарынан алғашқылардың бірі болып төтенше жағдай жарияланған елді мекен облыс орталығы Көкшетау болды. Тасқыннан кейін арнайы құрылған комиссияның тұрақты жұмысымен қалада баспанасы жарамсыз күйге түскен тұрғындар толықтай жаңа жеке пәтерлеріне көшті деген ақпарат тарады. Баспана жаңадан салынған және бұрын салынған үйлерден тұрғындардың өздері таңдау арқылы берілген. Жалпы, облыс орталығында 90 адам үйсіз қалған. Жергілікті атқарушы билік бұл орайда «Асар Ақмола» қоғамдық қорының көмегі, сондай-ақ еріктілер, қоғам белсенділері, депутаттар мен журналистердің еңбегі зор болғанын атады.
Облыс бойынша қор қаржысының есебінен дүние-мүліктері мен баспанасынан айырылып қу тақырда қалған 211 отбасыға пәтер алынған. Жалпы көлемі 2,2 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Дәл осы отбасыларға 198,3 миллион теңге сомасында қаржылай көмек те берілген. Өңірде барлық зардап шеккен азаматтар бірреттік әлеуметтік төлем алған. Сондай-ақ мүліктік шығындар да біртіндеп болса да өтеліп жатыр. Қазіргі сәтке дейін облыс аумағында 554 отбасы шамамен 70 миллион теңге сомасында өтемақы алған. Облыс аумағында 1 300-ге жуық тұрғын үйге зақым келгені анықталды. Жергілікті билік өкілдері тасқын судан жапа шеккен адамдарға жаңадан үйлер салып, пәтерлер сатып алынатынын жеткізген. Расында да, жаңа құрылыстар бой көтеріп келеді. Мәселен, Көкшетау қаласында бірнеше ескі үй тасқын судың екпінінен жермен-жексен болған еді. Тасқын судан бұрынғы монша ғимараты да бұзылған. Қазір аталған жерде жаңа көп қабатты тұрғын үй салына бастады.
Әрине, тасқын су келер жылы, тіпті одан арғы жылдары дәл осылай қайталанбасына ешкім де кепілдік бермейді. Сондықтан тұрғындарды су тасқыны қаупі басым өзен арналарына жақын жатқан жерден көшіру мәселесі – аса өткір тұрған жайт. Бұл орайда аймақта Атбасар кері жағынан санағанда көш бастап тұр. Қаланың дәл іргесіндегі Жабай өзенінің жылда тасуының салдарынан 2017 жылдан бастап қалада зардап шеккендерге тұрғын үйлер салына бастаған. Қазір мұнда екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға таяу. Тағы бір 100 пәтерлі баспананың қазығы қағылып, жұмыс басталып кеткен.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов кезекті жиында тұрғын үйлердің бірін 1 тамызда, екіншісін 15 тамызда, үшіншісін жыл соңына дейін пайдалануға бері жоспарланғаны аталды. Сонымен, жалпы Атбасарда 345 жаңа пәтер берілмек. Бұл үйлерге алдағы уақытта Жабай өзенінің жағасында орын тепкен үйлердің тұрғындары қоныстандырылмақ.
Өңірдегі тасқын судан асау ауыр зардабын тартқан ауданның бірі – Бұланды ауданы болды. Мұнда Вознесенка, Иванков, Капитоновка, Журавлевка сияқты елді мекендердің бірнеше баспанасы түгелдей жарамсыз күйге түскен. Қазір ауданда 56 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бірнеше ауылы су тасқынынан «аралға» айналған Жарқайың ауданында 30 жеке тұрғын үй, сондай-ақ Есіл ауданында жапа шеккендерге арнап 21 баспананың құрылысы басталған. Жаңа үйлердің бәрі де тасқын су енді мазаламас үшін қыр үстіне тұрғызылмақ. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, аталған баспананың барлығы алдымыздағы тамыз бен қыркүйек айларында пайдалануға берілуге тиіс.
Әділдік – басты ұстаным
Пәтерлерді баспанасынан айырылған адамдарға бөлу кезінде ең маңызды критерий – заң мен әділдік басшылыққа алынуға тиіс. Тұрғын үй комиссиясы да барынша заңға сүйене отырып жұмыс жүргізуі қажет. Пәтерлерді бөлуге кіріскен тұрғын үй комиссиясына облыс әкімі осындай ескерту жасаған. Сондай-ақ үйдің көлемі дәл сондай аумақтан емес, егер бұрынғы тұрғын үй отбасы құрамына сәйкес келмесе, өзгерткен жөн екенін жеткізді.
– Қазір өңірде пәтерлер зардап шеккен адамдарға беріле бастады. Мұнда біз ең алдымен заңдылық пен әділеттілікті ескеруге тиіспіз. Біз әдетте шаршы метрге дәл сондай шаршы метр көлемінде баспана береміз. Дегенмен көп отбасы өте тар баспанада тұрып келген болып шықты. Осыған байланысты мен комиссияға сол үйде тұрып жатқан адамдардың санын ескере отырып қарауды тапсырдым. Біз қатып қалған қағидамен емес, адамдардың жағдайын іс жүзінде қарап отырып жұмыс істеуге тиіспіз деп санаймын. Мәселен, алты адам 40 шаршы метр баспанада тұрса, оған бір бөлмелі пәтер берілмек. Жоқ, бұған жол бермей, іс жүзінде, заң аясында сол адамдардың жағдайын жақсарта алатындай етіп салу қажет. Егер мүмкіндік болып жатса, тұрғын үй комиссиясы жапа шеккен адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға көмектесуге тиіс, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Топан судың салдарынан тек баспаналар ғана емес, тұтастай инфрақұрылым, елді мекен жолдары, жарық бағандары мен желілер, мемлекеттік және жекеменшік ғимараттарға зақымданды. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкіметтен бұзылған дүниелерді қалпына келтіруге қаражат бөлінуі күтілмек.
Келешекте қапы қалмау үшін...
Жұмыс жүргізудегі аса өзекті әрі ең басты мәселе – алдағы жылдары дәл осындай жағдайдың қайталанбауы үшін нақты әрекет ету міндеті тұр. Бұл үшін аймақта сарапшылардың шақыртылуымен мұқият талдау жасалған. Мәселен, Атбасар ауданында Жабай өзенінің жағасындағы көтерілген бөгендерді нығайту және арнасын тазарту үшін көпфункциялы жер снаряды сатып алынады. Оның өнімділігі тәулігіне 120 метрге дейін 8 метрге дейін тереңдетуге қабілетті. Қазіргі уақытта негізгі жабдығы сатып алынып, құрастыру жұмыстары басталып кеткен. Қалқымалы снарядтың қалған жабдықтары Ресейден жеткізілмек. Құрылғы коммуналдық қызметтің меншігіне беріліп, одан кейін Көкшетау қаласында Қылшақты өзені мен Қопа көлінің арнасын тазартуға қолданылмақ.
Жергілікті билік Атбасар қаласы шекарасында заманауи шлюздер орнату жобасын жүргізуді қолға алмақ. Өйткені тасқын кезінде еріген қар суы мұнда негізінен Жақсы ауданы жағынан жазық даладан келіп, Жабай өзеніне өтіп, одан әрі Есілге құяды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жергілікті резервтен шлюздерді сатып алуға 80 миллион теңге қаржы бөлінбек. Бұл су тасқыны кезінде ағын судың өту қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өзен жағасындағы үйлердің суға кету қаупін төмендетуге әрі су тасқынының ауыр салдарын болдырмауға ықпал етуі тиіс. Шлюздер биыл қызыл судың құрсауында қалған бірінші мектеп, Макарин көшесінің бойы және Май тоғаны тұсына орнатылмақ. Шлюздер ағын суды өткізу қабілетін екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Су тасқынына қарсы шаралар Целиноград ауданына қарасты Қоянды және Талапкер ауылдарында да жүргізіле бастаған. Мұнда ерігер қар суын елді мекеннен бұрып әкететін канал салу жоспарланған. Талапкер ауылында жұмыстар басталып, жақын арада Қоянды ауылында да іске кірісу көзделіпті. Жергілікті биліктің мәліметінше, аталған жұмыстар демеушілік есебінен бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта «КГС Сауда» құрылыс компаниясы 300 миллион теңге қаражат бөлген. Жалпы, аймақта су тасқынына қарсы 400-ге жуық іс-шара жоспарланғаны хабарланды.
Тасқынның жолындағысын жайпап кететінін көзімізбен көрдік. Жергілікті билік те, халық та ендігі кезекте бейқам тірліктің әрі әрекетсіздіктің салдары ауыр екенін ұғуға және өткен қателіктерден сабақ алуға тиіс.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы